Қазақстанда несие беруге шектеу енгізіледі

Қазақстанда кепілсіз тұтынушылық қарыздарға шектеу қойылады. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің коммуникациялар басқармасы хабарлады, деп жазады Malim.kz.
Жоба банк қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленді және тұтынушылық кредит берудің өсу қарқынын шектеуге және азаматтардың шамадан тыс борыш жүктемесін болдырмауға бағытталған.
Жобада соңғы 12 айда 90 күннен аса кешіктірілген қарызы бар қарыз алушылар үшін борыш жүктемесінің коэффициентін (БЖК)
0,5-тен 0,25-ке дейін төмендету көзделеді, бұл осы қарыз алушылардың артық міндеттемелер алу мүмкіндігін шектеуге және қайта дефолт ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, төмендегідей талаптардың бірі болған кезде кепілсіз тұтынушылық қарыздарды беруге шектеу енгізіледі:
- банктік қарыздар бойынша күнтізбелік 30 күннен аса және (немесе) микрокредиттер бойынша 1 күннен аса төлем мерзімі өткен кезде;
- 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы 36 айда негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша толық кешірілген берешек болған кезде;
- соңғы 12 айда қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпеген қайта құрылымдау жүргізілсе.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Фото: pixabay