Шымкент тұрғыны елден 200 млн теңге жинап алып, қашып кеткен

Шымкентте әйел адам арзан көлік алып беремін деген сылтаумен адамдардан 200 миллион теңгеге жуық ақша жинап алып, жоқ болған. Ол өзін ломбард қызметкері ретінде таныстырып, ақшаны алған соң уәдесін орындамаған, деп хабарлайды Malim.kz ақпарат порталы Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккен ер адам көлік сатып алу үшін әйелге 125 миллион теңге берген. Оның айтуынша, күдікті оған жүк көлігін қоса алғанда бірнеше автокөлікті төмен бағамен сатып алып беруге уәде еткен.
«Бастапқыда екі көлік үшін, кейін тағы алтауы үшін ақша бердім. Соның ішінде бір жүк көлігін арзан аламын деп ойладым. Ол жақын күндері жеткіземін деді, бірақ ақшаны алғаннан кейін ештеңе істемеді. Қолымда бірнеше қолхат бар, ақшамды қайтаруға үміттімін», — дейді жәбірленуші.
Белгілі болғандай, әйелдің іс-әрекетінен кемінде жеті адам зардап шеккен. Олардың айтуынша, ол сенімге кіріп, көліктердің суреттері мен видеоларын көрсетіп, тиімді шарттар ұсынған. Ақшаны алған соң біраз уақыт уәде беріп жүргенімен, кейін мүлде байланысқа шықпай қойған.
«Ол өзін ломбардта жұмыс істеймін деп таныстырды, тіпті кейбір ресми құжаттар мен жеке сот орындаушысының анықтамаларын көрсеткен. Бізде оның хабарламаларының скриншоттары бар, солардың бірінде ол «кінәмді мойындаймын, түрмеге қамалсам да, ақшаны қайтармаймын» деп ашық жазған», — дейді тағы бір жәбірленуші Отажан Абдураимов.
Жәбірленушілер бір-бірімен тергеу кезінде танысқан. Олардың есебінше, жалпы шығын шамамен 200 миллион теңгені құрайды. Кейбіреулері 2023 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүр.
Күдіктінің өзі болған жағдайды түсіндіруден бас тартқан. Барлық мән-жай тергеу барысында анықталмақ. Оқиғаның нақты қорытындысын сот шығарады.
Фото: видеодан скрин