“Баршаңыздың назарына!”. Дабылдарға құлақ түре жүріңіз
IMAGE: ©gov.kz / Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі
“Өрт - тілсіз жау” дегенімізбен, төтенше жағдайлардың барлығы да айтпай келеді. Өртке қоса - зілзала да, су тасқыны да, боран да - үнемі болжап білу мүмкін емес құбылыстар. Бұл жағдайда төтенше жағдайлар туралы бұқаралық ескерту жұмысын жолға қою маңызды.
Өкінішке қарай, маусымдық сипаттағы табиғи және техногендік апаттар қайталанып отырады. Мысалы, жылу маусымының бас кезінде ыс тиіп өлген тұтастай отбасы туралы қаралы хабар тарап жатады. Немесе, таудағы қауіп туралы ескертілсе де басын қатерге тігіп кетіп қалатын туристер мен саятшылар туралы да жиі естиміз.
Тексеріп-тергей келгенде, мәселенің түпкі себебі - уақтылы ескерту алмау болып шығып жатады. Биыл еліміздің төтенше жағдайлар саласында бұқаралық дабыл қағу жүйелеріне қатысты біршама бастамалар көтеріліп, тәжірибеге енгізіліп отыр.
Ең алдымен, төтенше жағдайлар туралы дабылды азаматтардың міндетті түрде алу механизмдері қарастырылды. Мысалы, бұрын азаматтарды ескертудің бір амалы - «Darmen ЧС – Kazakhstan ДЧС» атты смартфон қосымшасы болатын. Ол төтенше жағдайларды push-хабарлама арқылы ескертетін. Бірақ, ол үшін азаматтар бұл қосымшаны орнатуы керек. Ал биыл азаматтарды шартсыз ескерту әдісі бірнеше қалада сынақтан өткізілді. Сынақ кезінде қала тұрғындарының мобильдік телефондарына байланысының түрі мен тарифтік жоспарына қарамастан тест-хабарлама келді. Осылайша, мобильдік құрылғыдарда қарастырылған Cell Broadcast технологиясы бойынша хабар тарату әдісі жолға қойылды.
Жаппай құлақтандыруға қатысты тағы бір жаңалық - қала ішіндегі дауыстық ескерту жүйелерінің жаңалануы. Урбанизация қала ішіндегі немесе өнеркәсіп аудандарындағы қауіптерді арттыра түседі. Бұрынғыдай емес, қазіргі қала көшелері - түрлі технологиялар тоғысқан, жоғары қысымдағы құбырлар мен кернудегі желілер, жанармай бекеттері, қауіпті химиялық заттар сақтайтын қоймалар орналасқан күрделі жүйе. Мұндай нысандардағы апат кезінде жылдамдық алдыңғы орынға шығады. Бұл кезде электродабылдардың маңызы артады.
Биылғы маусым айында Астана қаласындағы көшелердегі қуатты динамиктер арқылы дабылдық тарату желілері де түбегейлі сынақтан өткізілді. Сынақ кезінде тек қауіп туралы ескерту емес, сонымен бірге - әрі қарай қалай әрекет ету туралы нақты нұсқаулар беру әдісі де жүзеге асырылды.
Енді, төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйелері мен әдістері қалаларда тұрмыс шындығына айналмақ. Жаттығу мақсатында іске қосылса да азаматтардың құлақ түріп, көз тіге жүргені жақсы болар еді.