Қазақ қыздары азаматтық алу үшін кәріске тұрмысқа шығып жатыр
Кореяда жүрген қазақстандық әйел мән-жайды айтты.
Қазіргі кезде шетел асып, жұмыс іздеп кететін қазақстандықтар күн санап көбейіп жатыр. Бір ғана Оңтүстік Кореяда 35 мың қазақстандық жұмыс істесе, оның қаншасы заңсыз жүргені белгісіз. Шетелде азаматтық алу үшін өзге ұлт өкілімен көңіл жарастыратындардың да қатары өскен. Алматылық Жаннат Төрешова nege.kz-ке берген сұхбатында шетелдегі қазақстандықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оңтүстік Кореяға жұмыс бабымен барған Жаннат жұмыстың өте ауыр екенін, оңай жерде ақша жоқтығын айтты.
Кореяға 2022 жылдың желтоқсан айында келдім. Қазір мұнда жүргеніме бір жарым жыл болды. Туған жерім Алматыдан жырақта жетіскенімнен жүрген жоқпын. Сол баяғы ақша жетпегеннен. Ешкім «келе ғой» деп шақырған жоқ. Біраз уақыт осында жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі парақшаларын қадағаладым. Сөйттік те, інім әйелімен, үшеуміз тәуекелге бел буып, турист ретінде кірдік. Сосын заңсыз қалып қойдық. Біз алғашқы кезде Инсон қаласына тоқтадық. Кейін Қазақстаннан келгендер көп шоғырланған Үлкен Куанжу деген қалаға келдік. Әуелгіде Тик-ток пен Инстаграм желісінде «табиғаты керемет, ақшаны миллиондап тауып жатырмыз» деген жарнамалық ақпарат көп болды. Солай шығар деп сендік. Шын мәнінде, Оңтүстік Корея әлдеқайда дамып кеткен мемлекет екен. Бірақ «Оңай жерде ақша жоқ». Жұмысы өте ауыр. Алты айдан кейін інім мен келінім отбасылық жағдайға байланысты елге қайтты, - дейді Жаннат Төрешова.
Бұдан бөлек сырт елде табыстың жақсы екенін жасырмады.
Арбайт болып жұмыс істесең, күнделікті төлейді. Мысалы, маусымдық жұмыс сарымсақ жинағанға күніне 150-200 мың вон төлейді. Бұл 50-55 мың теңге. Зауытта жұмыс істесең, күніне шамамен 30-35 мың теңге береді. Жұмыс басқалармен салыстырғанда жеңілдеу, ауыр көтермейсің. Бірақ аяқтан тік тұрып 10-12 сағат жұмыс істейсің. Ауысыммен істейтін зауыттар бар. Күніне 250-300 доллар төлейді. Жалпы, Кореяда орта есеппен айына 1 млн теңге табуға болады. Алайда, жұмыс өте ауыр. Оның тең жартысы жалдаған пәтерге, тамаққа кетеді. Сонда да Қазақстанға қарағанда әлдеқайда тәуір. Себебі, бізде жалақының өзі тамаққа ғана кетеді ғой. Алматыда медицина саласында жұмыс істедім. 150-200 мың теңге алдым. Оның 150 мыңын пәтерге төлейсің. Несие алып, төлей алмай, пайызы өсіп кетті. Екі балам бар, жалғызбасты анамын, - дейді Жаннат Төрешова.
Арнайы мақсатпен барған Жаннат бүгінде несиелерін толық жауып алыпты.
Ең бастысы, несиелерімді жаптым. Қазір кішігірім жер телімін алып, енді үй салуға ақша жинап бастадым. Сол үшін жұмыс та таңдамай, іліккенін істеп жүрмін. Кейде Тик-токқа тікелей эфирге кірсем, әртүрлі пікір жазады. Жасы үлкен кісілер қолдау білдіреді, енді бірі «қаңғыбастар, сатқындар» деп жатады. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Қайдағы сұлтан? Біз сұлтан болуға келген жоқпыз ғой. Денсаулықты беріп, ауыр жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрміз, - дейді Жаннат Төрешова.
Бұдан бөлек кәріске тұрмысқа шығатындар туралы да сөз қозғады. Ал өзінің өзге ұлтпен бас қосқысы оқ екен.
Жоқ. Ондай ойым да жоқ. Бірақ қазақ қыздарының біразы виза, азаматтық алу үшін кәріске тұрмысқа шығып, қалып қойған. Әсіресе, орыс, украин қыздары кәрістерге тиіп жатыр. Байқағаным, кәрістер орыс қыздарын ұнатады екен. Олардың діні – бір. Бірақ қазақтарға тура келмейді. Соған қарамастан қазақ қыздары кәріс жігіттеріне амалсыз келісім беруге мәжбүр, - дейді Жаннат Төрешова.
Фото: жеке архив