Шындықты айту да өнер!

Олжас Қасым

  • 01.05.2021

 

Болат Атабаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Гете медалінің иегері. (Германия) Диссидент-режиссер 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыппен түрмеге де қамалған. Соңғы тоғыз жылға жуық уақыт Германияның Кёльн қаласында тұрды. Театр академиясында сабақ берді. Биыл Қазақстанға оралды.

- Болат аға, өткенде сіз тұрып жатқан осы Алматыдағы Ақсай шағынауданына келгенде аулаңызда бір үлкендеу кісімен сөйлесіп қалдым. Бұл жерді «неміс ауласы» деп атайды деді. Неге «неміс ауласы»?

- 1980 жылдардың соңында Теміртаудан неміс театры Алматыға көшіп келді. Сонда осы Ақсайдағы үш көп қабатты үйден елу бір әртіске пәтер берілді. 1995 жылға дейін бірге тұрдық. Жұмысқа бірге барып келеміз дегендей. Кейін олар шетінен атамекендеріне көшті. Жаңа жылда, басқа да мерекелерде аулаға шығып әртістер ән салып, би билейтін. Осы төңіректегі балаларды қуантып айналаны мерекеге айналдыратын.

- Әңгімеміз басталмай тұрып сұрап алғым келеді. Сіз үшін жабық тақырыптар бар ма?

- Бар.

- Қандай?

- Жеке басыма қатысты.

«БАҚАНАСТЫ САҒЫНАМЫН»

- Туған ауылыңыз бұрынғы Талдықорған облысына қарасты Тентек ауылы. Өскен жеріңіз Бақанас. Балалық пен бозбала күндер қалған жерді сағынатын шығарсыз.

- Сағынамын. Алғашқы махаббат, бірінші төбелес, бірінші протест. Алғашқы сахна. Алғаш рет сол Бақанаста Балқаш аудандық халық театрында «Еңлік-Кебекте» Жапалдың рөлін ойнап халықтың қошаметіне бөлендім. Достарым болды. Дискуссия өткізетінбіз. Небір тамаша кештер болды ғой. Қызық кезең еді. Идеология да көп болды. Түкке тұрмайтын мектепте линейка, (оқушылардың қатысуымен өтетін жиын - ред) басқа да жиналыстарды көрдік. Бойымызда алғаш комплекстер қалыптасты. «Тыныш отыр», «араласпа», «жұмыстарың болмасын», «үлкендер тұрғанда сендерге не жорық?» деген сөздерді естідік. Орысша айтқанда, "почтительный страх перед старшим поколением" сол Бақанаста пайда болды. 30-40 жасқа дейін осы комплекстерді қалай жеңемін деп қиналдым ғой. Үлкендердің мысы басады. Мен жұмыс жасаймын ба, әлде сіз үлкенсіз, сізді сыйлаймын деп отыра беруім керек пе?

- Бұның бәрі отбасындағы авторитаризмнің кесірінен ғой?

- Иә. Отбасындағы да және мектептегі авторитаризмнен. Бұл қазақ отбасының ерекшелігі. Үйдегі комплекстермен сыртқа шыққанда қиналасың. Өмірді көруің керек, көзқарасыңды қалыптастыруың керек. Бұрын көрмеген өмірді көресің. Өзгересің. Қазақы тәрбие деген не? Көзбен қазақы бір нәрсені көру керек. Мұрынмен қазақы бір нәрсені сезіп, құлақпен қазақы дүниені естіп, ауызбен қазақы дәмді сезуің тиіс.

- Домбыраның үнін естіп, қазы жеу керек пе?

- Иә, оған талқан мен құртты қосыңыз. Баяғыда ауылда Тілеужан деген көршіміз болды. Керемет адам еді. Есіктен шыға сала: «Ей, ана жақта не болып жатыр-ей?» деп айғай салатын 1мамыр күні. Біз шешеміздің етегіне оратылып улап-шулап аузымызға бір-бір пирожки салып алып демонстрациядан қайтып келе жатамыз. Шешем: «ол жақта қызыл көтен қырғын боп жатыр» дейтін. Ол не сөз. Ауылдың сөзі.

- Ата-анаңыз қандай адамдар еді?

