Шерзат отбасының адвокаттары өздеріне қысым күшейгенін мәлімдеді
Әлеуметтік желіде марқұм Шерзат Полаттың отбасының адвокаты Саида Таукелева мәлімдеме жасады, деп хабарлайды www.malim.kz сайты Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ақпарат Шерзат Полаттың қазасынан кейін ашылған justice_for_sherzat инстаграм парақшасында жарияланды. Құқық қорғаушының сөзінше, соңғы уақытта Шерзат Полаттың отбасының қорғаушыларына шабуыл көбейген. Белгісіз біреулер түрлі парақшалармен құқық қорғаушылардың ұлтын, тілін төмендетіп, тіл тигізіп жүр екен. Сонымен қатар адвокат желіде жалған ақпарат тарататын бот аккаунттар көбейгенін айтады.
Cаида Таукелева бұндай шабуылдың соңғы уақытта тым көбейіп кеткенін мәлімдеді. Бірақ адвокат мәселені әділ шешуге ұмтылатынын, өздеріне тапсырылған жұмысты ғана атқаратынын айтты.
«Біз негізгі мақсаттан таймаймыз. Жәбірленушінің отбасының құқығын қорғаудан қашпаймыз. Біздің барлық іс-әрекеттеріміз әділеттілікті орнатуға бағытталған. Біз өз жұмысымызды кәсіби және заң аясында жүргізуді жалғастырамыз. Біздің беделімізді түсіруге немесе жағдайды ушықтыруға бағытталған кез келген әрекет әділеттілікке қол жеткізуге көмектеспейді», - деді адвокат.