Маңғыстауда ерекше балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды

Маңғыстау облысында білім басқармасының тапсырысымен «Қолдау орталығы» 2024–2025 оқу жылында «Zerde+» және «Demeu 2.0» жобаларын жүзеге асырды.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте басқарманың бөлім басшысы Шынар Байдуллаева айтты.
Спикердің айтуынша, «Zerde+» жобасы - ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың әлеуметке бейімделуіне, шығармашылық қабілетін дамытуға және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Жоба аясында тамыз–қараша айлары аралығында 300 маман біліктілігін арттырды.
-Ал, «Demeu 2.0» жобасы - жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға арналған әлеуметтік тапсырыс. Бұл бағытта 450 педагог-психолог пен әлеуметтік педагогтың біліктілігін арттыру көзделген. Қыркүйек–қараша айлары аралығында 220 маман оқытудан өтіп, 7 ментор таңдалды. Олар өз өңірлерінде үш модульдік бағдарлама бойынша әріптестерімен тәжірибе алмасты, - деді Шынар Байдуллаева.
Брифинг барысында «Қолдау орталығы» мекемесінің директоры Милана Елеусінова алдағы уақытта «InBilim» және «Демеу+» жобасы жүзеге асырылатынын айтты.
-«InBilim» жобасы арқылы арнайы білім беру ұйымдарындағы 150 маманның кәсіби біліктілігін көтеруді жоспарлап отыр. Жоба өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға, инклюзивті білім берудің сапасын арттыруға бағытталған. Ал, «Демеу+» жобасы аясында 7 елді мекенде ата-аналармен және жасөспірімдермен тренингтер, консультациялар мен психикалық денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған іс-шаралар өтеді. Аталған жобалар қазан–қараша айларында жүзеге асады. Жұмыс барысы «Қолдау орталығының» ресми әлеуметтік парақшаларында жарияланып отырады, - деді Милана Елеусінова.
Фото: gov.kz