Президенттікке 6 жыл: Тоқаевтың саяси бастамалары мен реформаларынан не күтеміз
Мемлекет басшысының осы жылдар ішінде елімізді оң өзгерістерге бастайтын: атқарушы билікке берілген тапсырмалары, бастамалары, ұсыныстары көптің көкейінен шығып жатқаны анық

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік тізгінін қолына алғанына 6 жыл толып отыр. Бір мемлекеттің даму тарихымен салыстырсақ, көп уақыт емес. Осы орайда Malim.kz Президенттің алты жылда қандай айтулы істер атқарғанына үңіліп көрді.
Ықпалды Парламент
Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының ең маңыздысы - Парламенттің ықпалын күшейтуін ауыз толтырып айтуға болады. Әйтпесе бұған дейін елімізде суперпрезиденттік басқару формасы болғаны анық. Бүгінде Қазақстанды дамытудың саяси моделі өзгерген. Парламенттің рөлі күшейді.
Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы қалыптасты.
Президент ешқандай партияға мүше болмайды
Бұдан бөлек, Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде ешқандай партияға мүше болмайды. Өйткені ел басшысының бір партияда болуы сол саяси ұйымның ықпалын арттыратыны анық.
Саяси сарапшылардың айтуларынша, заңға мұндай норманың енгізілуі саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды.
Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдерге саяси партияларда қызмет атқаруға тыйым салынды, бұл биліктің партиялық мүдделерден тәуелсіздігіне ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмектесетін мемлекеттік органдардың азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы үшін цифрлық форматты басымдыққа айналдырған «Әдепкі цифрландыру» жобасына бастамашылық жасалды.
Сонымен бірге сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды.
Конституциялық сот реформасы
Тоқаевтың Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынғаны белгілі. Ал бұл - институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етіп, азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсартатыны анық. Конституциялық сот 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз қызметін бастады.
Аралас сайлау жүйесі
Мемлекет басшысы өз сөзінде халықтың сайлау науқанына деген қызығушылығы өте төмен екенін, белсенділіктің өте нашар екенін, халық депутаттарды танымайтынын бірнеше мәрте айтқан болатын.
Осы орайда Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынып, бұл барлық азаматтың құқығын толығымен сақтайтынын жеткізді. Мәжілістің депутаттық корпусы 70 пайызы пропорционалды, 30 пайызы мажоритарлық негізде сайланды. Аралас сайлау жүйесі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауына да енгізілді. Ал аудандар мен қалалардағы мәслихат сайлауын Президент толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынды.
Тоқаев реформасы аясында бұған дейін Сенатта болған президенттік квота қысқартылды. Ал Мәжілісте бұған дейін болған ҚХА депутаттары азайтылды.
«Ұлттық қор – балаларға»
Тоқаевтың Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару туралы ұсынысы жұртшылықтың көңілінен шықты. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат оның есепшотына аударылатын болады. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалмақ. Былтыр 1 қаңтардан бастап кәмелет жасына дейінгі барлық баланың шотына Ұлттық қордан ақша аударылып жатыр.
Әрине, Мемлкет басшысының осы жылдар ішінде елімізді оң өзгерістерге бастайтын: атқарушы билікке берілген тапсырмалары, бастамалары, ұсыныстары көптің көкейінен шығып жатқаны анық.
«Реформалар мемлекеттік басқару жүйесіне де әсер етті»
ҚСЗИ Алматыдағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова конституциялық реформа елдің саяси құрылымын түбегейлі өзгерткенін айтады. Сарапшы бұл пікірін Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Алматы өкілдігінде «Қазақстандағы реформалар: негізгі жетістіктер мен даму бағыттары» тақырыбында КИСИ GPS: GYLYM. PIKIR. SAYASAT Ұлттық сараптама алаңының кезекті отырысында келтірді.
Оның сөзіне қарағанда, партиялық және сайлау жүйесін либерализациялау шаралары жүзеге асырылды, президенттік өкілеттіктерді шектеу қадамдары жасалды, Парламенттің рөлі күшейтілді, Мәжіліс пен мәслихаттарға бір мандатты округтер бойынша сайлау енгізілді, депутаттардың өкілеттіктері айтарлықтай кеңейтілді. Заң үстемдігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам – Конституциялық Сот қайта құрылды, онда азаматтарға өз құқықтарын қорғау үшін тікелей жүгіну мүмкіндігі берілді.
«Реформалар мемлекеттік басқару жүйесіне де әсер етті: билікті орталықсыздандыру жүзеге асырылды, жергілікті мемлекеттік органдардың өкілеттігі кеңейтілді, бірнеше деңгейдегі әкімдерді сайлау енгізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында заңсыз жолмен алынған мүлікті мемлекет пайдасына тәркілеу туралы норма белгіленді. Сонымен қатар, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бекітілді, оған сәйкес үкімет шешім қабылдау кезінде азаматтардың пікірін ескеруге міндетті. «Бұл мемлекеттік органдардың қоғам алдындағы ашықтығы мен жауапкершілігінің деңгейін арттырады», - деп атап өтті Әсел Назарбетова.
