Алматыдағы қашқын кәсіпкерге қатысты жаңа эпизод: Беловичтің өкілі мәлімдеме жасады

Алматыда қашқын кәсіпкер Лилия Аношинаға байланысты жаңа оқиға тіркелді. Оның қызы, Австрия азаматы Лара Эртль қалалық полицияға арыз түсіріп, өзіндік дәлел ретінде «қоқан-лоқы» естігенін көрсететін аудиожазба ұсынды.
Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Алайда Аношина ісіне тартылған ірі кәсіпкер Александр Беловичтің өкілі бұл жазбаны «жалған» деп атады. Оның айтуынша, аудиодағы дауысты арнайы нейрожелі арқылы қолдан жасап, үстіне интернеттегі дыбыстық эффект жапсырылған. Бұны Эртльдің өзі де растаған.
«Бұл арандатудың басты мақсаты – ірі көлемде ақша бопсалау. Осыдан бір жыл бұрын Аношина дәл осындай әрекетке барып, менің сенім білдірушіме өз поштасынан (lianoshina@proton.me) қоқан-лоқы хабарламаларын жіберген», – деді адвокат.
Айта кетейік, Лилия Аношина Қазақстанда алаяқтық пен бопсалау ісі бойынша сырттай айыпталып, халықаралық іздеуде жүр. Бұл істердің жәбірленушілерінің бірі – кәсіпкер Александр Белович.
Сонымен қатар, жуырда Монако соты даулы қарыз ісі бойынша шешім шығарып, Аношина мен қызы Лара Эртль бизнесменге қайтаруға тиіс ірі көлемдегі займды өтемегенін анықтады. Сотта ұсынылған «қарызды кешіру» құжаты сарапшылар тарапынан жалған деп танылды.
Беловичтің өкілі қоғам мен БАҚ өкілдерін тек ресми құжаттар мен сот шешімдеріне сүйенуге шақырып, жалған ақпарат таратпауға үндеді.

Ең көп оқылған
