Мектептегі еріктілер: Қолдау – ар-намысты қорлауға ұласпауы керек
Волонтерлік – жүрегі кең адамдардың айналасына көмек қолын созу мақсатында құрған ерікті одақ. Шетелдерде волонтерлар жұмысы әлдеқашан жолға қойылған. Ал Қазақстанда кейінгі кезде қолға алынса да, азаматтардың волонтер болуға белсенділігі жоғары. Содан шығар, соңғы жылдары ерікті ретінде еңбек етіп жүрген жандарды жиі кездестіреміз.
Мәселен, Алматы қаласындағы 172 мектеп-гимназияның ұстаздары мен қызметкерлері «Ai-KORKEM» деп аталатын волонтерлық топқа біріккен. 2021 жылдың қараша айында жұмысын бастаған бұл ұйымға математика пәнінің мұғалімі Айдана Бақтыбаева бастама көтерген екен.
–әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика факультетінде оқып жүргенде «КӨМЕК қоғамдық қорының» волентері болдым. Оқып жүріп, бос уақытымызда түрлі қайырымдылық іс-шараларына қатысатынмын. 2021 жылы университетті бітіріп, №172 мектеп-гимназияға жұмысқа қабылдандым. Уақыт өте келе алдыма келетін әрбір оқушының тұрмыстық жағдайы, отбасылық ахуалы қызықтыра бастады. Сол кездерде өзіммен қатар жұмысқа кірген жас мамандармен сабағымызды өтіп болған соң, бас қосып шәй ішетінбіз. Сол шәй үстінде өзім тәтті жеп отырып, оған жете алмай жүрген оқушыларымды көз алдыма елестеттім. Неге осының бір бөлігін соларға да бермеске, қалғанына Алла өзі жәрдемші болар деген ниетте өз идеямды ортаға салдым. Бірақ бұл идея бірден іске аса қойған жоқ.
Волонтерлық қор құрудың маңызын пандемия кезінде жақсы түсіндім. Осы бір төтеннен келген жұқпалы дерт бізді ғана емес, әлемнің алпауыт мемлекеттерінің өзін әбігерге салғаны белгілі. Коронавирустан талай жан жақынынан ажырады. Әсіресе, жалғызілікті, қарт адамдар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, күндік табыс тауып отырған азаматтар карантин кезінде әбден қиналды. Талайдың тағдырына әсер еткен бұл вирустың салып кеткен ізі жүректерде әлі тұр. Сонымен қатар, мен білім беретін мектепте де жағдайы нашар, күнкөрісі төмен отбасылар жетерлік. Баланы мектепке дайындау, сабаққа қажетті құралдарын алып беру былай тұрсын, күнделікті тойып тамақ жей алмай отырған отбасылар баршылық. Оқушылардың мектепке ашқұрсақ келгенін көру, қатарластары асханаға барып, қалағанын алып жатқанда шетте жәутеңдеп тұрғанын байқау ұстаздарға да оңай емес. Шәкірттеріміздің отбасылық жағдайын көріп, біліп тұрып, шарасыз отыру дұрыс болмас. Сондықтан, жаңа оқу жылы басталып, алғашқы тоқсан аяқталар кезде ойымда пісіп жүрген идеяны мектеп басшылығына айтып көруге бел байладым.
– Мектеп директоры ұсынысыңды қалай қабылдады?
– Ол кездегі мектеп басшысы Талғат Қазыбаев еді. Жалпы Талғат Талдыбайұлы өте елгезек, жаңа идеяларды үнемі қолдап жүретін, жастардың бетінен қақпай, әрқашан білгенін үйретуден шаршамайтын жанашыр басшы. Директорға жолығып қор ашу туралы бастамамызды айтқанда ойланып қалды. Өйткені, ол кісі жобаны бастағанда оның өміршең болуына жіті назар аударатын. Содан болар, бірден идеяны жүзеге асырудың тетіктерін сұрады. Біз мектепте ортақ қор құрсақ, оған мектеп мұғалімдері күнделікті өз еріктерімен жүз теңгеден салып отырса, нұр үстіне нұр болатындығын жеткіздік. Былай қарасаңыз 100 теңге деген соншалықты көп қаржы емес. Алайда, білім ордасындағы екі жүзден аса адам жинаса, бұл кәдімгідей қаржы болады. Жұмысты жүзеге асырудың рычагтары директор көңілінен шықса керек, идеямызды қуана қабылдады.
– Ал әріптестер қордың құрылуына қарсылық білдірген жоқ па?
– Біздің мектептің ұжымы өте ұйымшыл. Қор туралы айтқанымызда барлығы бірауыздан қолдады. Өйткені, ұстаздар қауымының бәрі алдына келген шәкірттерінің хал-ахуалын, отбасылық жағдайын жақсы біледі. Балаларына айтпаса да, ата-анасы үйдегі қиындықты мұғалімдерге айтып жатады. Күнделікті жиналған қаржыдан сондай көмекке мұқтаж жандарды қуантуға боалтынын естіген соң ұстаздардың барлығы жақсы іске атсалысатындарын жеткізді. Теңге тиыннан құралатындығын ескеретін болсақ, жүз теңгеден жиналатын сомма кейде екі-үш отбасының баласын толығымен киіндіруге немесе тамақтарын алып беруге жетіп тұрады. Осылайша мектептегі жастар жиналып, алған заттарды отбасыларға таратып шығуды да әдемі дәстүрге айналдырдық.
