Бишімбаев ісін қараған судья жаңа іске кірісті

Экс-сенатор Қайрат Қожамжаровтың бұрынғы бағыныштысы Улан Мадиевке қатысты азаптау ісін атышулы істерді қараған судья Айжан Құлбаева қарайтын болды, деп хабарлайды Malim.kz КазТАГ-қа сілтеме жасап.
Сот кабинетінде жарияланған ақпаратқа сәйкес, қылмыстық істің тараптары: Бекболат Мейрамбеков, Улан Мадиев, Талғат Абдрахманов және Қасым Әубәкіров. Істі қарайтын судья — Құлбаева Айжан Әділқызы.
Айта кетейік, ол бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты істі қарауымен танылған.
Мәліметтерге қарағанда, Құлбаева бұл істің материалдарын 18 сәуір күні алған. Ал алғашқы сот отырысы 28 сәуірге жоспарланған. Іс материалдары жариялауға жатпайды.
Еске салайық, 2023 жылдың 11 желтоқсанында KazTAG Улан Мадиевтің ұсталғанын хабарлаған еді. Ол кезде «Хоргос ісіне» байланысты жаңа деректердің анықталып жатқаны айтылды. Тергеу барысында бұрынғы финпол қызметкерлеріне, оның ішінде Мадиев пен Қожамжаровтың басқа да серіктеріне ауыр айыптар тағылған. Олардың арасында қыздарды азаптау және зорлау фактілері де көрсетілген.
Сондай-ақ іс материалдарында Қожамжаровтың өзі аталған контрабандалық схемалардан негізгі пайда көрген тұлға ретінде көрсетіледі. Бұған дейін «Хоргос ісі» аясында Мадиевтен бөлек, Қожамжаровтың тағы бір экс-бағынушысы – Кенжебай Жұмабеков те ұсталған болатын.
2024 жылдың 1 наурызында КазТАГ Қожамжаровтың бұрынғы бағыныштылары тергеу барысында кінәсін мойындағанын хабарлады.
Коллаж: КазТАГ
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
