Ұлттық гвардиялықтар “Мықты болсаң, кел, сені де өлтірейік” - деді

Қаңтар құрбандарының туыстарымен әңгімелесіп көрдік

Айшолпан КЕРІМ

  • 14.02.2022

13 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңында Қаңтар қырғынында қаза тапқандарды еске алу митингі өтті. Қаладағы атыс кезінде оққа ұшқандардың рухына құран бағышталып, олардың жақындарына мінберден сөз берілді. Malim.kz тілшісі митинг күні алаңға барып, қаңтар оқиғасында қаза тапқандар мен айыпты деп танылып, абақтыға тоғытылғандардың жақындарымен сөйлесіп қайтты. 

Асқар Уалиев пен Ләйлә Джасакбаева митингіге досы Ерлан Джагипаровты  еске алып, оның өліміне айыптыларды жауапқа тартуды талап ете келген.

“Досымыз Ерлан қаңтардың 6-сы күні менің үйімде қонақта болды, сағат19.00-де үйден шықты, жарты сағаттан соң, ұлттық гвардия жігіттері ұстап алғанын айтып хабарласты. Кейін телефонды сол ұстап алғандар алып, маған “Мықты болсаң, өзің келіп көр бізге. Кел, сені де өлтірейік” деді. Бірден жиналып, қызметтегі таныстарыма хабарласа бастадым. Олар досымды ұлттық гвардия ұстаса, ертеңнен қалдырмай босататынын айтып, бармай-ақ қойғаным дұрыс деді. Ертеңді күтіп алты күн өтті. 12 күні мәйітханадан бірақ шықтық. Қолындағы кісені де шешілмеген, қолы, қабырғалары сынған, денесіне жеті рет оқ тиген. Ол қаңтардағы митингке де шыққан жоқ, керісінше сол күні шашылып қалған алаңды жинап, көмектесемін деп кеткен ерікті азамат еді”.

Ләйлә Джасакбаева және Асқар Уалиев. 13.01.2022

“Оны ұстап алуының себебін де түсінбедік, ол кезде комменданттық сағат 23.00 ден бастап еді ғой, ал оны сағат 19.00 шамасында ұстап әкетіп отыр. Қазір тергеу жүріп жатыр, айыпты адам анықталады деп сенеміз. Атыс кезінде жазатайым өлсе де түсінер едік. Мазақ етіп өлтіргені анық көрініп тұр ғой”, - дейді Ләйлә Джасакбаева.

Ләйлә 12 қаңтар күнгі мәйітханадағы көрініс көз алдынан кетпейтінін айтып, кейінгі әңгімесін тек өкси жылап жеткізе алды.

“Қалай көрместен келуге болады, айыптылар жазасын алмаса, қаншама адам ертең тағы ерегеседі ғой, өштесіп алса, тағы осындай нәрсе  болмасына кім кепіл?.. Полиция өлсе, той сияқты қылып жаназасын шығарып, әкім көкелер қалмай барып көңіл айтады. Сонда жай адамдар адам емес пе, тіпті өлгенінен хабар бермей, азаптай өлтіре беруге бола ма? Бізге билігің бір көңіл айтуға да жарамай отыр. Олардың көңіл айтқаны былай тұрсын, ақырында досымыздың мәйіт күйі болса да, табылғанына шүкір деп қалдық, бұл не масқара?

Мәйітханаға барғанның өзінде “Тыныш қана алып кетіңіздер,  мәйіттті қазір әкетпесеңіз, айырылып қаласыз” деді. Айтса айтқандай-ақ, арадан көп уақыт өтпей мәйіттерді ұрлап кетті деген әңгіме шықты ғой”, - дейді Ләйлә. 

Ләйлә мен Асқардың сөзінше, марқұмның артында онкологиялық ауруы бар жалғыз анасы қалған. Олар достарын азаптап өлтірген адамдар жазасын алмайынша берілмейтінін жеткізді.

Шолпан Утегенова 5 қаңтар күні жалғыз баласынан айырылып қалды. Бірақ ол баласының қаза тапқанын тек бес күн өткен соң естіген.

“Ұлым Бақберген Азатұлы жақында 21 жасқа толуы керек еді, 5 қаңтар күні досымен кездесуге кетті. Ол досы жақында несиеге көлік алып, такси болып, ақша табам деп қуанып, баламды жанына алып жүретін. Бұрыннан танитын бала, сенетінмін. Таңертең кетті, сағат 21:30 шамасында әлгі досы хабарласып, “Тәте, біздің көлігімізге оқ атылып, Бақбергенге тиіп, 12 ауруханаға алып кетті” деді. Ертесіне таңғы алтыда шығып, баламды бес күн бойы іздедім. Әркімге, әр жерге жазумен болдым. 10 қаңтарда интернет істеп, желіге іздеу хат жарияладық. Сәлден кейін бір фельдшер қыз хабарласып, “Мына жігіт сіздің балаңыз ба?” деп сұрады. “Иә” деп, балам табылды екен деп қуанып кеттім. Фельшер қыз “Тәте, бекем болыңыз, балаңыз 5-і күні оқ тиіп, қайтыс болып кетті” деді. Одан кейін нақты не болғаны есімде жоқ, ұзақ уақыт есімді жия алмай қалдым. Бүгін баламның қайтқанына қырық күн өтті. Жап-жас, жалғыз балам, жалғыз асыраушым еді, жүрегімді қарс айырып, құлынымды құшағымнан алып кеткен, өліміне айыпты әр адам әділ жазасын алсын!”

Шолпан Утегенова. 13.01.2022

Шолпанның сөзінше, қаза күні баласымен бірге болған досы да күнде тергеуге шақырылып, жұмыс істей алмай жатыр екен. Одан бөлек баласының мәйітін қайта тексеріп, денесінің қай тұсына оқ тигенін сараптамаға жібереміз депті. 

“Кеше ғана ағайын-туысты жинап, қырық асын беріп, құран бағыштадық. Өзім де енді есімді жиып жатырмын, жер қойнына берген баламды қайта желкелеудің керегі жоқ”, - дейді Шолпан.

Алаңда жақынын жоқтап, туысы үшін әділдік талап етіп жүргендерден бөлек, “Әр қазақ менің жалғызым” деген плакат ұстап, қамауда отырған іздеушісі жоқ жетім балалар үшін әділдік сұрап жүргендер де болды. Соның бірі - желтоқсаншы Гүлшара Белгібаева.

Гүлшара Белгібаева. 13.01.2022

“Бай елде тұрсақ та, балаларды қолдан қайыршы етті, ел тонайтын жағдайға жеткізді. Әмірғалиев Ернар Айтбайұлы - 1996 жылғы жетім бала, қазір абақтыда отыр, іздеушісі жоқ. Осы баланы құтқарып шығуға көмектесер ерікті адвокат табылса екен дейміз. Үйсіз, күйсіз жүрген Алматыға жұмыс істеуге келген баланы жатқан жерінен алып кеткен, аяғына оқ тиген. Сол оғы әлі алынбаған, ешқандай медициналық көмек көрсетпестен, ұстап отыр. Жетімін жылатпаған ел қазір бар былықты сол жетімнің мойнына арқалатып жібергелі отыр”.

Алтынай Әзілханова абақтыда айыптау көрген жолдасын бостандыққа шығаруды талап етіп, өзі сияқты көп әйелдің атынан сөйлеу үшін алаңға келгенін айтады.

“Жолдасым Жарқын Әзілхановты 11 қаңтар күні жұмысқа бара жатқан тұста ұстап алып, қалтасына қару салып жіберген. Енді сол бүліктің ұйымдастырушысы деп айыптап, тіпті тергеу жүргізбестен, ұрып-соғып, қамап тастап, ісін прокуратураға өткізіп жіберген”. 