Заңсыз активтер елге қайтарылды
Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауовтың айтуынша, елімізде ауқымды реформалар жүріп жатыр.
«Айналдырған алты жылда небір қиындықпен бетпе-бет келдік. Пандемия, су тасқыны, экономикалық дағдарыс, әлемдегі геосаяси шиеленістерді бастан өткердік. Бірақ соған қарамастан еліміз еңсесін түсірген жоқ. Керісінше заман ағымына икемделіп, қиындықтан шығар жол тауып келеді. Соңғы алты жылда не өзгерді? Президент пәрменімен заңсыз иемденілген активтер қайтарылып жатыр. 2022 жылдан бері елге 1,12 трлн заңсыз шығарылған қаржы қайтарылды. Түскен қаражатты әлеуметтік міндеттерді шешуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуда.
Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында 280-ге жуық жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ инженерлік желілер мен су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға 194 млрд теңгеден астам қаражат аударылды. Сонымен қатар, ел экономикасына 130 млрд доллар инвестиция құйылған. Оның жетпіс пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібінің еншісінде. Сондай-ақ отандық шаруаларға көрсетілген қамқорлықтың арқасында, ауылшаруашылығы саласында ілгерілеу байқалады. Бұдан бөлек отыз жыл бойы жөндеу көрмеген жылу энергетика нысандары жаппай күрделі жөндеуден өте бастапты. Әбден тозығы жеткен желілер жаңартылуда. Онымен қоса тас жолдар салынып, алдағы уақытта ауыл, ауданаралық жолдардың 95 пайызын талапқа сай қылып жасау тапсырмасы жүктелді. Соңғы алты жылда ел бойынша мыңға жуық аурухана мен емхана салынған. Апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі де жіті назарда. Тек биылдың өзінде 200 жаңа білім ошағын салу жоспарланған. Міне, елімізде осындай оң өзгерістер болып жатыр. Қарапайым халыққа бұл жұмыстар аса байқалмауы мүмкін. Бірақ мемлекеттік деңгейде ауқымды реформалар жүріп жатыр деп айтуға болады», - дейді депутат.
Өңдеу кәсіпорындарының үлесі өндірушілермен теңестірілді
Ал экономист Дастан Қаратаев бізге берген пікірінде соңғы жылдары ел экономикасы айтарлықтай өскенін атап өтті.
«2019-2024 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы серпінді өсім мен елеулі құрылымдық өзгерістерді көрсетті. Осы кезеңнің негізгі көрсеткіштері мен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ресми ақпаратқа сүйенсек жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ)өсу бағыты бойынша: 2019 жыл: ЖІӨ өсімі 4,5% құрады. 2024 жыл: 11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі негізінен мұнай емес сектордың дамуына байланысты 4,4% құрады. Өңдеу өнеркәсібі: өндіріс 2019-2024 жылдар аралығында 31,4%-ға өсті. Құрылыс саласында өсім сол кезеңде 96,3% құрады. Өңдеу кәсіпорындарының үлесі өндірушілермен теңестірілді, бұл экономиканы әртараптандыру процесін көрсетеді. 2020 жылғы пандемия экономикаға айтарлықтай әсер етті, бірақ кейінгі жылдары экономика қалпына келді және 2024 жылға қарай әртүрлі секторларда тұрақты өсу байқалды. 2024 жылы ең жоғары өсім көрсеткен экономика секторлары: Ауыл шаруашылығы: Өсім 13,7% құрады. Құрылыс: Өсім 13,1% құрады. Сауда: Өсім 9,1%-ға жетті. Көлік: Өсім 8,5% құрады. Өңдеу өнеркәсібі: Өсім 5,9% құрады.
Жалпы, 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі кезең тұрақты экономикалық өсумен, елеулі құрылымдық өзгерістермен және Қазақстан экономикасының табысты әртараптандырылуымен сипатталады. Сыртқы және ішкі сын-тегеуріндерге қарамастан, ел экономиканың негізгі секторларында оң серпін көрсетті», - дейді ол.
Саяси бастамалар – жаңаша дамуға серпін
Қорыта айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың алты жылдық Президенттігінің сөзсіз нәтижесі Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын нығайту, оның дипломатиялық ықпалын кеңейту және ұлттың жалпы әл-ауқатын жақсарту бойынша шараларының тиімді, оң нәтиже бергендігін көріп келе жатқанымызды айта аламыз. Оның стратегиялық басшылығы ел ішінде де, одан тыс жерлерде де бейбітшілікті, тұрақтылықты және өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етті. Әлеуметтік бастамалары шешімі табылмай келе жатқан әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қамтып, халықтың әлеуетін жақсартуға ықпалдасты.
Мемлекеттік саясат шеңберінде жасалған жұмыстар халық пен мемлекетті басқарушылар арасында байланыс орнатып, Президенттің жыл сайынғы халқына Жолдауы, Ұлттық құрылтайды жандандыру, басқа да саяси бастамалары мемлекетімізді жаңа дамудың бастауына алып келе жатыр.
Фото: Baq.kz