Елдің ымыралы ынтымағына Ассамблеяның тигізер үлесі қомақты

Олжас Қасым

  • 14.03.2024

Еліміздегі бекем бірлік, ымыраға құрылған ынтымақ, келешекке жол бастайтын келісімге бағдар салатын құрылымдар аз емес.  Сондай ұлтты ұйыстырып, татулықтың тұғырын нықтайтын ұйымдардың алдыңғы легінде биыл шаңырақ тіктегенінен 30 жыл толып отырған  Қазақстан Халқы Ассамблеясы тұрғаны мәлім. Біртұтас Отанымыздағы этностарды  бір мақсатқа жетелеп, республикамызда тұрақтылықты сақтауды мақсат еткен ұйым өз жұмысын жыл сайын жандандырып келеді. Ассамблеяның негізгі міндеттерінің бірі ­- қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту. Басты құндылығымызға айналған ұлттар бірлігі - елдігіміздің нышаны. Бір мүдде, бір мақсат, бір тілек біріктірген этностардың ауызбіршілігі мен ынтамықтастығы орнаған республикамыздың басты жетістігі де осы.

Елдіктің берік орнағанын елдегі әр алуан жағдайлардан байқамасқа болмайды.  Республика бойынша аймақтарға су тасқыны залалын келтіріп, халықты елең-алаң шаққа қалдырған уақытта этномәдени бірлестіктер ынтымақ пен берекенің үлгісін көрсетті.  Ассамблея өкілдері қысылтаяі кезеңде қайрат танытып 120 миллионға жететін гуманитарлық бағыттағы жәрдемін тасқын қамаған елдімекендерге жөнелткенін ел көрді.  Аймақтардағы алаңдатарлық ахуалды тұрақтандыру үшін тоғыз мыңнан асып жығылатын ерікті жіберген Ассамблеяның үлгілі бастамасын айтпай кетуге болмас.  Жер-жердегі, барлық облысты қамтитын Достық үйлерінде волонтерлерге арналған  орталықтар жасақталып, сонымен қатар гуманитарлық көмектерді алып, тарату ісімен айналысатын мекемелерді құрып отыр. Бұл – іргелі ұйымның шешуші сәттегі айтуға тұрарлық бастамасы дер едік.    

Еліміздегі этностар арасындағы татулық пен бірлік жыл сайын артып келеді. Бүгінгі таңда олар қазақтың дәстүріне, тіліне, құндылықтары мен мәдениетіне аса үлкен құрметпен қарап, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатыр.  Әрқайсысының өз тарихы, тілі, діні мен ділі бар.  Ал барлығына ортақ бір нәрсе - қазақ жеріне, тіліне деген құрмет. Бүгінде керегесі кең, тірегі тең республикамыздағы ұлттардың сыйластығы мен достығы, ауызбіршілігі мен дарқандығы басқа мемлекеттерге үлгі.    

«Ұлт пен ұлыстардың бірлік-ынтымағының ұйытқысы болған, кеңдігі мен ылтипаттылығының арқасында бүгінде мемлекетімізде ынтымақтың байрағы зәу биіктен желбіреп,  тұрақтылықты тұмарымыздай сақтап келеміз. Қазақстанда атқарылып жатқан жеңісті еңбектерді  ешкім де жоққа шығара алмайды»,- дейді Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі татьяна Бурмистрова ханым.     

Ұйғыр этносынан шыққан  көрнекті жазушы Ахметжан Әшіри егемен елдің әдебиеті халықтарды, ұлттар мен ұлыстарды, этностарды  жақындастырады деген пайымын жеткізді.   Қазақ тілін өз ана тілімдей қастер тұтып келемін - дейді жазушы. Оны драматург  «Жалғыз жалбыз» романында көрсете білген. Бірнеше повесть пен романның авторы Ұлт бірлігі - ел тірегі  екендігін насихаттап жүр.  Тарихы басқа болғанымен тілі ұқсас, мәдениеті басқа болғанымен мүддесі бір ұлттардың  ынтымақтастығын арттыруды мақсат тұтқан қаламгердің  қазақ жеріне деген ықыласы ерекше.

