Жер мен елді, ұрпағыңды сақтағың келсе, ағаш ек!

  • 27.05.2023

2021 жылдан бастап президенттің бастамасымен бес жыл ішінде орман қорында 2 млрд, елді-мекендерге 15 млн  тал егу жұмыстары жүріп жатыр.  Ақпарат құралдарына Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы Бақдаулет Аман­гельдиновтің хабарлауынша, соңғы екі жылдағы жұмыс қарқынды, жоспар артығымен орындалған. Мәселен, 232,4 мың гектар аумаққа 421,2 млн дана ағаш егілген. Сондай-ақ,  2025 жылға дейін Арал теңізінің  түбіне жал­пы көлемі 1,1 млн гектар жерге сек­сеуіл егілмек. Әрине, осы жұмыстың басында тұрмаған соң, кейде мұндай жұмыстың істеліп жатқанына күмәнмен қарайсың.  «Сонша талды қайда егеді?» деп жатады менің таныстарым. Алайда, олар қазақ елі бүгінде экологиясы ластанған және шөлді аймаққа айналып кетудің алдында тұрған мемлекет қатарында екенін ескере бермейді. Әйтпесе, президентте, үкіметте, әкімдерде тал егуден басқа шаруа жоқ па!? Жыл сайын 85 мың гектардың әр гектарына 5 мыңдай тал егіп, жылына 365 түп тал өсіреміз деп жоспар сызып бас қатырмас еді ғой. Сосын, бұл шаруаға бес жылдың ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд, жергілікті бюджеттен 60 млрд теңге шығындап несі бар? Осыншама қыруар ақшаны үкімет жұмсайтын жер, мәселе таппай отырған жоқ қой!  Әлбетте, бұл қаражат тал егу, көшет өсіруге қажетті материалды-техникалық жұмыстарға жұмсалмақ. Яғни, мың орындық 20 мектеп салып тастауға болатын қаржыны үкімет «Жасыл ел» бағдарламасына салып,  ел аумағын жасыл желекке бөлемек. Бұл іс яғни, табиғатты ретке келтіру ең бірінші орман шаруашылығын дамыту арқылы ғана жүзеге аспақ. Әлем бойынша орман мәселесіне назар аударсақ, бұрын адам аяғы баспаған тропикалық ормандардың соңғы 35 жыл ішінде бестен бірі жойылған. Ал қазір дү­ниежүзіндегі орман қоры жылына шамамен 17 млн. гектарға азайып отырады екен. Ал біз сияқты дамушы мемлекеттер экономикалық қиыншылық кезінде орманды шикізатқа айналдырған. Әсіресе Қазақстанның шөл даласында өсіп тұрған сексеуіл жойылып кете жаздады. Өйткені, сексеуіл қыста үйді жылытатын отынға айналды. Соңғы жылдары елді-мекендерге көгілдір газ жеткелі тұрғындар сексеуілді отынға жақпайтын болды. Жалпы, елімізде Қазір еліміздегі сексеуіл алқаптарының көлемі  6,1 млн гектар шамасында. Мамандардың есептеуі бойынша, бір түп сек­сеуіл 10 шаршы метр немесе төрт тонна құмды ұстап тұрады.  Демек, онсыз та тақыр даланы құм баспасын десек, сексеуілді көптеп егуге қатысты ұлттық бағдарла­ма­ны одан әрі жетілдіре беру қажет. Жалпы, орман тапшы­лығының зардаптарын азайтуға бағытталған Орман кодексінің іске қосылғаны, қылқан жапырақты және сексеуілді ормандарды кесуді 10 жылға тоқтатқаны, Ұлытау, Балқаш сияқты арнайы табиғат қорықтарының ашылғаны, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылғаны жақсы бастама.  Яғни, бір түп ағаш егу арқылы елді-мекендерді жасыл желекке, даланы орманға айналдыру ісінде бірізділік пен жүйе бар. Бүгінде тал егу - бұл сенбілікке шыққан шенеуніктердің суретке түсіп, ұпай жинайтын ермегі емес.  Қайта жыл сайын бір түп тал егу ол әр азаматтың елі мен жері, ұрпағының алдындағы борышы болып қалуы тиіс. Бізге осындай мәдениет керек.