«Әнұран», «Елтаңба», «Ту»: Бұл ұғымдарға қатысты ғылыми ортақ шешім жоқ – Асылжан Бижанов

Өңірлік нышандардың әркелкілілігі, олардың бекітілу тәртібіндегі жүйесіздік, кейбірінің авторларының да белгісіз болуы қиындық туғызуда.

Олжас Қасым

  • 17.06.2024

Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер саласындағы мемлекеттік саясат қалай жүргізіліп жатыр? Өңірлік төлтаңбаларға қатысты қандай шешімін таппаған мәселелер бар? Бұл жөнінде Malim.kz тілшісі Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының бөлім басшысы Асылжан Бижановпен сұхбат құрған болатын.


- Асылжан мырза, өзіңіз басшылық ететін бөлімнің мақсат-міндеттері мен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...

- Геральдикалық зерттеулер бөлімі мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілердің тарихи маңызын қарастырып, ғылыми негізін жүйелеу мақсатында зерттеулер жүргізеді. Геральдикалық белгілер бағытындағы пікір тудыратын мәселелелерді белгілі ғалымдармен біріге талқылап, ортақ шешім шығарып,  ұсынымдар әзірлейміз.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер мен нышандарды қолдану бойынша халықаралық тәжірибені зерттеп-зерделейді, ақпараттық, ғылыми-танымдық және әдістемелік материалдар дайындаумен шұғылданамыз.

Атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, 2021 жылы Қазақ геральдикасы кітап-альбомы баспа бетін көрді. Араға жыл салып,  2022-2023 жылдары Қазақ геральдикасы мен «Таңбалар тілі» ғылыми-танымдық журналы шығарылды. 2024 жылдың 4 наурызында Орталық жанындағы Ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өткізіліп, өзекті мәселелер талқыға салынды. Геральдикалық сауаттылық семинары, әлеуметтік роликтер, анимациялық мультфильмдер, «ТаңбаLike» зияткерлік ойыны, «Рәміз сақшысы» байқауы және тағы да басқа бірқатар жобалар бюджеттік өтінім бойынша ұсынылды.

- Қазіргі күні еліміздің алдында мемлекеттік рәміздер, өңірлік төлтаңбаларға қатысты қандай шешімін таппаған мәселелер бар? Насихат жұмыстары жеткілікті деңгейде атқарылып жатыр ма?

- Иә, бұл өзекті мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан мен Атырауда өткізілген Ұлттық құрылтайдың 2, 3-отырыстарында да көтерілді. «Әнұран», «елұран», «гимн», «герб», «елтаңба», «нышан», «рәміз», «төлтаңба», «символ», «ту», «жалау», «байрақ» ұғымдарына қатысты ғылыми ортада ортақ шешім жоқ. Алдағы уақытта айтылмыш көкейтесті мәселелер шешімін табады деп үміт жоқ емес.

Өңірлік нышандардың әркелкілілігі, олардың бекітілу тәртібіндегі белгілі бір жүйенің болмауы, кейбірінің авторларының да белгісіз болуы қиындық тудырып отырғанын жоққа шығара алмаймыз.

- Геральдика - тың сала, ғалымдарымыз толық бір шешімге келмеген тұстары өте көп бағыт деп қалдыңыз... Осы пікіріңізді нақтылай кетсеңіз...

- Бұл көптеген мемлекетте бар жағдай, Қазақстандық университеттер мен институттарында арнайы маманданған, кәсіби геральдист, вексиллолог мамандарды дайындайтын білім беру бағдарламалары жоқ. Бұл – аса өзекті мәселе демеске лаж жоқ.

Осы салалар қосалқы тарихи пәндердің бір бөлігі ретінде ғана оқытылып жатыр. Қазіргі уақытта Орталық Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Тарих факультетіне ұлттық геральдика бойынша дипломдық жұмыс, магистрлік диссертация жұмыстарын дайындауға ұсыныс жасалды.

Еліміздің рәмізтану ғылымымен ұзақ уақыттан бері  Ербол Шаймерденов айналысқаны баршаңызға мәлім. Ол 1992-2012 жылдар аралығында ұлттық геральдиканы қалыптастыру бойынша сүбелі еңбек еткені белгілі. 2021 жылы «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ Үкімет қаулысы аясында құрылып, қазақ геральдикасы қайта жандана  бастады. Тарих, археология, этнология, филология, түркология, саясаттану, мәдениеттану, құқық салалары ғалымдарының тақырыпты түсінуі де, пікірі де бір-біріне ұқсамайды. Орталықтың қазіргі ұстанымы – пәнаралық байланыстар негізінде ортақ іске бірігу, тізе қосып байыпты бастамаларға серпін беру. 

- Геральдиканы зерттеу ісінде әлемдік тәжірибелерді қолданысқа енгізу жоспарда бар ма? Осы бағытта қай елдермен қарым-қатынас орнатып жатырсыздар? Нәтиже қалай?  

- Әлем елдері геральдикасының даму деңгейі де, түсінігі де, алға қойған мақсаттары да сан алуан. Біздегідей Орталық аналогтары негізінен Президент аппараты, Мәдениет министрлігі жанынан құрылған, кейбір мемлекеттер геральдикалық комиссиямен шектелген. Империялық кезеңдерінде қалыптасқан Ұлыбритания, Германия, Испания, Франция, Италия, Түркия, Жапония, Қытай, Ресей геральдикасы мен посткеңестік елдердегі тенденциялар ерекше назарда.

