Бұл сайлауда қандастар ғана жеңіске жетеді!
Сонымен сайлауға үміткерді тіркеу басталып кетті! Ал мен күткен қандастар үнсіз («Республика» партиясының жетекшісінің бірі Сырымбет Тауды есепке алмаймын).
Әлеуметтік желіде оқырманы мен қолдаушысы көп немесе қандай да бір белсенділігімен көзге түскен Арман Шораев, Динара Егеубаева, Думан Мұхамедкәрім, Макс Боқаев, Тоғжан Қожалы, Батыр Адайбаев, Оразалы Ержанов, Сұлтан Хан Жүсіп, Санжар Боқаев, Мұхтар Тайжан, Марат Жыланбаев және тағы да басқалары мәжіліс сайлауына түсетіндерін мәлімдеп, алды құжаттарын тіркеуге тапсырып үлгерді.
Бұл топтың сәні мен бәсін одан әрі асқақтата түсуге ерлі-зайыпты Жанболат Мамай мен Инга Иманбай ғана жетіспей тұрғандай. Жанболат Мамай қазір сайлауды ойлайтын жағдайда емес. Қаңтар ісінде күдікті, бір жылдан бері тергеліп бітпей жатыр. Мамайсыз өтетін сайлауға тәуекел еткендердің тізімі ұзармаса қысқармайтыны анық. Құжат 8 ақпанға дейін қабылданады.
Биліктің де күтіп отырғаны меніңше осы, үміткердің көп болуы.
Сайлауға түсем деушілер көп болса, сайлау тақырыбын мейлінше қыздырып берсе, сөйтіп дауыс берушіні топтап-топтап сайлау жәшігіне жетектеп жеткізіп берсе дейтіндей.
Иә, бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше. Биліктің ішкі ойы түсінікті. Қатар өтетін мәжіліс пен мәслихат сайлауының қортындысына халық сенсе, сөйтіп сын мен дауды, сенімсіздікті азайтса дейді. Ондай күнге жету үшін бірнеше алғы шарттарды жасап берді.
Мәселен, біріншіден, президент «Аманатқа» атауы ауысқан «Нұр-Отан» партиясын басқармайтын болды. Әкімдер де билік партиясынан шығарылды. Сырт көзге «Аманат» енді атқарушы билікке қатысы жоқ, өз күнін өзі көретін партия сияқты болып қалды.
Екіншіден, мажоритарлы жүйеге жол ашып, мәжілістегі 98 орынның 29 мандатын жеке үміткерлерге үлестірмек. Негізі, бұл бұрынырақта 2000-жылдардың басында бар жүйе еді және ол кезде мажоритарлы жүйемен мәжілістің басым бөлігі жасақталатын. Кейіннен жеке үміткерге жол жабылып, сайлау сайын жеңе беретін партияның тізіміне ілінген ғана депутат болып келді.
Енді міне, мәжілістегі орынның үштен бірі жеке азаматтарға берілмек. Жоғарыда аттарын атап айтып өткен азаматтар түрлі тексерістен өтіп, кандидат ретінде тіркеле алса, осы 29 орынға таласпақ. Билік үшін бұл талас өте тиімді.
Ал мәжілістегі қалған 69 орын ағалы-інілі 7 партияның еншісінде. Бұл сайлауда партиялар арасында соншалықты тартыс болады дегенге өзім сенбеймін. Шапанын ауыстырған «Аманаттың» омақаса жеңіліп қалмасы анық. Оның үстіне кім қалай айтса да, жергілікті жерлерде қонысы мен өкілдігі бар, бар жағдайы жасалған жалғыз партия да осы – «Аманат».
Ал, жақында ғана тіркелген «Республика» мен «Байтақтың» қысқа уақтыта алар қарқыны әшейінде үндері шықпайтын «Компартия» мен ЖСДП -дан артық боларына күмәнім бар. «Ауыл» мен «Ақ жол» белгіленген межеден асып, аспанға қол созбасы анық. Ал «билікті түбегейлі өзгерту керек» деуден таймайтын Жасарал Қуанішәлиннің «Алға Қазақстаны» мен Жанболат Мамайдың «Демпартиясы» сайлауға қатыспақ түгілі, тіркеуден өтпей тұр.
Жалпы, елімізде мәжіліс сайлауы осыдан екі жыл бұрын 2021 жылдың 10-қаңтарында ғана өткен еді.
Ол кезде Н. Назарбаев президент емес. Бірақ, бар билікті уысында ұстап тұрды. Соның ішінде «Нұр-Отан» партиясын да. Партия төраға орынбасары өзінің сыныптасының баласы Бауыржан Байбек болды.
Яғни, тарап кеткен парламент құрамын Н. Назарбаевтың батасымен жасақталды. Қаңтарға дейін олар Н. Назарбаевты әлпештеумен жүрді. Ал
Қаңтардан кейін Қ. Тоқаевты бір ауыздан қолдап шықты. Алмағайып осы екі жылдың ішінде парламент пен үкімет, парламент пен Ақорда арасында қандай да бір қақтығыс болған жоқ. Осы жерде мынандай сұрақ шығады:
шынымен де үкіметке, Ақордаға қарсы шықпаған, қандай да бір саяси дағдарысқа соқтырмаған парламентті таратып, кезектен тыс сайлау өткізуге не себеп болды?
