Ақордада еліміздің үздік оқушыларына экскурсия ұйымдастырылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің әр өңірінен келген оқушылар Ақорда резиденциясына арнайы шақырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қонақтар қатарында оқу озаттары, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері, сондай-ақ батылдығымен ерекшеленген балалар болды. Сонымен қатар көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан, ерекше қажеттіліктері бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да экскурсияға қатысты.
Олар Ақорданың салтанатты холын, ресми қабылдаулар өтетін залдарды, Президент кітапханасын және резиденция аумағындағы бақты аралады.
Экскурсоводтар ғимараттың архитектурасы, құрылысы және мұнда өтетін іс-шаралар туралы мәліметтермен таныстырды.
Балаларға Мемлекет басшысы атынан естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен бірге елорданың көрікті жерлерін аралау мүмкіндігі де ұсынылды.
Бұл шара «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында өткен онкүндіктің бір бөлігі болды. 22 мамыр мен 1 маусым аралығында ұйымдастырылған іс-шаралар отбасылық құндылықтар, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, денсаулық пен білім беру мәселелеріне арналды. Еліміз бойынша түрлі спорттық турнирлер, көрмелер, қайырымдылық акциялары, дәрігерлік қабылдаулар мен цифрлық қауіпсіздікке арналған күндер өтті.
Фото: Ақорда

Самое читаемое
