Бүгін - қасиетті Қадір түні. Оны қалай өткізген дұрыс?

Бұл түнді мешітте өткізу керек пе?

Malim Админ

  • 26.03.2025

Бүгін 26 наурыздан 27 наурызға қараған түн — Қадір түні. Айлардың сұлтаны — Рамазан айы болса, түндердің ең қасиетті түн — Қадір түні.

Осы түн туралы Құран Кәрімнің Қадір сүресінде айтылады. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алланың әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Бұл кеште жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең сауабы болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының айтуынша, Қадір түні — қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні — Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн.

«Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік» («Қадр» сүресі, 1-аят), — деп айтқан. Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіліп отырған. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» («Қадр» сүресі, 3-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі», — дейді. Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): „Расында, сендерге бұл ай келді. Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады, — дейді Наурызбай Тағанұлы.

Бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше және қасиетті түннің Қадір аталуының да себебі бар екен. Бұл араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем», сондай-ақ «құдырет» деген мағыналарға дөп келеді. Түннің «Қадір түні» деп аталуын ислам ғұламалары бұл түнде Алла Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, ризық-несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын сол секілді тағы басқа жағдайларын жазатындығымен байланыстырады. «Қадір» және «тағдыр» сөздерінің түбірлестігінен де осыны аңғаруға болады. Әнәс ибн Мәлик былай айтқан: «Рамазан келгенде, Алланың елшісі (с.ғ.с.): „Расында, сендерге бұл ай келді! Онда, мың айдан да артық бір түн бар. Сонда кім ол түннен мақрұм қалса, онда ол оның барлық игілігінен мақрұм қалады. Ал оның игілігінен тек нағыз ғана мақрұм адам айырылып қалады!“, — деді» (Ибн Мджаһ 1/289. Сенімділігін хафиз әл-Мунзири және шейх әл-Әлбәни растаған. «әс-Силсилә әс-сахиха» 1307).

Қадір түнінде Жәбірейіл мен бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде, періштелер ұсақ тастардан да көп болады», — деген. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», — деген екен. Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», — деген. Ендеше Қадір түні Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған.

Қадір түні рамазанның қай түніне келетіні жайлы екі риуаят бар:
Соңғы он күннің тақ түндері. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер», — деген хадис жеткізген. Және Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен: «Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер», — деген риуаят бар.

Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер», — деген.

Убай ибн Кағб қадір түні жайлы былай дейді: «Аллаға серт! Расында мен ол түннің қай уақыт екенін білемін. Білуімше Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнін құлшылықпен өткізуге әмір еткен түн — ол жиырма жетінші түн» деген.

Абдулла бин Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят еткен тағы бір хадисте былай делінеді: «Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір қарт келіп: „Уа, Алланың Елшісі! Мен ауру қартпын, маған түнде құлшылық ету ауыр тиеді. Маған бір түнді көрсетіп беріңіз, Алла Тағала Қадір түніне сай келуіне жар болғай“, — дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): „Жетінші (яғни 27-нші) түні тұр“, — деп жауап береді».

Бұл мүбәрак түннің жасырын болуының сыры ажалдың, қиямет күнінің жасырын болуы секілді мұсылман баласының ғибадатты көбейте түсуге және де ғапыл қалып, жалқаулық танытпау үшін құлшылыққа ынталандыру мақсатында жатса керек. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі», — деген. Исі мұсылман баласының тағдыр жазылатын түнді тағатсыздана күтуінің бір хикметі — Жаратқанға жақындай түсуге талпынуы. Сондықтан бұл түнді сауапты істермен өткізуге тырысайық, — деді ҚМДБ төрағасы. 

Имам-молдалар «Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын ғұсыл алып, толық жуынып, дәрет алып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауы тиіс» деп есептейді. Дін ұстаушылардың сөзіне қарағанда, бұл түнді жамағатпен бір ортада — мешітте өткізген де абзалырақ. Өйткені мешітте көпшілік құлшылық жасап, имамдар уағыз айтады. Сонымен қатар, Қадір түнінде үйде діни кітап оқып, діни фильмдер көру де ғибадат болып саналады.

Қадір кешінің уақыты күн батқаннан сәресіге дейін жалғасады. Бұл түннің ғибадаттарын мұсылмандар мешіттерде де, өз үйлерінде де атқара алады. Кейбір мұсылмандар Қадір түнінде түні бойы дастархан жайып қойып, қолдарын қусырып отырумен шектеледі. Не болмаса, теледидар қарап, әңгіме айтумен өткізеді. Түні бойы көз ілмей, ұйықтамай шықсақ жеткілікті деп есептейді. Дін адамдары бұны да қате деп санайды.

Имамдардың айтуынша, Қадір түнін өткізуде түні бойы дастархан жайып қою шарт емес. Ең бастысы мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бұхари, Қадір, 1).

Фото: pexels   

Байланысты жаналықтар

Алғаш рет ораза ұстайтындарға пайдалы кеңес

20.02.2025

Биыл Рамазан айы қашан басталатыны белгілі болды

30.01.2025

Ақбота Сейітмағамбет Мәдина қаласында құлшылық етіп жүр

17.01.2025

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

10.10.2024

Астаналықтар Қадір түнін қалай қарсы алып жатыр?

05.04.2024

Рамазан айында Астанада 5 мешітке арнайы автобустар қатынайды

11.03.2024
MalimBlocks
Алғаш рет ораза ұстайтындарға пайдалы кеңес

Биыл Рамазан айы қашан басталатыны белгілі болды

Ақбота Сейітмағамбет Мәдина қаласында құлшылық етіп жүр

Ақбота Мәдинада түсірілген суретін желіде жариялап, әсерлі жазба қалдырды

Ақын Алмас Темірбай өлеңдері

Алмас Темірбай (1979 жылы 22 қаңтарда туған, бұрынғы Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, Ортақ ауылы) – ақын, жазушы, журналист. Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Астаналықтар Қадір түнін қалай қарсы алып жатыр?

Елордадағы мешіттерде де әдеттегідей адам қарасы көп. 

Рамазан айында Астанада 5 мешітке арнайы автобустар қатынайды

Түнгі автобустар 21:30-дан 23:00-ге дейін жүреді.