- Әкем есепші болып еңбек етті. Анам наубайханада нан пісіретін. Шешем еркіндеу адам еді. Тілі ащы болатын. Әкем: «қарашы арғындығын істеп отыр» дейтін. Сонда не істеді деймін. Өзінен сұра дейді. Сонда не істеді дейсіз ғой. Тілімен шағып алады. Соның бәрін естіп өстім ғой. Ол да тілдің байлығы ғой. Көршіміз Тілеужан апай бір күні азанда сиыр сауып ақсаңдап келе жатқан шешеме: «Ей, Атабаевтың қатыны-ей, байың кәмәндиробкіден келіп шалқаңнан түсірген бе? Ақсаңдап қалыпсың ғой» деп есігінің алдында тұрып айғайлады. Шешем: «Кет-ей, ары. Сиыр сауамын деп аяғым ұйып қалды» деп жауап қатты. Ол кезде ол сөздерді түсінбеймін. Қазір ойлап қарасам ауылдың қалжыңы. Өздеріне жарасады.

«ӘКЕМ АРАҚТЫ ҚАТТЫ ІШЕТІН»

- Балалық шақ дегенде есіңізге ең бірінші не түседі?

- Іле түседі. Іленің бойы. Құм. Бірге оқыған балалар. Дала безер бала болдым дей алмаймын. Алдындағы әпкем ата-әжемнің қолында тәрбиеленді. Мен үйдің үлкені болдым. Үйді тазалаймын. Тамақ істеймін, кір жуамын. Су тасимын. Балалар ойнайық деп келгенде еден жуып жатамын. Содан кеп жылаймын: «осы үйдің қатыны мен» деп. Бірақ бітіремін жұмысымды. Шешемді аяймын. Үйде шиіттей балалар. Балалығым жаман болған жоқ. Еңбекпен өтті. Мені отырғызып қойып мынаны істе, мынаны істеме деп тәрбие берген жоқ. Балалық дегенде тағы есіме түсетіні әкемнің арақ ішкендігі. Әкем арақты жақсы ішті. Ішпесе керемет адам. Көп сөзге жоқ. Жуас.  Ішіп алса басқа адамға айналатын. Жүнжіп кететінбіз. Әсіресе шешем. Анамды аяйтынмын. Қазір ойлаймын сол кезде ішкенде іштегі қыжылын шығарды ма деп.

- Сіз кімге тартқансыз?

- Түрім анама ұқсаған.

- Мінезіңіз?

-Мінезімді білмеймін. Әкем де, шешем де мен сияқты емес. Менің ерегеспе ауруым бар. Қисықпын. Әділетсіздікті көріп тұрсам, айтуға тырысамын. Айтамын да. Жай айтпаймын. Соңынан қуалап жүріп айтамын. Сол не әдет деп тиіседі туған-туыстарым.

- Абайдың «Қуанбаңдар жастыққа» дейтіні бар. Сіз жастыққа қалай қарадыңыз? Қалай өткіздіңіз?

- Жастық шақ бақытты кез ғой. Жастығым шет тілдер институтында өтті. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, хорда ән салдым. Қыдырдық.

- Төбелестіңіз бе?

- Жоқ, төбелескем жоқ. Көбіне кітапханада уақытымды өткізетінмін. Шет тілдер институтында Сағатай Мусинов деген досым болды. Тілге, оқуға өте тиянақты жігіт еді. Оның оқуға деген құштарлығы маған әсер етті. Көп дүние үйрендім. Әсіресе шыдамдылықты. Оқыған нәрсені қазбалап соңына дейін жетуге тырысатынмын. Менде сондай дос болды. Соның арқасында шет тілдер институтын қызыл дипломға бітірдім.

«ҚЫЗДАРҒА ҰНАУ ҮШІН МҰҒАЛІМДІ ТАЛДЫРДЫМ»

- Бір сұхбатыңызда студент кезіңізде мұғалімнің лекциясын бір әріпін қалдырмай дәптерге түсіріп содан кейін кітапханаға барып қатесін іздейтінмін деп едіңіз.   

- Ол енді оңбағандық қой. Шет тілдер институтында қыздар көп оқиды ғой. Сол қыздардың алдында өзіңді көрсету үшін жасаған тірлік қой. Есте қалу үшін солай жасадық. Бұл оңбаған адамның жасаған тірлігі. Ерінбей барып кітапхананың оқу залында 3-4 сағат отырып мұғалімнің қатесін әдейі іздеймін. Тапқанда қуанасың. Сол түні ұйқы жоқ. Ертеңге дайындаласың. Мұғалімнің бетіне қателігін қалай басамын деп репетиция жасайсың. Ертеңінде сол қатесін бүкіл студенттердің көзінше айтасың. «Бізді оқыту үшін бірінші өзіңіз тілді дұрыстап біліп алыңыз» деп бедірейесің ғой.

