Үш көлікпен келген адамның немеремді теппегені жоқ – Шерзат Болаттың әжесі

Талдықорғанда Шерзат Болат ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова қылмыс болған түні көргенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Түнгі сағат 23:00-де жұмыстан келіп, кешкі ас ішіп отырғанмын. Бір уақытта Қаржаубай хабарласып, Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрқанатты жіберіңіз деп айтты. Нұрқанат оянып сыртқа кетті. Келініме айтып, мен де ізінше шықтым. Жолда такси тоқтатып, барамын дегенше 20 минут өтті. Дүкенге жеттік. Жан-жағымнан Шерзатты іздедім. Ол жерден бір топ адам көремін деп ойламадым. Балам Шерзат көрінген адамның жағасынан ұстап, өзінен-өзі тиісетін бала емес, - дейді марқұмның әжесі.
Оның айтуынша, сотталушылар үш көлікпен Шерзатты өлтіру үшін арнайы келген.
Шерзатқа қарап бәрі жүгіріп кетті. Сол кезде алдынан шыққан мені де қағып жіберді. Орнымнан тұра алмай жатырмын, бірақ балаларыма қарасам, Шерзатқа бәрі қол көтерді. Қол көтермеген, аяғымен теппеген бірде-бір адам қалған жоқ. Менің баламның сондайлық сабалатындай не істеп қойғанын осы күнге дейін түсіне алмаймын. 16 жаста ғана. Бұлардың өздерінің ар-намыстары соған барып, соны өлтіргеніне таңғалам. Бір шапалақ ұрса бірсәрі. Кешірім сұрауға келіп едім. Менің балам түнде жүретін бала емес. Үйде жатқан бала телефон қуаттағыш алуға барған. Әже-ау, әже-ау деп кетті балам. Оны өлтіру үшін барғандары анық болып тұр. Неге десеңіздер, дайындалып үш көлікпен келген, - дейді Жұмабике Қадырова.
Марқұмның әжесінің айтуынша, Шерзат құлағанға дейін Нұрқанат та, келіні де жете алмаған.
Келінімнің қолынан екі адам ұстап алған. Шерзат құлағанға дейін Нұрқанат та, келінім де жете алған жоқ. Бұл сотталушылар дайындықпен келген адамдар. Бұл балалардың бірде-біреуінің түрін бұрын-соңды көрмегенмін. Кеткен кезде үш көлік толып кетті. Бұлар Нұрқанатты да, Шерзатты да өлтірдік деп кеткен адамдар. Олардың қолдарында жылтыраған пышақ болды. Қаржаубайды екі бала қуып, алысып, бетінен бөтелкемен ұрды. Ол пышақ тек біреуінде деп ойлаған. Бірақ біз пышақты Шерзатқа тығады деп ойламадық, - дейді әжесі.
Фото: youtube.com/@SupcourtRK

Ең көп оқылған
