Кореядағы қазақ: Кәрістер вирус жұқтырып жатқан жоқ

Malim Админ

  • 12.05.2020

Оңтүстік Корея – коронавируспен күресте ең жақсы нәтиже көрсетіп жатқан елдердің бірі. Бұл елде коронавирусқа 10 936 адам шалдықса, оның 9670-і жазылып шықты, 258 адам қайтыс болған. Кореяда  қатаң карантин шаралары енгізілмеді, шаштараз, мейрамханалар мен кафелер жабылмады. Сөйте тұра Корея үкіметі коронавирустың таралуын тежей алды. Оңтүстік Кореяда бес жылдан бері тұрып жатқан Қазақстан азаматы, Сеулдегі Ханьянг университетінің PhD студенті және "Қазмедикор" корей-қазақстандық компаниясының негізін қалаушылардың бірі Кәкім ДАНАБАЕВ бізге берген сұхбатында Кореяның коронавирусқа қарсы күрес стратегиясын баяндап берді.

– Оңтүстік Корея коронавируспен күрес жөнінен жоғары нәтиже көрсетіп жатқан елдердің бірі. Сәуірдің 3-і күні Кореяда вирус жұқтырғандар 10 мыңнан асты, бірақ кейін аурудың таралуы күрт төмендеді. Бұл ел коронавирустың таралуын қалай тежеді?

– Оңтүстік Кореда коронавирустың қалай таралып жатқанын, вирус бойынша бүкіл ақпаратты телефондағы арнайы қосымша арқылы онлайн режимде бақылауға болады. Мамыр айының басында вирус бірде-бір адамға жұқпаған күндер болды. Оған дейін күніне он шақты адамнан анықталып келген. Олардың өзі жергілікті халық емес, сырттан келген шетелдіктер. Жалпы,  мамыр айының басына дейінгі 75 күннің ішінде вирус жұқтырғандардың арасында жергілікті кәрістер мүлде болмады. Бастапқыда, вирус тарай бастағанда қазақстандықтар Кореядан кетуге асықты. Алайда қазір Корея ең қауіпсіз елдердің біріне айналды. Өйткені Корея коронавируспен ең тиімді күрес жүргізіп жатқан алдыңғы үш елдің қатарында. Алғашқы орындарда Германия мен Израиль келе жатса, үшінші орында – Корея.

Қазір бұл ел сырттан келген шетелдіктерге бақылауды күшейтті. Өйткені ауруды негізінен солар жұқтырып, таратып жатыр. Ал елдің өзі коронавирусты 75 пайызға жеңіп шықты.

– Коронавирусты тежеп, жап-жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр еді, соңғы тәулікте Кореяда вирус жұқтырғандар саны 34 адамға жетті деген хабар тарады. Вирус қайта тарай бастады ма?

– Сеулге келген шетелдік мен тұратын Итэвон ауданындағы бірнеше түнгі клубқа барып, (шетелдік азамат 1 мамырдан 2 мамырға қараған түні бес түнгі клубқа кіріп шыққан) адамдарға вирус жұқтырған. Ол азамат өзі ауру жұқтырғанын білмеген. Корея билігі онымен байланыста болған 1500 адамды анықтап, бақылауға алды. Меніңше, ауру жаңа күшпен тарай бастады деуге ерте. Билік жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Жалпы, статистиканы қарасақ, вирус таралуының жоғарғы шегі наурыз айының басында тіркелген. Бұл уақытта дәрігерлер күніне жүздеген, тіпті кейде мыңдаған адамнан вирус анықтайтын. Бұл кезеңде №31 науқас вирусты ең көп адамға жұқтырған таратушыға айналды. Бұл науқас "Синчхонджи" сектасының мүшесі болып шықты, вирус жұқтырса да, қоғамдық көпшілік орындар мен шіркеу қызметіне барып жүріп, адамдарға коронавирус жұқтырды.

1 наурыз күні Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны 3736-ға жетті, олардың жартысы секта мүшелері еді. Осылайша Корея коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Қытайды басып озып, бірінші орынға шықты. 4 наурыз күні 5 мың науқас тіркелсе, 9 наурыз күні 7,5 мың адам вирус жұқтырды. Бірақ мына жайттың астын сызып айтқан жөн: Кореяда коронавирус барлық қалада бірдей таралған жоқ. Тэгу қаласы корнавирустың негізгі ошағына айналды. Кәрістер бұл қаланы "екінші Ухань" деп атайды. Ал бірақ Сеулде жағдай тұрақты, коронавирус жоғары шегіне жеткен уақытта Сеулде небәрі 100 шақты адам вирус жұқтырған. Сеул мен оның төңірегінде 20 миллионнан астам адам тұратынын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш.

