Мәсімовтің зәулім сарайы мектеп қылуға жарамсыз болып шықты

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің аукционға қойылған жекежайы санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін болып шықты. Осылайша ол пайдалануға жарамсыз болып қалды. Бұл туралы Malim.kz NewTimes.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласының Білім басқармасы “NewTimes.kz” ресми сұрауына берген жауабында экс-шенеуніктің жекежайы санитарлық нормаларға сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
“Астана қаласы, “Нұра” ауданы, Ерейментау көшесі, 1 мекенжайында орналасқан ғимаратты қосымша тексеру барысында Білім басқармасы нысанның әлеуметтік объект ретінде санитарлық нормалар мен белгіленген талаптарға сәйкес келмейтінін анықтады. Осыған байланысты аталған нысан білім беру мекемелерін орналастыру үшін коммуналдық меншікке қабылдау мақсатында қарастырылмайды”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен тәркіленген тұрғын үй алғаш рет 2025 жылдың ақпан айында сатуға шығарылып, 1 883 338 958 теңгеге деп бағаланған еді. Алайда үй аукционның бірінші сатылымында өтпей қалды. Жылжымайтын мүлік екінші рет наурыз айында сатуға шығарылып, тағы да сатылмай қалды. Элиталық үй сәуір айында тағы да сатылымға шығарылып, құны 282 500 843 теңгеге ғана арзандап, бастапқы баға – 1 600 838 115 теңге болып бекітілгені туралы жазған едік.
Фото: Ұлттық қауіпсіздік қызметі

Ең көп оқылған
