«Мен шок болдым». Алтынай Жорабаеваға құрбысы қымбат көлік сыйлады
Әнші үшін бұл тосынсый болған.
Қазақстандық танымал әнші Алтынай Жорабаева туған күні қарсаңында темір тұлпарға ие болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің құрбысы оған салоннан қымбат көлік сыйлаған. Алтынай Жорабаева бұл туралы Instagram-дағы парақшасында айтты.
Жорабаева үшін мұның тосынсый болғанын көруге болады. Ол бастапқыда құрбысы көлікті өзіне алады деп ойлап, соның қуанышын бөлісуге автосалонға барған. Әнші жариялаған видеода оның құрбысының көлігіне шашу шашып жатқанын көруге болады. Алайда бейнежазба соңында бұл темір тұлпарды құрбысы Алтынайға сыйлаған. Шоу-бизнес өкілі мұндайды күтпесе керек, көзіне жас алды.
Мен шокпын. Төлеу мен Индира өзімізге Lexus аламыз деп алдап шақырыпты. Сөйтсем, менің туған күніме сыйлық екен. Машинаның артына гүл қойып, «Алтынай әпке, мына машина сіздікі» деп жазып қойыпты. Кешке кішігірім атап өтеміз. Ет асып жатырмын, - деп жазды әнші.
Жорабаеваға достары Lexus LX600 маркалы автокөлігін сыйға тартқан. Оның нарықтағы бағасы 62 млн теңгеден басталады.