Тендердегі шикілік. 31-ақ қызметкері бар компания 9 қабатты тоғыз үй салған
Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар жүйесіндегі өзекті мәселелерді қозғады, деп хабарлайды Malim.kz azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, елімізде жыл сайынғы реттелетін сатып алулардың жалпы көлемі 30 триллион теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражаттың барлығы қазақстандықтардың игілігіне жұмсалып, ұлттық экономиканы дамытуға бағытталуы тиіс. Алайда қазіргі жағдайда бұл жүйеде елеулі кемшіліктер бар.
Мысал ретінде ол штатында небәрі 31 қызметкері бар компанияның 495 пәтер (9 қабатты тоғыз үйге тең) салғанын атап өтті. Мұндай көлемдегі құрылыс үшін шамамен 700-ден астам жұмысшы қажет, яғни көрсетілген штат санынан 20 есе көп. Бұл жайт ел бойынша жиі кездесетінін айтты.
Анализ көрсеткендей, осындай шағын компаниялар мемлекеттік және квазимемлекеттік жобаларға жаппай қатысып, ондаған, тіпті жүздеген миллиард теңгелік тапсырыстарды орындайды. Алайда олардың нақты еңбек ресурстары мен өндірістік мүмкіндіктері жоқ. Соның салдарынан жұмыстардың едәуір бөлігі бейресми жолмен, «көлеңкеде», шетелдік жұмысшылар арқылы атқарылады. Мұндай жағдайда салықтар мен әлеуметтік төлемдер төленбейді, ал мемлекеттік қаржы Қазақстаннан тыс елдерге кетіп жатыр.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе заңнамалық және нормативтік олқылықтардан туындаған. Мемлекеттік сатып алу туралы заңды қабылдаған кезде қосымша актілерде еңбек ақы қоры, салық және әлеуметтік төлемдер, ресурстық смета, қызметкерлердің нақты саны секілді маңызды талаптар бекітілмеген.
Осыған байланысты депутат Үкіметке келесі ұсыныстарын жеткізді:
Профильдік министрліктерге сатып алу ережелеріне өзгеріс енгізіп, еңбек ақы қоры, салықтар мен әлеуметтік төлемдерге қатысты минималды талаптарды белгілеу;
Штатында аз қызметкері бар, бірақ ірі мемлекеттік жобаларға қатысып отырған компанияларды тексеріп, нақты жұмыстардың кім арқылы атқарылып жатқанын анықтау;
Құрылыс нысандарындағы нақты жұмыспен қамтуды бақылау тетігін әзірлеу үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау, Индустрия және құрылыс, Қаржы министрліктерінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау;
Отандық қамтудың нақты орындалуына жауапты органдардың жеке жауапкершілігін бекіту.
Фото: СҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасы