Биыл туризмге салынған инвестиция 390 млрд теңгеден асты
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында туризмге салынған инвестиция екі есеге артып, 390 млрд теңгеден асты, ішкі туризмді ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі, ал спорттық инфрақұрылымды жақсарту еліміздегі физикалық белсенділікке қызығушылықтың артуына ықпал етеді.
Туризм және спорт министрлігі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығын қалай қорытындылады – PrimeMinister.kz сайты редакциясының шолуында.
Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға инвестициялардың оң серпіні байқалады. Осы кезеңде АҚК көлемі 390,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 2 есе көп. Іске асыру сатысында жалпы сомасы 399,8 млрд теңгеге 61 инфрақұрылымдық жоба тұр.
Туризмді дамыту
Биыл мемлекеттік қолдау шеңберінде мынадай жобалар мақұлданды:
• Туроператорлардың өтінімдері негізінде келу туризмі саласындағы шығындарды субсидиялау.
• Kids Go Free (Қазақстан аумағында кәмелетке толмаған жолаушыларды әуе тасымалы кезінде туристік өнімге енгізілген билеттің құнын субсидиялау) – 1 шілдеге 28,2 млн теңге сомасына 518 балаға 223 өтінім мақұлданды.
• Туристік қызмет нысандарын салу, реконструкциялау кезінде шығынның бір бөлігін өтеу.
• Жол бойындағы сервис нысандарын салу бойынша шығынның бір бөлігін өтеу.
Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру үшін биыд қонақ үй саласы үшін жеңілдетілген несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды. Осы тетік бойынша алты өңірде халықаралық франшизасы бар қонақүйлер салу жоспарлануда. Ақтөбе мен Павлодар қалаларында оларды іске асыру басталып кетті.
2024 жылы Қазақстан India Today нұсқасы бойынша «Үнді саяхатшылары үшін жетекші бағыт» атанды. Алматы The New York Times нұсқасы бойынша ТОП-52 туристік бағыттың қатарына енді, ал «Шымбұлақ» тау курорты Conde Nast Traveller Italia нұсқасы бойынша үздік 5 тау шаңғысы орны тізіліміне енгізілді.
Сондай-ақ Қазақстан Green Destinations Top 100 Story Awards салтанатында тұрақты дамуы үшін берілетін марапатқа ие болды.
2024 жыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланды. Осының аясында іс-шаралар, соның ішінде ресми рәсімдер, туризмді дамыту форумдары мен көрмелер ұйымдастырылды.
Биылғы маусым айында Түркістан қаласында алғашқы әрі жалғыз мамандандырылған жоғары оқу орны – Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің мамандары даярланып шықты. 460 түлектің 125-і Қазақстан бойынша саладағы кәсіпорындарда табысты жұмыс істеп жатыр. Білімі бойынша диплом алғанға дейін ерте жұмысқа орналасу тәжірибесі студенттерді оқытудың дуальды форматына көшкеннен кейін мүмкін болды, онда оқу процесінің 50%-ы кәсіпорында өтеді.
Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу
Ойын бизнесі мен лотерея мәселелерін реттеу аясында 6 Кодекс пен 15 Заңға 100-ден астам түзету енгізілді. 2024-2026 жылдарға арналған заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары дайындалды. Қонаев қаласында ойын бизнесі субъектілеріне жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Нәтижесінде 1 букмекерлік кеңсе лицензиядан айырылды, 4 букмекерлік кеңсеге, 2 ойын автоматтары залына және лотерея операторына айыппұл салынды.
Қазақстанда алғаш рет әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереяларға қарсы күрес жұмысы басталды. Заңнамаға сәйкес лотереяларды өткізуге айрықша құқық лотерея операторы мен оның агенттеріне тиесілі.
2024 жылғы 18 наурызда пилоттық режимде Қазақстан азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз еркімен шектеу жөніндегі онлайн-қызмет іске қосылды. Жазбаша шектеуді «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы және қағаз түрінде беруге болады.
Бүгінгі таңда «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы қызметті Қазақстанның 143 мың азаматы пайдаланды.
Дене шынықтыру және спорт
Министрлік «Дене шынықтыру және спорт туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі, қазір ол Мәжілістің қарауында. Заң жобасы спорттың әр түрін басымдықпен қаржыландыруды, спорт түрлері бойынша федерацияларды аккредиттеуді және сабақтар үшін ең төменгі жасты қарастырады. Спортшыларды сапалы даярлау үшін бюджет қаражатын қайта бөлуге мүмкіндік берген олимпиадалық және басым спорт түрлеріне баса назар аударылғанын атап өткен жөн.
2024 жылғы маңызды оқиға Париждегі жазғы Олимпиада ойындары болып саналады, оған Қазақстанда спорттың 25 түрі бойынша 93 лицензия бар.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша 84 оқу-жаттығу жиыны, 23-і ел аумағында өткізілді.
2024 жылғы 28 тамыз – 8 қыркүйек Париждегі XVII Паралимпиада ойындарына жоспарлы дайындық жүргізілді. Қазақстан атынан 9 спорт түрінен өнер көрсететін 43 спортшы қатысады (пара жеңіл атлетика, парапауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, пара оқ ату, отырып ойнайтын волейбол).
Биылғы маңызды оқиға – 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Ойындарға жалпы саны 2 мыңға жуық адамнан тұратын 100-ге жуық елдің делегациясы қатысады. Ойындарды өткізу үшін жаңа құрылыстар салынбай-ақ қолданыстағы инфрақұрылым пайдаланылатын болады, оған елорданың 7 нысаны тартылған.
Бүгінгі таңда елімізде Ұлттық спорт түрлері бойынша 14 спорт клубы, 13 спорт мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын ұлттық спорт түрлері бойынша 1 мыңнан астам түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіледі.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша халықты дене шынықтыру және спортпен қамту көрсеткіші 8 млн адамнан асады. Жыл сайын республикада 1,2 млн адамды қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. 2024 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 7 мың спорт секциясында 4 жастан 17 жасқа дейінгі 250 мыңнан астам баланы қамту үшін 43,9 млрд теңге бөлінді.