Шахмат тақтасының үстінде шпагатта отыр. Бибісара Асаубаеваның суреті сынға ұшырады

Әлемдік аренада Қазақстан атын танытып жүрген гроссмейстер Бибісара Асаубаеваның фристайл шахмат турнирінде жарияланған суреті әлеуметтік желіде сынға ұшырады, - деп хабарлайды Malim.kz 1bol.kz сайтына сілтеме жасап.
Турнирдің ресми Instagram парақшасында шахматшыларға арналған таныстыру посттар сериясында ұйымдастырушылар Бибісараның шахматтағы жетістіктерін емес, шпагат жасап тұрған фотосын таңдаған.
Бұл қадам желі қолданушыларының ашуын тудырып, ұйымдастырушылар «кәсібиліктен жұрдай» деген сынға ұшырады.
«Сіздер ешқашан Магнус Карлсеннің шортымен жүрген немесе Хикару Накамураның шахмат тақтасында шпагат жасап тұрған суретін жарияламайтын едіңіздер ғой. Ендеше неге дәл осындай мазмұндағы фотосурет шахмат турнирінде қолданылды? Бұл жағдай кәсібилік талаптарына сай келмейді және гендерлік теңсіздіктің белгісіндей әсер қалдырады»,
«Бұл қандай фото өзі? Ол шахматшы емес пе?», «Мұндай фотоны жариялап, шахмат әлеміне осындай астарлы үндеу жолдағаны үшін freestyle chess ұйымдастырушыларынан ұялу керек».
«Бұл фотоны неге таңдағандарын түсінбеймін... Ол керемет шахматшы және оның ойнап отырған сәтінен көптеген суреттері бар. Аяғын керіп отырған фотосуретті жариялаудың қажеті жоқ еді», – деп жазды желі қолданушылары.
Жанкүйерлер бұл фотоның әйел шахматшыларға деген көзқарасты жеңілтек етіп көрсететінін айтып, мұндай танымал платформаларда кәсіби тұлғаға лайықты құрмет көрсетілуі керек екенін еске салды.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева – Қазақстан шахмат тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер. Ол биылғы Sharjah Masters 2025 супертурнирінде (БАӘ) 64 гроссмейстердің ішінен үздік отыздыққа енді. Әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетіп, әлемдік гроссмейстерлер – Чжу Цзиньэр мен Дивья Дешмухты басып озды.
Фото: instagram.com/freestyle_chess


Ең көп оқылған
