Дауыл кезінде үстіне ағаш құлап, қаза болған әйелдің үш несиесі жабылатын болды

Павлодар облысының Ақсу қаласында жойқын дауылда қаза болған әйелдің отбасына әкімдік көмек көрсететін болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақсу әкімдігінің мәліметінше, Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша қайтыс болған Марина Валерьевна Пахомованың отбасына мынадай қаржылық қолдау көрсетілді:
- жұмыс істеген еңбек кезеңі үшін өтемақы;
- БЖЗҚ-дан бөлінген жерлеу рәсіміне арналған қаражат;
- жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қаражат.
Жиналған барлық қаражат жерлеу рәсімін ұйымдастыруға, ас беруге, сондай-ақ ескерткіш тас сатып алуға жұмсалды. Бұл іспен волонтерлар айналысуда.
Жерлеу рәсімінде туған-туыстарын тасымалдау үшін автобус берілді.
Сондай-ақ Kaspi Bank, Halyk bank және «KMF» МҚҰ-дағы ағымдағы несиелері төленеді. Бұдан басқа, 2025-2026 жылдар кезеңі үшін (екі жыл) қаза болған адам тұрған пәтердегі жылу мен судың коммуналдық қызметтеріне ақы төленетін болады», - делінген Ақсу әкімдігі хабарламасында.
Еске салсақ, 19 маусымда Павлодар облысына соққан екпіні күшті желдің салдарынан бір адам қаза тауып, оннан астам адам түрлі жарақат алған еді.
Фото: Павлодар облысының әкімдігі


Ең көп оқылған