- Бұндай оңбағандықтар көп болды ма?

- Болды ғой. Оның қайсыбірін айтайын.

«МЕН ӘЙЕЛДЕРДІ СҮЙГЕНІМ ЖОҚ»

- Тағы бір сұхбатыңызда: «Мен мәңгі жас, әдемі, сымбатты боламын деп ойладым. Үнемі мені әйелдер сүйе береді деп ойладым. Өзімнің сүймегеніме өкінемін» депсіз. Неге сүймедіңіз?

- Себебі мені сүйді. Орысша айтқанда «я позволял себя любить». А сам мало любил.

- Почему?

- Сүю деген не? Надо инвестировать время, деньги, энергию. Ал саған ғашық болса, бәрі дайын. Бәрі оңай. 

- Сонда сүюге еріндіңіз бе? Әлде жалқаулық па?

- Жалқаулық па, ақша жоқ болды ма білмеймін. Оны қазір түсіндіре алмаймын. Маған ғашық қыздар көп болды. Рахат! Ал өзің сүю үшін еңбектенуің керек. Айласын табуың керек. Кездесуге баруың керек. Саусағыңды ауызыңа тығып ысқыруың керек. Аңдуың керек. Қойшы. Олар мені аңдысын. Енді сондай тірлік болды. Оны қойшы. Бәрі өтті кетті. Соның зардабын шегіп отырмын ғой. Өйткені өзің еркек болып бір әйелді бақытты ете алмау деген не ол? Еркек егер ол еркек болса, ең болмағанда бір әйелді бақытты етер еді ғой.

«АБАЙ МЕНІҢ ДОСЫМ»

- Абайды жақсы көресіз. Абай жайлы екі спектакль қойдыңыз. Абайға қалай бардыңыз?

- Абайды жақсы көремін. Абайға бармау мүмкін емес. Ойлы адам, өмірде проблемасы көп, мына қоғамды түсінемін, бір нәрсені өзгертемін деген адам Абайсыз түкте тындырмайды. Абай көмекке келеді. Мектепте Ишан Әлібеков деген ұстазым болды. Жасы жетпісте еді. Сәкен Сейфулиннің шәкірті деп еститінбіз. Қиын жылдары әйелінің фамилясын алып Алматыдан Бақанасқа көшіп келген екен. Сол кісі 7 сыныпта оқып жүргенімде Абайды оқытты. «Абай жайлы оқыма. Абайдың өзін оқы» дейтін жарықтық. Сол кісі мені әдебиетке баулыды. Бейімбет пен Ілиясты да оқытты. Абай қазаққа берілген шанс. Қазақтың дамуына үлес қосатын адам еді. Абайды пайдалана алмай отырмыз. Баяғыда «Хабар» телеарнасында бас қостық. Бекболат Тілеухан бастаған топ келді. «Абай кришнаит» деген кітап шығыпты. Абайымызды кришнаиттер алып алыпты деп ахілеп-ухілеп отырмыз. Ұлттық құндылығымыздан айрылдық қой деп атырылдық. Көзіміз қанталап екіленіп кеткенбіз. Сосын мен айттым «Айналайындар-ау, Абай қашанғы киіз үйде отырады. Шықсында киіз үйден. Кришнаиттер бір нәрсе тапқан шығар. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайдан қалай кришнаит жасайды. Абайдан өзіне керегін ертең идеалист те, фашист те табады. Абай басқа планетаға кеткен адам. Адамзатқа шапағатын шашып тұр ғой. Қуанбаймыз ба?» десем бой бермейді ғой. Содан беріңдерші ана кітапты деп қарасам кітапты жазған адамның аты Абай екен. Ол кришнаит екен. Сөйтсем бұл Абай арқылы өзіне пияр жасау екен ғой. Абайды қорғап қалдық деген әңгіме. Мен «қазағырақпын», «мұсылманырықпан» деген әңгіме. Қазақ болу ешқайда қашпайды. Бірінші адам бол!

- Бірақ Абай нұсқаған жолмен жүру қиын ғой.

