457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Төтенше жағдайдың алдын алу ғылыми негізге көшіп жатыр

IMAGE: gov.kz / Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі

Биыл - Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында төтенше жағдайларды алдын алудың бүгінгі келбетін шолып өтсек.

Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде төтенше жағдайлардың алдын алудың да мазмұны өзгерді. Бұрын төтенше жағдайлар қызметтері негізінен - оқиға болған соң әрекетке көшетін ұйымдар болса, қазіргі цифрлық технологиялар мен ЖИ саласындағы жетістіктер енді оқыс оқиғаларды айтарлықтай дәлдікпен болжауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі осыларға байланысты бірнеше жаңалығын паш етті. Ұйымның басты жетісігі ретінде - ТЖМ-нің шұғыл әрекет ету және стратегиялық жоспарлау орталығының ахуалдық залының жаңартылуын атауға болады. Жаңғырту кезінде цифрландыруға және өндірістік процестерді автоматтандыруға басымдық берілген. Енді, ТЖМ құрамында болжам жасайтын бірнеше цифрлық сервис бар. Сонымен бірге, орталықта қауіптерді модельдеп көру және сараптау қызметі де орналасқан. Олар техногендік немесе табиғи апаттардың алдын алып қана қоймай, оның қалай өрбитінін, салдарын еңсеруге қажет болатын материалдық-техникалық ресурстардың көлемін шамалауға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде өрт қаупі жоғары облыстарда жасанды интеллект негізіндегі технологиялармен жарақталған өрттің алдын алу бейнебақылау жүйелері жұмыс істеп тұр.

Бұларға қоса, өңірлерде ТЖМ нысандарының жабдықталуы мен мүмкіндіктері күшейтіліп жатыр. Ол жұмыстар төтенше жағдай кезінде әрекет ету топтарын әмбебап форматқа өткізу арқылы жүруде. Әмбебап бөлімшелердің құрамына медиктер, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер кіреді. Әзірге мұндай бөлімшелер Аққулы, Аршалы, Қарқаралы, Макинск және Майтөбе мекендерінде ашылды. Кейін мұндай бөлімшелер біртіндеп басқа өңірлерде де құрыла бастайды.

Сонымен бірге, кәсіпкерлер мен жергілікті әкімдіктердің тізе қосуымен «Ауыл құтқарушылары» атты бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл - мамзмұнына назар аударуға тұрарлық қызық бағдарлама. Еліміздегі түрлі төтенше жағдайлар кезінде ауылдағы еріктілер көзге түсіп, олардың еңбегін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткен болатын. Олардың әсіресе, дала өрттері мен су тасқынын еңсеру шаралары кезінде өлшеусіз үлес қосқаны белгілі. ТЖМ енді оларды үйлестіру арқылы қандай да бір жүйелі жұмыс жасауға бағыттамақ. Нәтиже де жоқ емес. ТЖМ таратқан мәліметтерге қарағанда, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда ауылдық жердегі өрт 25 пайызға, ал кісі өлімі 38 пайызға қысқарып отыр.