Меніңше, мұның бәрі президент Қ. Тоқаевтың жеті жылдық президенттік мерзіміне байланысты. Өткен жылы жаздың ортасында Конституциялық реформа өткен кезде «президент бір мерзімге 7 жылға ғана сайланады» деген ұсыныс болмаған. Оны президент кейін күзде бөлек айтты. Сөйтіп, кезектен тыс сайлауға түсіп, одан өтіп алды. Енді санап көріңіз, алдағы 7 жылдың ішінде елде екі мәрте парламент және аудан әкімдерін сайлау науқаны жүреді.
Ал егер парламент сайлуы кезектен тыс өтпеген болса, онда Тоқаевтың 7 жылдығында бір ғана парламенттік сайлау – 2026 жылы өз мерзімінде өтер еді. Яғни, үш жылдан кейін. Жазда өткен референдум демократия аралына шағын терезесін ашқанын ескерсек, одан бөлек әлемдегі, көршідегі, ел ішіндегі саясатта, әлеуметте, экономикада одан әрі шиеленісе түсуі мүкін проблемаларды қаперге алсақ, онда үш жылдан кейін билікке сайлау өткізіп, өзі ойлаған межеге жету қиынға соғар еді.
Оның үстіне бір мерзімдік президенттің келесі мерзімге қалмайтыны, өтпейтіні шайдай анық жағдайда ақшасы көптер, мүдделес топтар ол сайлауды мәжілістің емес, алдағы президент билігіне талас ретінде қабылдап, жан аямай, білек сыбана кірісер еді. Билік дәл осындай қатерді бағамдай білгенін, алдын ала бәрін есептеп, 7 жылдық мерзімге парламент пен аудан әкімдерінің екі мәрте сайлауын сиғызып қойғанын көріп отырмыз. Биліктің мұнысы, яғни, өзіне ұтымды кезде сайлау уақытын өзгертіп жіберуі, өзіне ыңғайлы сәтте сайлау өткізуі демократия қағидасына жата ма деген сұрақ қойғыңыз келіп отырса, бұл енді бөлек әңгіме.
Бір нәрсе анық. Қарапайым азаматтарға саясатқа араласатын уақыт келді.
Иә, жеке азаматтарға берілген мәжілістегі 29 орын сайлауға түсіп жатқан белсендінің бәріне жетпейді. Республика бойынша бөлгенде әр облысқа халық санына байланысты бір-екі орын ғана тиеді. Алматы қаласының өзінде мәселен 3-ақ орын. Ал осы үш орынға мысалы, белсенділігі бірінен бірі өтетін алматылық Динара Егеубаева, Оразалы Ержанов, Санжар Боқаев және де басқалары таласады.
Былай қарасаңыз, демократия. Мықтысы таза бәсекеде жеңіске жетсін деген кейіп. Басқалай қарасаңыз, сексеуілді сексеуілге ұрғызып жатқандай. Өйткені, белсендінің көбінің тұрғылықты жері Алматы мен Астанада тіркелген. Ал екі қалаға берілген орын бесеу. Яғни, 5 орынға бар белсендіні таластырып қойып, жұртқа жақсы атты көрініп, сайлаудың шоғын үрлеткізіп, мына жақта шынайы қарсыласы жоқ, ел сенімінен кеткен партияларды көпірден аман есен өткізіп алмақтай.
Дегенмен, қулығының сыры осы екен деп белсенділер сайлаудан бас тартпауы керек. Өйткені кез келген сайлау жеке кандидатқа саяси тәжірибе, ойы мен мақсатын халыққа жеткізетін кез.
Бірақ, мені мына мәселе алаңдатады. Өздерін оппозиция санайтын күштер, саяси партиясы жоқтар, саяси партия құра алмай жүргендер мәжіліс сайлауымен қатар өтіп жатқан мәслихат сайлауына мүлдем мән бермей отыр. Жаңа ереже бойынша, мәслихатқа жеке азамат үміткер болып тіркеле алады. Бұрынғыдай қоғамдық ұйым немесе саяси партия атынан түсуі керек деген талап қазір жоқ.
Азаматтық қоғам өкілдері мәжілістегі 5-6 орынға өз ара қырылыспай, қандай да бір халықтық одаққа бірігіп, жергілікті жердегі мәслихаттағы орынға таласқандары жөн еді.
Неге десеңіз, алдағы уақытта жергілікті жердегі басқару жүйесі өзгеріп, мәслихат құзыры өседі. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, аудан әкімдері мәслихатқа есепті болады, сондай-ақ, келер жылы аудан әкімдерін тікелей халық сайлайды.
