457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Атыраулық қыз марқұмдардың жалғанған кірпіктерін алып, жерлеуге көмектеседі

Табысын да айтты

Атыраулық Ақөрік Изимбаева жалғанған кірпік жабыстырған күйі жан тапсырған мәйіттердің жалған кірпіктерін алып, арулап жерлеуге көмектеседі. Кейіпкер Stan.kz-ке берген сұхбатында мұндай іспен айналысуға не себеп болғанын баяндады. 

Кейіпкеріміздің азан шақырып қойылған аты – Ақөрік. Алайда жақындары кішкентай күнінен Латифа деп атайды. Әлеуметтік желідегі парақшасында да осы лақапаты көрсетілген. 24 жастағы Атырау тұрғыны негізі – лэшмейкер (кірпік маманы). Бірақ қазір бұл іспен тұрақты түрде айналыспайды. Тек ерекше өтініштер түскен кезде саймандарын қолға алады.

“Марқұмдардың жалғанған кірпігін мұқият, қинамай  алып беремін деп өз парақшамда жазған едім. Бірақ оған жұмыс немесе кәсіп ретінде қарамаймын. Марқұм болған  адамдарға және оның ағайындарына көмек болсын деген мақсатта жаздым. Дәм тұзымыз қашан, қай уақытта, қалай таусылатынын білмейміз. Сондықтан солай қолымнан келетін жұмысты көмек ретінде ұсындым. Көбіне шеберлер мұндай өтініштерді қабылдамайды. Содан соң марқұмның жақындары амалсыздан өздері мәйітті қинап алып жатады. Мәйітті өйтіп қинауға, кесуге, жұлқылауға болмайды. Менің негізгі мақсатым – марқұмды қинамай, шариғатқа сай соңғы сапарға аттандыруға атсалысу”, – дейді.

Латифаның айтуынша, мұнда бастысы – таза ниет, марқұмға соңғы құрмет. Ол осы уақытқа дейін өзі секілді шеберлерді әлі кезіктірмеген. Қызметім үшін де алатын ақым ақылға қонымды дейді ол.

“Ақысына келер болсам, уақытыма, жолыма, еңбегіме ғана аламын. Қаланың сыртында тұрамын. Барып келуімнің өзіне 6000 теңге шамасында кетеді. Төлемді уақытқа, мәйіттің  жалғанған кірпігінің жағдайына қарай аламын. Адамдар әртүрлі жағдайда қайтыс болады, сондықтан нақты айта алмаймын. Бірақ 15-20 мың аралығы, одан артық емес. Тән –  бізге берілген аманат, оны лайықты тапсыру қажет”, – дейді Латифа.

Ол қызмет көрсету кезінде санитарлық нормалардың сақталуы өте маңызды екенін атап өтті. Кейіпкеріміздің бұл ісін алғашында жақындары қабылдай қоймаған. Десе де жақсылап түсіндірген соң керісінше қолдаған.

“Негізгі жұмысым – массаж . Ал кірпікті алуды жұмыс ретінде емес сауап, көмек ретінде жасаймын”, – дейді кейіпкеріміз.

Айтуынша, мәйіттермен жұмыс істеуден қорықпайды. Тек адамдардың өзі туралы ойларын мен сөздерін ауыр қабылдағанын жасырмады.

“Маған бұл жұмыс психологиялық тұрғыдан еш ауыр болмады. Тек “бизнес жасап жүр”  деп ойлайтын адамдардың ойлары жүрекке тиеді екен. Бірақ бойымда қорқыныш сезімі мүлдем болған емес. Аллаһ Тағала маған ештеңеден қорықпайтын жүрек берген, сол жүректі керек жерінде сауапты жұмысқа арнағым келеді”, – дейді Латифа Изимбаева.

Фото: Іnstagram.com/latifa_isimgali