Павлодарлықтар жылу жетіспеушілігіне шағымданып жатыр

Облыс орталығындағы бірқатар көпқабатты үйлер жылуға жарымай тұр. Әсіресе, Екінші Павлодар, Усолка шағын ауданының тұрғындары күн салқында жаурап отырғандарын айтады.
Павлодар қаласындағы барлық көпқабатты үй орталық жылу көзіне қосылғанымен, кейбір үйлердің тұрғындары жылу батареялары толық қызбай тұрғанына шағымданып отыр.
Өңірде күн қазір салқын, түнгі уақытта температура 0 градусқа дейін төмендейді. Соған орай пәтерлерде тұратын халық жаурай бастағандарын айтады.
Жылу жетіспеушілігі Усолка, Екінші Павлодар шағын аудандары мен қаланың орталық бөлігінде жиі кездесуде. Көптеген үйлердің бір подъезінде жылу болса, екіншісінде жылу толық қосылмаған. Ал енді бір шағын аудандарда қысымның жетпейтіні байқалады. Себебі пәтерлердегі батареялар қызып тұрады да кенеттен бірден салқындап кетеді. Көпшілік қаланың орталық жылу желілерінде мәселе бар деп есептейді.
Қалалық әкімдіктің дерегінше барлық 1308 көпқабатты үйге жылу 30 қыркүйекте толық қосылып болған.
Шаһардағы әлеуметтік мекемелер 10 қыркүйектен жылу көзіне қосылса, 22–30 қыркүйек аралығында барлық тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу көзіне жалғанды. Яғни жылу кірмей тұрған үй жоқ. Мәселе қаладағы гидравликалық режимді қалпына келтіруге байланысты болып тұр. Бұл жұмыспен қалалық жылу желілері мекемесі шұғылданып жатыр. Қалада жылу бойынша арнайы комиссия құрылған, әр үйдің, әр жеке тұрғынның өтініші бойынша тиісті іс-шараны атқарып жатыр. Сонымен қатар ПИК-тер де әр үйдегі қысымды ретке келтірумен шұғылдануда. Бір апта ішінде гидравликалық реттеу жұмыстары аяқталуы керек. Сол кезде үйлердегі жылу қалыпты температураға жетеді, — деп түсіндірді жағдайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әкімдік өкілдері атап өткендей, жылу желілеріндегі гидравликалық режимді реттеу өте күрделі процесс. Кейбір үйлер жылу желісінің ең соңында орналасуы мүмкін. Ондай жағдайда реттеу жұмыстарымен тұтастай бригада шұғылданады.
Фото: SBenitez / Getty Images