Үшіншіден, президент ұсынған облыс әкімі кандидатурасына енді облыстық мәслихат депутаттары ғана емес, сол облыстағы аудан депутаттары да дауыс береді. Яғни, облыстық мәслихатта мысалға шамамен 30 депутат, ал облыстағы 10 ауданда жалпы есеппен шамамен 300 -дей аудандық мәслихат депутаты бар делік. Демек, президент ұсынған облыс әкімі кандидатурасы 330 депутаттың таңдауына түседі. Мұндай кезде президент әкімшілігі де, облыс әкімі де жергілікті жердегі көпшіліктің талғамымен санасуға мәжбүр болады.
Төртіншіден, аудан, облыс мәслихаты депутаттарына әкімдерді қызметтен алып тастау тетіктері берілді.
Осы өзгерістердің түпкі мәнін түсініп, азаматтық белсенділер қандай да бір халықтық одаққа бірігіп, мәслихаттағы орынға таласса, онда күні ертең атқарушы билікті, аудан әкімі мен облыс әкімдерін тырп еткізбей бақылауда ұстар еді.
Жалпы, елімізде облыс, қала, ауданның бәрін қосып есептегенде 223 мәслихат бар. Онда 3 415 мандат менмұндалап тұр. Есептеп көріңіз, ұзақ мерзімді тактикада мәжілістегі 29 орынға таласқан пайдалы ма, әлде, жергілікті жерде жақтаушы жинауға мүмкіндік ашатын мәслихаттағы 3 мың орынға таласқан дұрыс па?
Алматы мен Астанаға бөлінген мәжілістегі 5 орынға таласқан дұрыс па, әлде, 50-60 мандатқа бірігіп барып, ең маңызды екі қалада саяси ықпалдарын арттырған пайдалы па? Грузиядағы жемқорлықты айтарлықтай жойып берген Саакашвили кезінде президенттікке қалалық мәслихаттан барғанын неге ескермеске?
Алайда, азаматтық қоғам өкілдерінен мұндай бастаманы әзірге көрмей отырмын. Әр қайсысы жеке батыр болып жүргісі келетіндей. Әрине, мұндайда ешкімге салмақ салып, айыптай алмайсың. Әркімнің өз жолы бар дегендей.
Сөзімнің соңында қатар өтіп жатқа мәжіліс пен мәслихат сайлауы қандастарға да керемет мүмкіндік екенін айтып өткім келеді. Бірден айтайын, оралман, қандас сөзін өзім жақтырмаймын. Өйткені, атажұртына оралған әр азамат Қазақстан азаматын алған соң ол қандас та емес, оралман да емес. Бірақ, кейде қоғаммен, бүгінгі күннің шынайылығымен санасуға да тура келеді. Ел аузында «оралман», заң тілінде «қандас» аталып кеткен менің ағайындарым көп жағдайда бірінен бірі алыстамай шоғырланып қоныс тепкен. Бұл ешқандай қылмыс емес. Барлық елде, барлық мемлекетте кезігетін заңдылық.
Аудан орталықтарын қоршап, шоғырланып қоныс тепкен ағайынға саяси технологтардың көзімен қарасақ, олар іздесе таптырмайтын дайын белсенді электорат. Мысалы, әлеуметтік желідегі белсендіге күніне мың лайк басылып, бес жүз комментарий жазылады делік. Белсенді соған қарап, өзінің мықтылығына сеніммен қарайды. Бірақ, сол мың лайк басқыш та, без жүз комментарий жазғыш та бір қалада, бір облыста отырған жоқ. Белсендінің сайлау участогіне жақындамайды да. Бір қалада болған күннің өзінде олардың басым бөлігі дауыс беруге бармайды.
Ал туыстығы, ағайындығы, тіршілік ету әрекеті, тілі, діні, бизнесі бір, бір жерге шоғырланып жайғасқан дайын электорат өз арасынан үміткерлер шығарса, ол кандидат сайлауға түскенде әлеуметтік желідегі әлгі жұлдыздай жалаңаш қалмайды. Өйткені оны бір ауыздан табанды түрде қолдайтын, оған бір ауыздан дауыс беретін тірі электораты бар.
Қайталап айтайын, қандастар арасындағы отбасылық, туыстық, ағайындық, елдік, бірігіп кәсіп етудегі тамаша қарым-қатынастан, берік байланыстан асып кеткен электорат елде жоқ. Тіпті, бұрын бір ауыздан дауыс беріп келген зауыт жұмысшыларының ынтымағы бүгінде қандастардың бірлігіне жетпейді.
Осы ерекшелікті қандастар ескеріп, аудандық, облыстық мәслихат, тіпті мәжіліс сайлауларына түсуі керек. Сайлауда тәуелсіз бақылаушы болып, азаматтық қоғамның дамуына үлкен үлес қосулары шарт.
Елдің мәдениетіне, өнеріне, бизнесіне осыған дейін ерекше атсалысып келген қандастар енді ел басқару жүйесінен шеттеп жүре бермей, саясатқа ден қойып, аудан, қала, облыстық мәслихат мандатын өз күштерімен жеңіп алса, мен үшін биылғы сайлаудың бар жеңісі, жаңалығы осы болар еді. Осындай боларына сенгім келеді.