Алтынай 11 қаңтар күні жұмысқа шыққан жолдасын араға бір ай салып, тек 11 ақпан күні таба алған. 

“Күйеуімді тек бір ай өткен соң әрең таптық, сөйлей алмайды, денесі көгеріп қалған, сау тұсы жоқ, тиіп кетсең ауырады, кіші нәжісін ұстай алмай, көгереңдеп әрең отыр, онымен қоймай оны тергеу изоляторына емес, бірден ҰҚК отырғызған. 40 жастағы апталдай азамат ол азаптауға әрең шыдап отыр, одан өзге қаншама 15 жасар  бала отыр? Тіпті оның кейбірі сол азаптаудан өліп кеткен де болар”. 

Алтынай Әзілханова. 13.01.2022

Әзілханова жақын арада жолдасы бостандыққа шықпаса, мүгедек болып қала ма деп қорқатынын айтады.

“Өздерінше бізге “қызыл адвокатты” бердік деп, сөйлетіп қойған. Қызыл дегенім - мемлекет берген адам. Оған салса, күйеуімді кемі екі аптадан кейін бірақ көреді екенмін. Қазірдің өзінде сау жері жоқ, екі аптадан кейін өліп қалмасына кім кепіл? Оларға ешқандай күтім де жасалып жатқан жоқ. Ол күйі отыра берсе, ертең мүгедек болып шығады. Оған мүгедектікті кім береді? Бізде тек жүруге, өз бетінше ішіп-жеуге жарамай қалған жағдайда ғана мүгедек береді, ол мүгедектікті алудың өзі бір азап қой. Мен ол күнге қарап отыра алмаймын, көп созбай халық болып, митингіге шығып, кез келген есікті қағып төрт баламның асыраушысын бостандыққа шығаруды талап етемін. Одан бөлек жазығы жоқ азаматтарды азаптап өлтіргендер жазасын алсын!”

Ресми ақпарат бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде елде 227 азамат қайтыс болған. Оның ішінде әскерилер мен полицейлер саны – 19. Қайтыс болғандар арасында кәмелеттік жасқа толмаған 3 бала бар.

Бас прокуратура қайтыс болғандардың тізімін жариялаудан бас тартты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бейбіт адамдарға оқ атылмағаны туралы айтты.

Байланысты жаналықтар

Қаңтар оқиғасында ұсталған адамды азаптаған полицей сотталды

13.11.2024

Азаптау бойынша 33 адамға қатысты іс сотқа жолданды

16.07.2024

Қаңтар оқиғасы: 54 адамды азаптаған ҰҚК-нің 11 қызметкері апелляциялық шағым берді

12.07.2024

ІІМ Шымкентте балаларды азаптады деген емшіге қатысты пікір білдірді

14.06.2024

Азаптауға бейім бе: Полицияға жұмысқа тұрғандар тексеріледі

02.04.2024

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптаған полиция қызметкерлері сотталды

19.03.2024
MalimBlocks
Қаңтар оқиғасында ұсталған адамды азаптаған полицей сотталды

Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокурорлары тергеп-тексерді

Азаптау бойынша 33 адамға қатысты іс сотқа жолданды

2023 жылы азаптау ісі бойынша 4 есе көп адам сотталды.

Қаңтар оқиғасы: 54 адамды азаптаған ҰҚК-нің 11 қызметкері апелляциялық шағым берді

Бұл іс бойынша процесс жабық өтті.

ІІМ Шымкентте балаларды азаптады деген емшіге қатысты пікір білдірді

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі және 140-бабының 2-бөлігі бойынша тергеу жүріп жатыр.

Азаптауға бейім бе: Полицияға жұмысқа тұрғандар тексеріледі

Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы азаптауға қарсы іс-қимылдың жаңа тәсілдерін таныстырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптаған полиция қызметкерлері сотталды