Тұғырына қайта қонған маңызды мейрам
Көп адамға “мейрам” сөзінің коннотациясы той-думанмен, көңілді шаралармен және салтанатты жиындармен байланысты. Бұл сөз әдетте - атаулы күннің ар жағында тұрған, елдің тағдырын шешкен елеулі оқиғаларды тұмшалап тұрады.
Араға 13 жыл салып оралған Республика күніне қатысты мағлұматтар бұл күннің қадірі 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күіне пара пар екеніне көз жеткізеді.
Республика күніне қатысты оқиғалар Қазақстанның XX ғасырдың орта шеніндегі тарихымен тығыз байланысты. Еліміз 1936 жылы Кеңестер Одағының құрамына кірген болатын. Осы тұста Қазақ ССР-і халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретіндегі рөлін жоғалып, енді барлық ішкі-сыртқы саясатын Мәскеу жүргізетін болды.
1990 жылдарға қарай Кеңестер Одағында ыдырау процесі жүрді. Одақ құрамындағы 15 мемлекет дербестікке ұмтыла бастады. Бұл процесте Қазақстан үшін маңызды күн - 1990 жылдың 25 қазаны болды. Еліміз дәл осы күні мемлекеттік суверенитет туралы Декларация жариялады. Бұл - толық Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам болатын.
Бұл ретте, суверенитеттің де құқықтық сипатын келтіріп өткен жөн. Себебі, бұл Декларация - болжалды мүдделі барлық тарапқа мәлімдеме еді. Қазақстанның, болашақта дербес саясат жүргіземін деген мәлімдемесімен келісушілер де, келіспеушілер де болуы әбден мүмкін болатын. Қуанышқа қарай, Қазақстанға бір де мемлекет территориялық немесе басқа претензия қойған жоқ. Осы Декларация арқылы еліміз толық Тәуелсіздік жариялауға болатынына көз жеткізді.
Айта кету керек, толық тәуелсіздікке мұндай қадам одақ құрамындағы барлық ел үшін осындай жеңіл болған жоқ. Оңтүстік Осетия мен Абхазия, Қырым түбегі сияқты даулы аймақтардың мәселесі күні бүгінге дейін күрделі болып қалып қана қоймай, жанжал ошақтарына айналғанын біз қазір көріп отырмыз. Мысалы, Әзербайжан өзіне тарихи тиесілі Қарабақ мәселесін де-юре биыл ғана шешкенін және көрдік.
Көп ұзамай, Қазақстан өзінің Кеңестер Одағынан тәуелсіздігін жариялады. Ол күн ресми түрде 1991 жылдың 16 желтоқсан болып есептеледі. Бірақ, оған алғашқы қадам болған дәл осы бүгінгі Республика күні - 25 қазан екен. 25 қазан - Республика күні - 2009 жылға дейін тойланып келді. Осыдан кейін мемлекеттік мейрамдар қатарынан шығарылып тасталды. Тек 2022 жылы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайтадан тойлана бастады. Мейрамның қайтып оралуы қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау тапты.