- Өйткені Абай күрделі. Сен жәндік сияқты өмір сүргің келе ме, әлде адам сияқты ғұмыр кешкің келе ме? Екі жерде екі төрт деп отыра бересің бе? Өміріңнің сипаты қызығырақ болсын дейсің бе. Абайға кім айтты «мына қазақтың жағдайын ойлап қиналшы» деп. Абайға ешкім ештеңе деген жоқ. Бұл зиялықтың функциясы ғой. Абай өзі «добровольно» жазды. Сөзден энергия шықты. Былықтарды көрді. Соны қалай жеңеміз деп ойлады. Қуатты сөздер жазды. Біз соны оқып отырмыз. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» дейді үшінші қара сөзінде. Соны зерттейді. Сосын соған жауап береді. Бірінші қара сөзінде-ақ айтқан болатын. Жазам керек болса алады. Алмаса сол қағазда қалады деп. Қалды ғой. Мен Абайды классик деп төбеме қойып ырбиып отырмаймын. «Ойбай Абай деп», «ах-ух деп» көп қазақтар сияқты. «Абайшалап айтқанда деп» те отыра алмаймын. Абай менің досым! Болды! Абай менің қасымда жастықтың астында жатыр. Ұнаса ұнайды, ұнамаса дискуссияға түсіп быт - шытын шығарамын.

«ШОҚАН ШПИОН»

- Бағана кітапханаңызды көріп қалдым. Сонда сіз Шоқан Уәлихановтың кітаптарын лақтырып жібергеніңізді айттыңыз. Неге өйттіңіз?

- Көп кітаптарды лақтырып жібердім. Шоқанды да лақтырдым. Бес тиынға қажеті жоқ.

- Неге?

- Көп қателік жіберген адам. Жарайды, көп адам қателік жасайды. Менің қателігімнен мен және тағы екі адам зардап шегер. Ал Шоқанның қателігінен бүкіл бір ұлт зардап шекті. Бұл кешірілмейтін күнә. Черняевпен бірге ауыз жаласқан. Ұйғырлардың тағдыры. Сары майдай сақтап ешкімге білдірмей келген иерархиясын орыстарға ашып берген шпион. Содан кейін орыс пен қытай ұйғырларды құртты. Әйтпесе оларды ала алмас еді.

- Біз  біреудің жетістігіне қуанғаннан гөрі, керісінше аяғанды, есіркегенді сүйеміз?  Бұл мінез неден деп ойлайсыз?

- Жалпақ шешейлік. Бұл да ұлттық ерекшелігіміздің бірі. Мен осылай ұғамын.

- Абайдан тағы бір сұрақ. Өмірінің соңында ақын «Сенісер адам таптық па?» дейді ғой. Достық жайлы не айтасыз?

- Достан кенде емеспін. Дос деген кім? Дос деген сыра мен арақ ішіп, бірге карта ойнайтын адам емес. Нағыз достың қасында өзіңді еркін және «защищенный» сезінесің. Ислам деген досым бар. Қарағандыда әйелі екеуі актер болды. Кейін басқа салаға ауысты. Маған Исламның қасында үндемей отырғанның өзі рахат. Ол да үндемейді. Мен де үндемеймін. Бәрі түсінікті.

«ЕСЕНҒАЛИ САПАЛЫ АҚЫН»

- Үндемейді дегеннен шығады. Ақын Есенғали Раушанов дүние салғанда әлеуметтік желіге: «Үш ай бұрын Мюнхен қаласында кездесіп едік. Ем қабылдады. Бірнеше рет таңғы шай іштік. Көп сөйлеспедік те, үндемей отырдық. Бәрі түсінікті» деп жаздыңыз. Шамамен осыдан бір ай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне Есенғали Раушановтың «Керек емес кезде айтылған керек емес әңгіме» деген мақаласы шықты. «Қазақстанға қайта шақырса Бөкең келеді. Далаға емес, Еліне келеді. Өзінің еліне. Өкпеге қидық, ендігі жерде  өлімге қиямыз ба асыл азаматты? Былтырдан бері денсаулығы да күрт нашарлап кетті. Жан бар жерде қаза бар, Құдай сақтасын, орны толмас өкініште қалмайық.» деген жолдары бар.

- Бұл қай газетке шықты дейсің?

- «Қазақ әдебиеті» газетіне. Сіз оқымадыңыз ба?

- Жоқ. (Режиссер біраз уақыт үнсіз отырып қалды-ред) Есенғалимен Германияда соңғы рет кездестік. Жақсы ақын. Сапалы ақын. Көп пияр жасамаған. Сабырлы, тиянақты еді. Адам ата мен Хауа ана пейіште бір-бірімен поэзия тілінде сөйлескен ғой. Поэзия біздің ана тіліміз болады. Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылғаннан кейін жерде проза тіліне көшті. Поэзия тілі қалып қалды ана жақта. Сол поэзия тілінде сөйлейтін ақындар ғана қазір. Поэзия тілін сақтап қалған көп болса, жүз-ақ ақын бар-ау. Адам ата мен Хауа ананың тілін солар сақтап қалды. Соның бірі – Есенғали Раушанов.

- «Керек емес кезде айтылған керек емес әңгіме» мақаласын оқып шыққанда, сіздердің жақын дос болмағандарыңызды аңғардым.

- Иә, біз жақын араласпадық.

- Қазір басына қиындық түскен азаматқа кеудесін тосып, ара түсетін зиялылар тым аз. Қоғамда орны бар адамды  бағалайтынтындар да азайып бара жатқан сияқты.

- Есенғали сирек кездесетін адам ғой. Зиялылықтың функциясын орындайтын адам. Абайдың дәстүрі ғой. Кім одан сұрапты «Атабаевты қорға» деп. Мен рас ауырдым. Есенғали: «Қайт!» - деді. «Шәкірттерің күтіп жүр. Қазақстанға керексің», - деді. Жарайды, ал барайын. Ана былықтарды көрсем де көрмеген боп, естісем де естімеген боп қалай өмір сүремін дедім. Содан ғой үндемей отырғанымыз.

«ЕЛІМДЕ КӨРМЕГЕН ҚҰРМЕТТІ ГЕРМАНИЯДА КӨРДІМ»

- Германияда тоғыз жылдай өмір сүрдіңіз. Ол жақта бәрібір елдегі жағдайды біліп отырдыңыз ғой.

- Бәрін біліп отырдым. Бірақ көп уақытымды жұмысқа арнадым. Алпыс жаста Германияға қоныс аударып өмірімдегі көп нәрсені өзгерттім. Кельн қаласындағы театр академиясына жұмысқа тұрдым. Елімде көрмеген құрметті Германияда көрдім. Басында мені әріптестерім аяушылық танытып қабылдады. «Түрмеден шықты ғой, көмектесейік» деп мүсіркеді. Бірақ мен мүсіркегенді, аяғанды ұнатпаймын. «Маған жарты жыл уақыт беріңіздер. Мен сіздерге өзімнің кім екенімді дәлелдеймін» дедім. Сөзімде тұрдым. Емтиханда бәрін көрді. Содан кейін тек жоғарғы курстарға сабақ бердім. Германияда мұғалімді ректор, декан емес, студенттер таңдайды. Оқу жылы басталғанда әр мұғалімнің сабағына қатысады. Сосын оқу орнының қабырғасына өз таңдаған ұстаздарының аты-жөнін жазады. Бұдан басқа ұстазды бағалаудың критериі жоқ. Студенттер таңдаса, жұмысың бар, еңбекақың көп. Драма теориясы кафедрасын ашып, соны басқартты. Олар мені пайдаланып қалғысы келді. Конфликттер де болды. Мен емтихан кезінде студенттердің жауабы жақсы болса да, жаман болса да үндемей отырмаймын. Ұнамаса орнымнан тұрып кетіп қаламын. Олар үшін шок. Бастығым келіп ренжиді. «Болат, студенттер арасында сөз болып жатыр. Бұл адамды сыйламау» деп жатқандығын айтты. «Ал олар мені сыйлап отыр ма? Рольдерін жаман ойнайды. Соған шыдап, қарап отыруым керек пе? Жақсы ойнасын! Сол кезде сыйлаймын» дедім. Олар сондай бір психологиялық тепе-теңдік ұстағысы келеді. Сонысы жаман. Қазақстанды Германиямен салыстыруға келмейді. Қазақстанда кафедра меңгерушісі болдық. Декан, ректор болдық. Не істей алдық? Не жаңалық енгіздік. Қандай талантты аштық? Кешегі Өзбекәлі Жәнібеков мәдениет министрі болған жоқ. Министрдің орынбасары болып жүріп қаншама дүниені жасады. Ілияс Омаров қандай жұмыстарды атқарды. Темірбек Жүргеновтың еңбегі қаншама. Ал біздің министрлер не бітірді? Димаш шығып еді бәрі жабысты. Анау Арыстанбек Мұхамедиұлы Димашты өзі тапқандай болды. Ұятсыздар. Егер біз мемлекетшіл болсақ неге барлық сала ақсап тұр. Өзімшілміз. Анау Ақтоты Райымқұлова не істеп отыр? Ең болмаса бір талантты ашса ғой.

«МОМЫШҰЛЫ, ТОҚПАНОВ, ТІЛЕНДИЕВ ХАМСТВОҒА БАРҒАНДАР»

- Өзбекәлі Жәнібеков, Ілияс Омаровтарды айтып жатырсыз. Ол кезде Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқпанов, Нұрғиса Тілендиев сияқты адамдар болды. Билікке ыңғайсыз. Турасын айтатын. Ал қазір билік пен халық ортасында мәмілешіл зиялылар көп қой.

- Тоқпановпен араластым. Көп дүниесін оқыдым. Асқар ағаны сыйлаймын. Ол кісі маған шындықты айтамын деп «хамствоға» барған адаммын дейтін. Өйткені актерлардан естиді ғой Болат бүй деді, Болат сүй деді деген әңгімені. Актерлармен жұмыс барысында ұрысып неше түрлі айтамын ғой. Шындықты айтатын адам керек. Шындық барда шындықты айта білу өнер. Бұл дүниеде жағымды кейіпкерлердің ролін бәрін талап-талап бөліп алған. Бізге жағымсыз адамдардың ролі қалған. Шындықты айтатын адам кімге ұнайды? «Кетсінші ары» дейсің. Шындықтан адам қорқатын болды. Одан да үндемей жүрген жақсы. Шындықты айтсаң ренжиді. Сондықтан да Тоқпанов та, Тілендиев те, Момышұлы да «хамствоға» барған адамдар. Өмірдің санитарлары. Ондай адамдар болмаса болмайды. Нұрғиса ағамен «Достық үйінде» жұмыс істегенде жақын таныстым. Шетелден делегация келеді. Соларды түрлі концерттерге апарамын. Бірде Германиядан келген меймандарды күттік. Олар Тілентиевтің концертіне барды. Аудармашы болдым. Солай жақын араласып кеттік. Нұрғиса аға қарама-қайшылығы көп қызық адам еді. Қисық адам болды ғой. Өте нәзік музыкант. Нұрғисаны түсіну үшін музыканы түсіну керек. Еуропа мен ұлттық өнерден сусындаған өнерпаз. Керемет музыкант.

«ТЕАТРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚИЫН»

- Кейде театрға барамыз. Кейбір спектакльдер концерт сияқты өтеді. Жалпы театр қандай болу керек?

- Біз сюжетті ойнауды қоюымыз керек. Біз сюжет ойнап жүрміз. Сахнада махаббат ойнап жүрміз. Махаббат ойналмайды. Махаббат ол - результат. Влюблённость ойналады. Қазақстанда театрдың жағдайы қиын. Жалған сөз, патетика, пафос. Сахнадан органикасы мықты әртістер кетіп жатыр. Ғазиза Әбдінәбиева кетіп қалды. Оның органикасы мықты еді. Сәбира Майқанова, Бикен Римова бастаған жолмен келе жатқан актриса еді. Ойнай білмейтін. Шынайы еді. Не істесе де шынайы істейтін. Ондай әртістер бізде аз. Қазіргі көп әртістер жүр. Сахнада өздерінің әртіс екендігін ұмыттырмайды. Әртіс екенін көріп отырасың. Ал маған оның әртіс екені неге керек? Егер тірі адамды көрмесем. Қазір сахнада процесс жоқ. Бәрі сахнда ойнағысы келеді. Әдемі жүргісі, әдемі сөйлегісі келеді. Жандарын қинамайды.

- Актерлармен көп жұмыс жасадыңыз. Ішкі кухняны білесіз. Неге шытулы қабақ, гүрілдеп сөйлейтін актерлар көбейіп кетті?

- Театр мен әдебиетті шатастырып алғандар. Олар театрды әдебиет деп ойлайды. Әуезов, Мүсіреповтың жазғандары әдебиет қой. Кейіпкерлері әдеби тілде сөйлейді. Құрмалас, аралас сөйлеммен. Байы да, жарлысы да шеттерінен шешен. Ауыздарынан шұбатылған сөйлемдер шығады. Оны түсінбеген әртіс солай сөйлейді. Неше түрлі дауыспен. Өйткені, ол пьеса солай жазылған.

- Актерлардың сахнада өздерін солай ұстауы түсінікті болды. Ал өмірде неге сол образдан шыға алмай қалады? Жарайды, актерларымыз сахнада гүрілдеп сөйлеуді өнер деп түсінетін шығар. Бірақ өмірде өзінің неге табиғатынан ажырап кетеді?

- Адам неге өз табиғатынан ажырап кетеді? Имидж деген болады. Имидж деген - я для других. Эго деген - я для себя. Көп әртістер имиджді көбейтіп алған. Әркім әртүрлі имиджде сөйлейді. Қысқасы, қалталарына имидждерді толтырып алған. Содан кейін шатасады. Эго жайында қалып, неше түрлі фальштар туады. Сөздеріне ешкім сенбейтін адамдар осылай пайда болады. Қарапайым схема ғой. Талай естіген әңгіме.

САМАЛ МЕН ДИМАШ

- Сізбен ертеректе бір сөйлескенімізде Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» деген фильмін көруге кеңес берген едіңіз. Мен сол картинада алғаш рет Самал Еслямованы көрдім. Кейін Самал Канн фестивалінде «Айкадағы» рөлі үшін үздік актриса атанды.

- Самал Еслямова шынайы. Органикасы бар. Тұмса табиғат қой. Ал табиғатқа қарай бергің келеді. Сонысымен алады. Дворцевойдың қулығы сол ғой. Шынайы актрисаны шығарды. Самал керемет актриса. Айтары жоқ. Самалдың жүлдесіне қатты қуандым. Айналамыз жасанды дауыстар, актриса екенін ұмыттырмайтындар. Олардан әбден шаршадым.

- Кішкентай ұлттарда болатын мінез шығар. Әлемді мойындатқымыз кеп тұрады. Димаш Құдайберген шыққанда бір мақтанып жасап қалдық. Германиядағы мәдени орта Димаш жайлы не деп жатыр?

- Германияда Димаштың әнін тыңдағандардың барлығы таңқалып жатады. Феномен екені феномен! Репертуарын жетілдіре түссе екен. Тек лекалмен ән айтып қалып қоймаса екен дейсің. Басқа бір күрделі жанрларға көшсе екен, актерлық шеберлікпен айналысса екен дейсің. Димаш феноменалды дауыстың иесі. 

Сұхбаттасқан Қанат ТІЛЕУХАН

Сұхбаттың толық нұсқасын «Жаңа Алаш» ютуб арнасынан көре аласыздар

Фотоға түсірген Мұратбек КӘДІРЖАН

 

Байланысты жаналықтар

Нұрғиса Тілендиев - композитор, дирежер, Халық қаһарманы

25.09.2024

Көшпенділер ойындары бюджетке 300 миллион теңге пайда әкелді

19.09.2024

Димаш Құдайберген Euronews теларанасына сұқбат берді

18.09.2024

Қазақ мәдениетін әлемге паш ететін уақыт жетті – Димаш Құдайберген

18.09.2024

Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева болашақ келіні туралы айтты

18.09.2024

Димаш Құдайбергеннің концертіне 80 елден шетелдік көрермендер келді

16.09.2024
MalimBlocks
Нұрғиса Тілендиев - композитор, дирежер, Халық қаһарманы

Даңқты композитор, дирижер, Қазақстанның Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев 1925 жылы 1 сәуірде, Алматы облысы Іле ауданы Шилікемер ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Алматыда дүниеден өтті.

Көшпенділер ойындары бюджетке 300 миллион теңге пайда әкелді

Дүбірлі доданы 250 000 көрермен тамашалаған

Димаш Құдайберген Euronews теларанасына сұқбат берді

Димаш Құдайберген Euronews арнасына сұқбат берді. Әңгіме барысында Димаш шығармашылығы, қазақ ұлттық музыкасы жайлы да айтқан. Әлемдік БАҚ-қа жариялаған экслизив сұқбаттың еркін аудармасын Қазақпарат агенттігі ұсынды.

Қазақ мәдениетін әлемге паш ететін уақыт жетті – Димаш Құдайберген

Әнші өзінің өмірдегі басты миссиясын да атады.

Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева болашақ келіні туралы айтты

Әлемге әйгілі әншінің ата-анасы немере сүюге дайын екенін айтты

Димаш Құдайбергеннің концертіне 80 елден шетелдік көрермендер келді

Екі кеште де аншлаг болды