Облыс орталығының тұрғындары мен еріктілер «Таза Қазақстан» бастамасын қолдап, аулаларды, көшелерді және қоғамдық орындарды тазалауға шықты.
– Біздің ортақ мақсатымыз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының міндеттері мен қағидаттарына толық сәйкес келеді. Бұл бір реттік акция емес, ұзақ мерзімді әрі стратегиялық бағыт. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана абаттандыру мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруда нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз, –
деп атап өтті Нұрымбет Сактағанов.

Бүгін Өскемен қаласында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қаланың әр ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар акцияға белсенді түрде атсалысты.
Жеңіс саябағында Құрмаш Нұрғалиев атындағы колледж студенттері тазалық жұмыстарын жүргізді. Шығыс Қазақстан университеті студенттері «Самал» саябағын тазаласа, Шығыс Қазақстан техникалық университеті білім алушылары өз кампусының айналасын ретке келтірді.

Барлық студенттер сенбілікке ерікті ретінде қатысты. Сонымен қатар, Славский көшесі, 68 және Протозанов көшесі, 145, 143 үйлерінің тұрғындары да «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, 40-тан астам адам өз аулаларын тазалады. Аймақ басшысы мен Өскемен қаласының әкімі тұрғындармен кездесіп, олардың белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.
Тұрғындармен және өз үйлері мен қоғамдық орындардың айналасын тазалап жүрген студенттермен әңгімелесу барысында Нурымбет Сактаганов бұл бастаманың халықтың өз еркімен жүзеге асып жатқанын атап өтіп, бұл өңірде жаңа экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсететінін айтты.

Сондай-ақ, ол абаттандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта Алмата Акышовқа ерекше назар аударуды тапсырды. Айта кетейік, сенбілікке өңір басшысы «Торпедо» хоккей клубының логотипі бейнеленген кепкамен келді. Ол аталған клубтың жанкүйері әрі команданың жетістіктерін мақтан тұтады.
– Шығыс Қазақстан облысында еңбек етуге де, демалуға да барлық мүмкіндік бар: ормандарымыз, өзен-көлдеріміз, бірегей табиғатымыз және пайдалы қазбаларымыз жеткілікті. Бірақ өңірдің ең басты байлығы – Шығыс Қазақстанның еңбекқор, белсенді әрі жауапты тұрғындары, –
деді Нұрымбет Сактағанов.
Еске сала кетейік, Өскеменде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы жалпықалалық сенбіліктер 30 мамырға дейін әр сенбі сайын өткізілетін болады. Негізгі назар аулаларға, іргелес аумақтарға, қоғамдық кеңістіктерге және сауда мен қызмет көрсету нысандарының айналасына аударылады. Мұндай шаралар қаланың санитарлық жағдайын жақсартып, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға бағытталған. Сенбіліктер облыс орталығын абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналмақ.