«Апат орнына 2 минутта жеттік». Ұшақ апатында жолаушыларды құтқарған электрик көргенін айтып берді
Нұралы Шопанов әріптестерімен бірге марапатталды

Ақтау маңында болған ұшақ апатында жолаушыларды құтқаруға бірінші болып жеткен электр желісі қызметкерлерінің бірі Нұралы Шопанов көргенін айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, ұшақ құлаған кезде дереу өз көліктеріне отырып, апат болған жерге шамамен 2 минутта барған.
Барған кезде көргеніміз, адамдар қысылып шыға алмай қалған. Кейбірі айғайлап, көмек сұрап жатқандары болды. Соларға дереу көмегімізді көрсеттік. Ойымыз аман қалғандарды шығару болды. Ұшақтың артқы бөлігі жарылып кетеді деген қорқыныш та болды. Бірақ оны ойламай, ұжымымызбен бірауыздан тезірек аман қалған адамдарды құтқарумен болдық, дейді ол.
Одан кейін аман қалған адамдармен де, туыстарымен де кездесе алмаған. Дегенмен, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, «МӨЭК» акционерлік қоғамының Ақтау электр желілер ауданының шебері Нұралы Шопанов өзге әріптестерімен бірге «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Марапатталғанымызға қуаныштымыз. Мемлекет басшысының өзі табыстап жатыр. Сол күні болған оқиғаны марапат үшін емес, әркім өзінің азаматтық борышы үшін жасады деп ойлаймын, дейді Нұралы Жүсіпұлы.
Фото: Malim.kz
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
