Қоқыс арасындағы ыдыс-аяқ: Ата-аналар мектеп асханасына шағымданды

Алматыдағы №65 мектеп-гимназиясы оқушыларының ата-аналары асханадағы антисанитарияға шағымданды. Қалалық білім басқармасының қызметкерлері мектепте тексеру жүргізді, - деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Мектеп оқушыларының ата-аналарының бірі мектеп асханасынан түсірілген бейнежазба мен суреттерді жариялады. Онда кір ыдыстар, зең басқан қабырға, сондай-ақ дайын тамақты жеткізуге арналған ластанған лифт көрсетілген.
Ата-аналар мектеп асханасына қызмет көрсететін жеке кәсіпкердің жұмысын тексеруді сұрап, прокуратураға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүгінген.
Тексеру нәтижелері
Әлеуметтік желілердегі ашулы ата-аналардың жазбасына Алматы білім басқармасы жауап берді.
"КММ "№65 мектеп-гимназия" директорына мектепішілік бақылаудың әлсірегені үшін ҚР Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жаза қолданылды", – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар, Білім басқармасы бұл факт аудандық СЭС-ке жеткізілгенін, ал ыстық тамақ жеткізушісіне қатысты тиісті шаралар қабылданатынын нақтылады.
Фото: видеодан скрин