Айдана Бақтыбаеваның айтуынша, үш жылға жуық уақыт ішінде мектеп ұжымы қорға күнделікті ақша салуды әдет етіп үлгерді. Алғашында жағдайы төмен, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жағынан көмектескен. Көмек мектептің аз қамтылған, асыраушылары жоқ, т.б мұқтаж отбасыларға жасалған. Осылайша күнделікті жиналған қаржыдан 100-ге жуық отбасыға азық-түлік таратқан ұжым халықтың шынайы алғысына ие болған. Уақыт өте келе қор бағытын кеңейтіп, 2022 жылдың тамыз айында оқушыларға оқуға қажетті құрал-жабдықтарды дайындап, 30-дан астам оқушыға сыйға тартыпты. Бұдан бөлек, Қасиетті Рамазан айында «Құран сыйла» акциясын ұйымдастырып, жиналған қаражатқа Алматы қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мешіттің бас имамы Кульмусаков Мейіржанға табыстаған. Мектеп формасын ала алмай жүрген бірнеше оқушының киім алуына көмек қолын созған. Мұның барлығы мектеп мұғалімдерінің ерікті түрде аз-аздан жинап отырған ақшасының арқасы. Шынайы ниетпен жасалған көмектің есесін Алла береді. Ұйымшыл ұжымның ерікті қорының игілігін көргендер көп. Солардың бірі қырық алты жастағы Жәмила апай.
– Өзім көп балалы анамын және ерекше қабілеті бар баланы тәрбиелеп отырғандықтан, көбіне үйде боламын. Ал мүмкіндігі шектеулі балаға қарау оңай емес. Оларды қараусыз қалдыру да қиын. Сондықтан жұмыссыздардың қатарындамын. Ертелі кеш балаларды сабақтарына жіберіп, ас-суларын даярлаймын. Осы жылдың қыркүйек айы жақындаған сайын, тыпыршып, мазам кете бастады. Себебі, мектепке баратын төрт балаға не киім, не оқу құралдарын алып беретін қаражат таба алмадым. Жолдасым болса екі жыл бұрын қайтыс болған. Оны ойласам, жүрегім қарс айырылады. Дей тұрғанмен, бала үшін өмір сүруді жалғастырады екенсің. Көршімнен мектепте қор бар екендігін естіп, көмек қолын созуды сұрап мектеп басшысына жолықтым. Жарқын жүзбен қарсы алған Талғат ағай мені Айданаға бағыттады. Айдана жүзі қандай сұлу болса, жан дүниесі де сондай сұлу да таза екен. Жиналған қаржыны ұқыппен есептеп, төрт баланың киіміне теңдей етіп бөліп көрсетті. Материалдық тұрғыдан ғана емес, моральдық көмек көрсетуден алдына жан салмады. Мектеп психологтарына жүгіну де мекемеде қолжетімді екендігін айта отырып, жабырқап жүрген жаныма жалау болды, – дейді Жәмила апай.
Айбүбі есімді көп балалы ана «Ai-KORKEM» қоры жайлы алғаш 2022 жылы естіген.
– Қазіргі нарықтық заманда тұрақты жұмыстың болмауы отбасын тұйыққа тірейді. Жолдасымның тапқаны шай-пұлдан артылмай, қатты қиналдық. Өзім екінші топтағы мүгедекпін, көзім дұрыс көрмейді. Сондықтан да көп жерлер жұмысқа ала бермеді. Қиыншылық қысып, еңсеп түсіп отырғанда, баламның сынып жетекшісі осы қордан көмек сұрауға болатындығын жеткізді. Имене басып, мектепке кіргенімде алдымнан жылы шыраймен қарсы алған Айдана мен оның командасына алғысым шексіз. Жиналған қаржыдан менің балаларыма да қыстық сыртқы және аяқ киімдеріне қаржыны ұсынды. Шын қуанып, әлі де өмірде мейірімділіктің бар екендігіне көз жеткізіп, үйге қайттым, – дейді көпбалалы ана.
Айдана Бақтыбаева қор қаражатын бөлуде мектептегі алқамен ақылдасып әрекет ететіндерін жеткізді. Мектеп ұжымының басты талабы – жиналған қаржы нағыз көмекке мұқтаж жандарға берілуі керек. Сонымен бірге, қордан қаржы бөлерде отбасының өзін төмен сезінбеуіне көңіл бөлінген. Жалпы, қор жақсы істерін жария еткенімен, кімдерге қандай көмек берілгенін сыртқа шашпай, мұндай ақпараттарды мейлінше құпия ұстауға тырысады. Өйткені, сырттан көмек алған балалар қатарластарының буллингіне ұшырауы әбден мүмкін. Қолдау көрсету ар-намысты қорлауға ұласпауы керек.
Тек балаларды жақсы іске жұмылдыру мақсатында оқушылардың қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берген қол көмегін ашық насихаттап келеді. Оқушылардың қамқорлық жасауға бала кезден дағдыланғаны дұрыс. Бүгін шарасыз жандардың ауласын тазалап, үйін жинауға, қажетті заттарын әкеліп беруге үйренген балалардың болашақта волонтерлар қатарын толықтырары күмәнсіз.