Ұлытау облысының Теректі стансасында жаңа мектеп ашылды

Ұлытау облысының Теректі стансасында 80 орындық жаңа мектеп ашылды. Қос қабатты білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған.
Оған қоса, биыл қыркүйектен бастап, білім ошағында 25 балаға арналған шағын орталық ашылады. Ол жерде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер білім алады.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Өңір басшысы жаңа мектептің ашылуы – ауыл тұрғындары ұзақ күткен маңызды қуаныш екенін атап өтті.
«Біз балаларымыздың сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз. Бұл мектеп – өңіріміздегі білім беру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам. Балаларымыздың болашағы жарқын болуы үшін осындай игі істер жалғасын табады», – деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Жаңа мектеп қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Онда пән кабинеттері, заманауи жабдықталған зертханалар, кітапхана, асхана және спорт залы қарастырылған.
Сонымен қатар, білім ордасы оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін барлық жағдаймен қамтамасыз етілген.
Теректі стансасындағы жаңа мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді. Ұстаздар ұжымы оқу процесін жаңа әдістемелер негізінде ұйымдастырып, оқушылардың білім деңгейін көтеруге күш салатынын айтты.
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі