Алматыда алдағы уақытта ірі жер сілкінісі бола ма?
Жаңа сейсмикалық құрылғылар алынды
Айта кетсек, жыл басында Алматыда екі ірі жер дүмпуі болып, елді алаңдатып қойған еді. Одан бері сейсмологиялық ахуалдан қандай өзгеріс болғанын ҚР ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының орынбасары Елизавета Есенжігітова айтып берді.
«Ия, Алматы қаласында осы жылдың басында 2 жер сілкінісі (ЖС) сезілді. Бұл ЖС ошағы Алматы қаласында немесе еліміздің аумағында болған жок, транзитті ЖС. Яғни, қаңтар айындағы ЖС ошағы Қытай елінде, наурыз айындағы ЖС ошағы Қырғыз елінің территориясында тіркелген. Жалпы алғанда Алматы қаласының орналасқан жері Орта Азиядағы өте сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан бұл ЖС осы өңірдің фондық режимі болып саналады, яғни, бұл аймақта осы күштегі ЖС жиі болып тұрады деген сөз», - дейді ол.
Елизавета Есенжігітова жер сілкінісінің болатынын алдын ала білу қазіргі таңда өте күрделі мәселе екенін алға тартады.
«Қолымыздағы мәліметтерді пайдалана отырып жалпы орта мерзімді болжам жасауға тырысамыз, онда да тек ірі, қандай да қауіп-қатер тудыратын ЖС. Біздің нәтижелер 100% болжам бола алмайды. Зерттеу, бақылау жүргізіп отырған аймақ азғантай ғана, мәліметтер жеткіліксіз. Біз емес тіпті дамып кеткен алпауыт мемлекеттердің өзі болжаудан бас тартты. Мысалы ЖС көп болатын Жапон және Қытай елдері. Оларда тек мониторинг жүргізіп жатыр.
Біздің ғылыми орталық әр жаңа жылдың басында алдағы жылға еліміздің сейсмикалық ахуалы жайлы сейсмикалық ғылыми қорытынды жасайды. Жылдың ортасында бұл мәліметтер жаңартылады. Бұл мәліметтер қызметтік қолданулар үшін директивті органдарға жіберіледі. Толық мәліметтерді келтіре алмаймын бірақ қорытынды нәтижесінде елімізде биыл адамдарға зиян келтіретін ғимараттардың бұзылуына әкелетін ірі жер сілкіністері (М 5,5-тен жоғары) күтілмейді», - дейді сейсмолог.
Сонымен қатар ол «жер сілкінісін үй жануарлары ерте біледі екен, олармен тәжірибе жасап көрдіңіздер ме?» деген сауалымызға былай жауап берді:
«Біздің орталықта жануарлардың ЖС кезіндегі іс-қимылдарын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Біз бұл бағытты сақтап калғанымызбен, қажетті мөлшерде сақтап қала алмадық және тек Алматы қаласын бақылау үшін ғана бірнеше бақылау пунктеріміз бар. Зерттеулер жалғасуда. Осы ЖС кейін де сауал жүргізіліп нәтижесі сараланды», - деді маман.
Сондай-ақ ол сейсмологиялық құрылғылар ескіргенін, дегенмен қазір жаңартыла бастағанын айтты.
«Жаңа сейсмикалық құрылғылар алынды, кейбірі жаңғыртылып жатыр. Бақылау пунктері көбейіп, одан түскен мәліметтер зерттелуде. Тек келесі күрделі мәселе кадрлар жетіспеушілігі болып отыр», - дейді Е. Есенжігітова.
Фото: Алматы қаласы ТЖД