Хасан Қасымбаев ісі: фитнес-жаттықтырушы өзін қалай ұрлап кетіп, ұрып-соққанын айтты

Талғар аудандық сотында 2021 жылы ұрланып, кейін соққыға жығылған жәбірленуші Арман Әлімов жауап берді.
Спортшы Арман Әлімов сот отырысында берген жауабында Хасан Қасымбаевты 2016 жылдан бері танитынын айтты.
2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданында атыс болды. Сол кезде Мадияр Қалымжанов зардап шекті. Осы оқиғадан кейін маған түрмеден Ержан Қасымбаев хабарласты. Ол — Хасанның ағасы. Ол менен осы атысқа қатысым бар-жоғын, адамдарымды жіберген-жібермегенімді сұрады. Мен «жоқ» деп жауап бердім, тек таныстарым болғанын айттым, — деді ол.
2021 жылы Арман Әлімовтің танысын соққыға жығып кеткен. Ол ауруханада оны барып көргеннен кейін ізінен аңду басталған.
— Досым, спортшы жігіт өзін Қасымбаевтың адамдары ұрғанын айтты. Осыдан кейін үйімнің жанында бір көліктің үнемі торуылдап тұрғанын байқадым. Бұл шамамен екі аптадай жалғасты, бірақ ол кезде мені аңдып жүргенін білмеген едім. Балаларға керме жасап жатқанда Руслан Әлімовті көріп, сол кезде мені аңдып жүргенін түсіндім, — деді жәбірленуші.
Әлімов өзіне жасалған шабуылдың қалай болғанын да айтып берді.
— Дүкеннің жанында сотталушылардың бесеуі жабылды. Дайын тұрған көлік болды. Мадияр амандасты да, дереу қолымнан ұстап алды. Біреуі аяғымнан ұстап, аударып түсірді. Қолмен соққы жасағанын ғана көрдім. Есімнен танып қалдым. Оянғанда көліктің артқы орындығында отыр екенмін. Руслан аяғымнан ұстап тұрды, Мадияр денемді, ал Ақтанов басымды ұстап отырды. Олар мені Талғардың сыртындағы далаға алып кетті. Кеш түсіп қалған. Далаға шығарып алып, сұрақ қойып, тергей бастады. Сұлтанбеков пен Асқаров мені битамен ұрды, — деді ол.
Оның айтуынша, кеш түсіп, Сайлау тергеп, қашан ұру керегін айтып отырған.
— Мадияр Қалымжанов үстіндегі футболкасын шешіп, оқ тиген жараларын көрсетіп, жылап, мүгедек болып қалғанын айтты. Олар атыс жайлы білгісі келді, мені айыптай бастады. Ақтановтың Қасымбаевқа қоңырау шалып, «Әрі қарай не істейміз?» деп сұрағанын анық естідім. Руслан мені видеоға түсіріп тұрды, басқалары азаптады. Кейін Қасымбаев «Мені күтіңдер» деді. Қараңғы түскенде ол келді, бірақ көліктен түспеді, терезесін ашып, мен оеы көрдім. Ол: «Жетеді, кеттік, әшкере болдық, қызметкерлер келе жатыр» деді. Олар тез көліктеріне отырып кетті. Телефоным болды, таныс такси жүргізушісіне хабарластым, ол келіп алып кетті, — деді Әлімов.
Еске салайық, Хасан Қасымбаев былтыр қараша қамауға алынды.
Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.
Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылып отыр.
Сот басталғаннан кейін айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырып, мемлекеттік айыптаушы залдан шықты.
Хасан Қасымбаевпен бірге кімдерге айып тағылғаны белгілі болды.
Бүгін, 22 тамызда прокурор айыптау актісін оқып берді.
Хасан Қасымбаевтың өзі тағылған айыптарды мойындамады.
Фото: Kazinform

Ең көп оқылған