– Әзірге Корея вирусты 75 пайызға жеңіп шықты дедіңіз. Бұл көрсеткішке қалай жетті? Коронавируспен күрестің тәсілдері қандай?

– Корея ең алдымен вирус таралуының алдын ала білді. Эпидемия кезінде бірден азаматтық қорғау жүйесі іске қосылды. Азаматтық қорғау жүйесі денсаулық сақтау министрлігінің жанындағы пандемиямен күрес жөніндегі ұйыммен бірге жұмыс істеді. Асылы, ел үкіметі пандемиямен күреске дайын болды. Неге десеңіз, 2015 жылы Кореяда МЕRS ауруы тарағанда эпидемиямен күрес жөніндегі арнайы комитет құрылған болатын. Коронавирус тарай бастағанда сол комитет жұмысы бірден жанданды, ол комитет азаматтық қорғау жүйесімен бірігіп жұмыс істеді. Біріншіден, кәрістер күнде телефонына ауру ошақтары, ауру жұқтырған адамның жүрген жерлері жайлы хабарлама алып тұрады. Азаматтық қорғау жүйесі вирус жұқтырған адамның бүкіл жүрген жерін, қандай көпшілік орындарға, қандай кафе-мейрамханаларға барғанын анықтап, ол нысандарды үш аптаға карантинге жауып тастайды. Науқаспен байланыста болған адамдарды карантинге алады.

Көзге түскен тағы бір нәрсе, қоғамдық көліктер, дүкендер, мектептер, ауруханалар мен көпшілік орындарға бірден антисептиктер қойылды. Меніңше, кәрістердің өздері де аурудың таралуын тежей алды. Өйткені олардың азаматтық сана-сезімі жоғары. Үкімет маска киіп жүр деп кеңес берді ме, азаматтар міндетті түрде маска киеді. Үкімет арақашықтықты сақта деп кеңес бере ме, кәрістер міндетті түрде бір-бірінен алшақ жүріп, арақашықтықты сақтайды.

Вирус тараған бетте Кореяда арнайы лабораториялар желісі құрылды. 16 лаборатория бірігіп, коронавируспен ауырғандарды зерттеп, оның нәтижесімен бөлісіп жатты. Бұл науқастарды қалай емдеу керектігін тезірек түсінуге септігін тигізді.

Үкімет пандемия кезінде халықты арзан маскамен қамтамасыз ете алды. Кореяда алыпсатарлар масканы қымбаттатып жіберді, бірақ үкімет олармен күресудің тиімді тәсілін ойлап тапты.  Адамдарды туған күніне қарай топтап, "белгілі бір күні туғандар аптаның мына күнінде масканы арзан бағаға ала алады" деді. Мысалы, белгілі бір күні туылғандар сәрсенбіде масканы 300 теңгеге ала алады, ал бірақ басқа күндері оларға маска 1000 теңгеден сатылады.

Меніңше, ең маңыздысы, кәрістер коронавирусты анықтайтын тестіні тез ойлап тапты. Бұл тесттің дәлдігі – 96 пайыз. Бір жақсысы, тест нәтижесі 5-6 сағатта дайын болады. Ал айталық, АҚШ-та коронавирусты анықтауға үш күн кетеді. Бұл уақыт ішінде вирус көп адамға жұғып кетуі мүмкін.

Кореяда коронавирусқа күнде тестілейді. Осы тестті алыс-жақын елдер де сатып алып жатыр. Қазақстан Кореядан тестің 800 мың данасын сатып алған. Енді Корея тесттің нәтижесін 30 минутта анықтап беру жағын ойластырып жатыр.

Мемлекеттік мекеме, ауруханаларда арнайы қызметкерлер келушілердің дене қызуын өлшеп тұрады. Бұл үшін адам терісіне тигізбей-ақ температураны өлшейтін термометр қолданылды.

Тағы бір қызығы, адам коронавируске тестті ауруханаға барып тапсыра алады. Ол шамамен жүз доллар тұрады. АҚШ-та ол 1600 доллар, Жапонияда да тегін емес. Сондықтан Кореяда тест салыстырмалы түрде арзан. Егер өз бетінше келіп, тест тапсырған адамнан коронавирус анықталса, үкімет анализге төленген жүз долларды қайтарып береді де, коронавирустан тегін емдейді. Корея өз азаматтарын ғана емес, шетелдіктерді, тіпті елде заңсыз жүргендерді де тегін емдейді.

– Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Корея үкіметі коронавируспен күрес кезінде азаматтардың жеке деректерін, атап айтқанда, банк карточкасын пайдаланып, сол арқылы ізіне түсті деп сынады. Яғни үкімет науқастардың жүрген жерін банк карточкасы арқылы анықтап, адам құқықтарын бұзған. Бұл рас па?

– Бұл жағын нақты айта алмаймын, бірақ коронавирусқа шалдыққан адам жүрген жерін, кіммен араласқанын, не істегенін түгел айтуы тиіс. Өйткені ауру анықталғандықтан, бұл  енді оның жеке кеңістігі, жеке құқығы емес. Карантинді бұзған азаматтар қамалады немесе әкімшілік айыппұл төлейді. Жалпы алғанда, кәрістер бұл талаптарға көнді, бірақ ақпаратты жасырып қалғандар да болды. Әсіресе вирус көптеп таралған Тэгу қаласындағы секта мүшелері дәрігерлерден тығылып, қайда барғанын, кіммен араласқанын айтқысы келмеді. Тэгу қаласында вирусқа шалдыққандардың тең жартысы сол секта мүшелері болатын. Тіпті сол сектаның басшысы "вирус жұқтырғандар біздің жексенбілік отырысқа келсеңдер, жазыласыңдар" деп сендірмек болды. Бірақ біраз уақыттан кейін өз кінәсін мойындап, халықтан кешірім сұрады. Коронавируспен күрес үшін қайырымдылыққа ақша бергісі келді, бірақ жергілікті әкімдік оның ақшасын алмай қойды.

– Кореяда Қазақстандағыдай қатаң карантин, шектеу шаралары қабылданды ма?

– Өзім тұратын Сеул қаласында "үйде отырыңдар, ешқайда шықпаңдар" деген қатаң шаралар болмады. Тек сақ жүріңдер, маска тағыңдар, қолды жуып, арақашықтықты сақтаңдар, мүмкіндігінше көпшілік орындарға бармаңдар деген ұсыныстар айтылды. Мектептер мен жоғары оқу орындары онлайн режимге ауысты.

Ал көпшілік орындар: мейрамхана, кафелер мен шаштараз жұмыс істеп тұрды, қала жабылмады. Жұрттың бәрі маска тағып, гигиена талаптарын сақтады.

Корея 10 мамырдан бастап кәдімгі жұмыс режиміне көшті, жоғары оқу орындары, білім беру орталықтары студенттерді ғимаратта оқыта бастады. Алайда маска тағып, арақашықтықты сақтап жүру керек. Вакцина табылғанға дейін осы талап сақталатын шығар.

Кореяның коронавируспен күресі неге тиімді десек, меніңше, азаматтардың сана сезімі жоғары. Үкіметтің айтқанын тыңдайды, ұсыныстарын бұлжытпай орындайды. Науқаспен араласқандарға карантинге отыр деген талап қойылды ма, олар карантинде отырды. Оның үстіне арнайы орталық олардың үйлеріне қоңырау шалып, тексеріп тұратын.

– Оңтүстік Кореямен визасыз режим болғандықтан, көптеген қазақстандық сонда барып жұмыс істеп жүрді. Вирус тарай бастаған соң, олар үйлеріне қайтып кетті ме, әлде сонда қалғандар бар ма?

– Кореяда 30 мың қазақстандық жұмыс істесе, оның 16 мыңы заңсыз жұмыс істейтін. Корея үкіметінің бір жақсы жері, елде заңсыз жүргендер кетеміз десе, ешқандай айыппұл салмаймыз, емін-еркін кете берсін деді. Былайғы кезде заңсыз жұмыс істегендерге айыппұл салынып, депортацияланатын. Сөйтіп, 300 мыңнан астам заңсыз жүрген адам Кореядан кетті. Алайда 150 мың адам елде қалды.

Қызығы, коронавирус тараған кезде Корея азаматтарына келуге тыйым салған елдерге қатысты Корея үкіметі арнайы заң қабылдап, қарымта жауап қайтарып жатыр. Ол заң бойынша, Корея өз азаматтарын кіргізбей қойған мемлекеттердің азаматтарын енді Кореяға кіргізуге шектеу қоймақ. Бұған дейін Қазақстан азаматтарына визасыз келуге рұқсат болса, енді жаңа заң бойынша, виза алуға тура келеді.

– Кореяда коронавирусты емдеуде қандай әдістер қолданылғанын білесіз бе?

– Эпидемияның басында вирус анықталған адамды ауруханаға жатқызып, вирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен емдейтін. Үш апта бұрын коронавирусты емдеудің жаңа әдісі қолданылды. Екі науқас қарияға бұған дейін коронавируспен ауырып, жазылып шыққан адамдардың иммунды плазмасын ендірді. Егде жастағы науқастардың жағдайы күрт жақсарды.

Қазір Корея АҚШ-тағы компаниямен бірлесіп, вакцина жасап жатыр. Samsung компаниясының медицина және инжиниринг бөлімі вакцина жасау жұмыстарына қатысып жатыр. Шілде айында вакцинаны тестілеу басталады.

– Иммунды плазманы ендіру дедіңіз, білуімізше, Қазақстан да осы әдісті қолданып көрді. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус жұқтырып емделіп шыққан адам коронавирусқа екінші рет шалдықпайды дегенге кепілдік жоқ деді.

– Кореяда вируспен ауырып, жазылып шыққан соң, қайтадан коронавируспен ауырып қалған жағдайлар болды. Сондықтан плазмамен емдеу айрықша жағдайда ғана қолданылады. Бұл әдіс әлі қосымша зерттеуді талап етеді. Ғылыми тұрғыдан тиімділігі әлі дәлелденбеді.

– Қазақстанның коронавируспен күресін сырттай бақылап жатқан шығарсыз. Кореямен салыстырар болсаңыз, бізге не жетпей жатыр деп ойлайсыз?

–Меніңше, ең бастысы, халықтың өзінің азаматтық сана сезімі жоғары болғаны жөн. Яғни билік карантинді сақта десе, ол шарттарды сақтау керек. Екіншіден, елде маска жетіспеді. Маска өндірісін немесе халыққа арзан бағамен сатуды жолға қою керек. Үшіншіден, коронавирусқа жедел тестілеу мүмкіндігі болуы шарт.

Бір жағынан төтенше жағдай халықтың жүріп-тұруын, еркіндігін шектейді, жұртта өмір сүретін ақша болмай қалады. Бұл жағынан алғанда төтенше жағдай дұрыс емес. Бірақ екінші жағынан халықтың азаматтық жауапкершілігі аз болғандықтан, үкімет осындай шараға барған шығар. Таяқтың екі ұшы бар. Төтенше жағдайды алып тастаса, қазақстандықтар бір-біріне қонаққа бара бастауы мүмкін. Сондықтан бұл жерде менталитет ерекшелігін ескеру керек сияқты. Яғни Кореяда тиімді болған шаралар Қазақстанда нәтижесін бермеуі мүмкін.

Кореяда вируспен күрес жайлы халықты ақпарататандыру жақсы жүрді. Үкімет ештеңені жасырмайды бүркелемейді. Онлайн қосымшалар арқылы халықты ақпараттандырып, есеп беріп тұрады.

Қазақстанда бастапқыда "бізде вирус бар ма, жоқ па, неге бізде әлі жоқ, бәлкім, бізге хабарланбай жатқан шығар" дегендей уәждер айтылды. Халыққа ақпарат жетпей жатты. Халыққа дұрыс ақпарат жетсе, сақтық шаралары қолға алынады. Ал ақпарат жоқ жерде адамдарда күмән туады, күмән байбалам тудыруы мүмкін.

Әңгімелескен Елнұр Бақытқызы.

Сұхбатты көшіріп басуға болмайды.

Байланысты жаналықтар

Пентагон басшысы Мәскеудің Пхеньянмен ынтымақтастығының қауіптілігі туралы ескертті

31.10.2024

Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен шектесетін жолдарды жарып жіберді

15.10.2024

Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен байланыстыратын шекарасын жапты

10.10.2024

Ресейде коронавирустың жаңа штаммы тез тарала бастады

22.09.2024

Ресейден заңсыз кіргізілмек болған 171 тонна картоп кері қайтарылды

21.09.2024

Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

10.09.2024
MalimBlocks
Пентагон басшысы Мәскеудің Пхеньянмен ынтымақтастығының қауіптілігі туралы ескертті

Бұл 2,5 жылға созылған қақтығысты ары қарай ұзартып, оған басқа да тараптарды тартуы мүмкін

Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен шектесетін жолдарды жарып жіберді

Өткен аптада Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен байланыстыратын автожолдар мен теміржолдарды жауып тастайтынын ескерткен

Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен байланыстыратын шекарасын жапты

Оңтүстік Корея бұл шешімді халықтарды біріктіруге жол бермейтін әрекет деп айыптады

Ресейде коронавирустың жаңа штаммы тез тарала бастады

Роспотребнадзор XEC COVID-19 штаммының тез таралып жатқанын хабарлады

Ресейден заңсыз кіргізілмек болған 171 тонна картоп кері қайтарылды

Шекарада екі күнде 12 заңбұзушылық анықталған

Алматы облысында 11 адам сібір жарасын жұқтырған

Ауруханаға жалпы 16 адам жатқызылды