Маңғыстауда «Demeu 2.0» әлеуметтік жобасы бастау алды
Аймақтың білім беру ұйымдарындағы кемінде 450 маманның біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілмек

Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысымен «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесі жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қалыптастыру және дамытубағытында «Demeu 2.0» әлеуметтік жобасын бастады.
Әлеуметтік жобаның мақсаты – жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау фактілерін мейілінше азайтып, алдын алуға бағытталған педагог-психолог, әлеуметтік педагог мамандардың біліктілігін көтеру үшін курстар жүргізе отырып, суицидолог мамандарды тартып 7 елді-мекенде семинар-тренингтер мен «қауіп –қатер» тобында анықталған оқушыларға консультативтік көмек көрсету, психикалық денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру.
Жобаның жетекшісі Милана Елеусинова жоба жылдың соңына дейін жүзеге асатындығын айтады. Бұл уақыттарда аймақтың білім беру ұйымдарындағы кемінде 450 маманның біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізілмек.
- Жобаның мақсатты топтарын үш топқа бөліп қарастырып отырмыз. Негізгі мақсатты тобымыз, әлбетте –Маңғыстау облысының тұрғындары, оның ішінде психолог-педагог мамандар, мектеп оқушылары, ата-аналарболады. Сонымен қатар, жобаны қолдаушылар, серіктестер, мемлекеттік органдар (кеңесшілер) және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отырмыз. Бұл жобаны іске асыруда еріктілер мен әлеуметтік желі қолданушыларының да үлесі болмақ. Демек, жобаны барлық бағытты қоса алып жүргізуді мақсат тұтып отырмыз,- дейді жоба жетекшісі.
Әлеуметтік жоба аясында тек мамандарды оқыту курстары ғана өтіп қоймайды. Бұған қоса, Маңғыстау облысындағы 7 елді мекенде (2 қала, 5 аудан) тәжірибелі, кәсіби психотерапевт, психолог мамандарды, әлеуметтік педагогтарды, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларды қатыстыра отырып ата-аналармен семинар-тренингтер, консультациялар сериясы ұйымдастырылады,
қауіп-қатер тобындағы оқушыларға консультациялық көмек көрсетіледі, «Суицидтің алдын алудағы ата-ананың рөлі», «Девиантты мінез-құлықтағы жасөспірімдермен қарым-қатынас», «Жасөспірімдер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу» тақырыптарында кемі 3 жиын өткізіледі және жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған 1 әдістемелік құрал дайындалады. Сонымен қатар, жоба аясында «қауіп-қатер тобындағы» жасөспірімдерге адрестік жұмыс жүргізілмек.