«Қазақ пен ұйғырдың, сол тәрізді орыс, әзербайжан, татар, башқұрт сияқты этностардың  достығы ол кешегі ғана достық емес. Сонау орхон түріктеріндегі балбал тастарға жазылған. Сол жерде біздің достығымыз жатыр. Сол жерде біздің әріптеріміз жатыр. Қаншама өзгерістер болып жатыр. Сол достығымыз сонау балбал тастарына ойылып жазылды, әлі де тарихтың деректерінде тұнып тұр. Қандай күйінішті һәм сүйінішті жағдайда да табан тірер бағытымыз – бірлік, келісім болмақ»,- деп алғаусыз көзқарасын  білдіреді  қарымды қаламгер  Ахметжан Әшіри. 

Ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету тосыннан туындаған дүние емес. Қазақ алмағайып заманда шартараптан бас сауғалап, тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне келген барша  этносты бауырына басты. Кеңпейіл халқымыздың даналығы, кеңдігі мен сыйластығының арқасында этностық тегіне, әлеуметтік жағдайына, діни ұстанымына қарамастан олар қазақ даласында мәңгілікке тұрақ тапты, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты.

Ордалы отыз жыл уақыт мұғдарында  маңызды ұйым  сан қилы мәселелердің оң шешім табуына мұрындық болуда. Айталық, ассамблея жанынан  жөн, жол білетін ақсақалдaр мен  аналар кеңесі құрылып, ілкімді шаруаларды шырғасын шығармай атқарып келе жатыр.  Қиыннан қиыстырып, даулы жағдайлардың түйінін тарқатып беретін бітімгерлік  институт  жасақталды. Сонымен қатар,  еліміздің әр түкпірінде  тілді меңгеруге бағыттайтын  300-ден аса  жексенбілік білім мекемелері шәкірттердің санасына білім нәрін егуде. Әр этнос өкілі қазақтың  тілін бойына сіңіріп  қана қоймай, өз ана тілін де  қастерлеп, дәріптейді.   Барлық  этнос  өкілдерінің тілі мен өнерін, сан жылғы мәдениетін,  дәстүрі мен тілін  ілгерілету бағытында  тиісті  жағдайдың бәрі де жасалған деуге болады.  

Байланысты жаналықтар

Көлік шығарумен айналысқан "Бипэк Авто-Азия Авто" иесі 9 жылға сотталды

16.04.2025

Абай облысында жаңа су қоймалары салынады

16.04.2025

"Асфальт қайда?": Халықаралық байқауда жеңіске жеткен оқушы желі жұлдызына айналды

16.04.2025

Депутат Қожаназаров өз ойын дұрыс жеткізу үшін орыс тілінде сөйлейтінін айтты

16.04.2025

"Орыстың да, кәрістің де тұсауын кестім". Депутат Мұқаев сынға жауап берді

16.04.2025

Ұлытау облысында Жеңістің 80 жылдығына қандай шаралар жоспарланған?

16.04.2025
MalimBlocks
Көлік шығарумен айналысқан "Бипэк Авто-Азия Авто" иесі 9 жылға сотталды

Абай облысында жаңа су қоймалары салынады

"Асфальт қайда?": Халықаралық байқауда жеңіске жеткен оқушы желі жұлдызына айналды

Депутат Қожаназаров өз ойын дұрыс жеткізу үшін орыс тілінде сөйлейтінін айтты

"Орыстың да, кәрістің де тұсауын кестім". Депутат Мұқаев сынға жауап берді

Депутат Дәулет Мұқаев бұған дейін тұсау кесемін деп хабарландыру жариялағаны үшін сынға қалған. Ол хабарландыруды не үшін таратқанын Мәжіліс кулуарында бұл жолы журналистерге түсіндіріп беруге тырысты

Ұлытау облысында Жеңістің 80 жылдығына қандай шаралар жоспарланған?

2025 жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтеді.