Құрбандыққа қандай мал шалынады?

Құрбандық шалу. Бұл күні шариғат бойынша барша мұсылманға ортақ ғибадат - құрбандық шалынады. Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Сондықтан бұл құрбандық шалу мерекесі, яғни Құрбан айт деп аталады.
Ерекше айта кетерлігі, кез-келген мал құрбандыққа жарай бермейді. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болу қажет: Құрбандыққа 5 жасар түйе, 2 жасар сиыр, 1 жасар қой-ешкінің еркегі де, ұрғашысы да шалынады. Мал ақсақ-тоқсақ, арық, соқыр, құлағы жоқ болмауы керек. Айтпақшы, мүйізі де бүтін болған шарт. Разылыққа жету үшін дұрыс мал сойылуы тиіс. Енді осыны тарқатып айтар болсақ:
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.
Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет.
Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Және біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек.
Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апарып, малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызады. Мал бауыздалмай тұрып аят оқылады. Аят білмесеңіз, дұға оқуға болады. Оқып болған соң «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһаиллаллаһ» деп малды абайлап бауыздайды. «Абайлап» дегеніміз пышақты жалаңдатпай, мадың көзінше пышақ қайрамайды. Оң қолмен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Малдың жаны шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмайды және қаны толық ағып біткенін күтеді. Құрбан шалғанға дейін де, кейін де сол жер таза болуға тиіс.
Фото: None

Ең көп оқылған