Геральдикалық жұмыс басқармасымен әлемдік тәжірибеге негізінде «геральдикалық реестр» құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Түркия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдерінің тарихшы ғалымдарымен байланыс орнаттық. 2025 жылы Орталықтың бас маманы Сұлтан Берікұлы екеуіміз докторанттың шетелдік ғылыми тағылымдамасы аясында Италияның Габриэле д'Аннунцио атындағы университетінде геральдист мамандармен кездесу өткізсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар Германиядағы Әлемдік вексиллологияны зерттеу институтымен ынтымақтастық орнатуға ұмтылып жатырмыз. Бұл жұмыстар жүзеге асса қазақ геральдикасы өзгеше арнаға түсер еді деп топшылаймыз. 

- Таяуда Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы жаңа көзқарастар қалыптастыру бойынша отырыс өткізгендеріңізді білеміз. Қандай ой-пікірлер ортаға салынды?

- Үшінші маусым күні Мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілер саласындағы мемлекеттік саясат туралы жас ғалымдармен еркін форматта басқосу ұйымдастырдық. Іс-шара шеңберінде мемлекеттік рәміздерді насихаттаудағы жаңа көзқарастар; Қазақ геральдикасының перспективалары: тарих немесе модерн; мемлекеттік наградаларды жетілдіру жолдары мен ұсыныстар; туристік брендинг, place branding, сауда брендингін дамыту талқыға салынды.  

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкері Алма Сайлауқызы инфодемия дәуірінде геральдиканың жаңа рең алуы, символиканың сөйлеуі, қазақ оюларының ұлттық кодпен байланысы туралы ой қосса, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Дулат Өтеғали ұлттық нақыштағы киімге, театр өнеріне, қазақ тілінде жазылған кітаптарға деген ірі сұранысты ескеріп, «қазақ ренессансын» тиімді пайдалану керектігі мен ақпараттану, геральдикалық сауаттылықты арттыру бағытында кешенді әлеуметтанулық зерттеу ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Бейсенбаев Мекемелердің арнайы төсбелгілерін қалыптастыру арқылы идентификациялау және Қазақстан геральдикасындағы өзекті мәселелер туралы «Ұлттық баяндама» жасау идеясын ұсынды.

-  4 маусымда еліміз бойынша Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Айтулы мерекеге орай қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

- 20 мамыр күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде студенттер арасында «Сауда белгілеріндегі ҚР Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы» тақырыбында дебат өткізілді.

23 мамыр күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейінде Астана қаласы әкімдігінің № 73 мектеп лицейінің оқушыларымен «Рәмізге құрмет – ұрпаққа міндет» атты танымдық экскурсия өткізілді. Мазмұнды іс-шараға  Мемлекеттік Елтаңбамыздың авторы, профессор Жандарбек  Мәлібекұлы, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, білгір филолог ғалым  Серік Негімов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Садықанұлы, Ардақ Назаров және Болат Бақбергенұлы қатысып, ордалы ойларын ортаға салды. Жастарға елдік рухтағы ақыл-кеңестерін айтып, оларды өз елінің патриоты болуға шақырды.

24 мамыр күні Орталық директоры, көрнекті ақын Қалқаман  Айымғазыұлы бастаған орталық қызметкерлері Astana IT университетінің Atameken Spase залында «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейлік негізі» тақырыбында студенттермен кездесу өткізді. Білімгерлер көп құнды мәлімет алды, таным көкжиегі кеңейді деп ойлаймыз.

28 мамыр күні Оқушылар сарайы және «Музыкалық жас көрермен театры» МКҚК қолдауымен «Рәміздерім – Тәуелсіздік бойтұмары!» атты жас қылқалам шеберлерінің басын бір арнада тоғыстырған көрме ұйымдастырылып, іс-шара «Шәмші мюзикліне» ұласты.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Елтаңбаны өзгертуді ұсынды. Гербімізді өзгертуге қарсылық танытқандар да бар. Геральдикалық зерттеулер орталығы бұл мәселеге орай қандай жұмыстар атқарып жатыр?

- Жуырда ғана Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында осы мәселеге қатысты нақты жауап бергені есімізде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елдік нышаны Елтаңбаны өзгертуді ұсынған жоқ, бұқаралық талқыға салып, қажет болған жағдайда ғана арнайы комиссия құру керектігін айтты. Орталықтың негізгі мақсаты - мемлекеттік рәміздерімізді кеңінен насихаттау, дәріптеу, ұлттық геральдикалық белгілердің қастерлілігін халыққа лайықты жеткізу.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Түйін.  Еліміздің біртұтастығының нышаны саналатын, бұқараны бірлікке, ынтымақпен ұйысуға үндейтін мемлекеттік рәміздеріміз егемендіктің алғашқы жылдарында бекітіліп, қабылданғаны мәлім.  Мәселен, тәуелсіздік жарияланғаннан кейін төрт жыл өткен соң, яғни 1996 жылы  рәміздерге арналған заң шығарылды. Бұл құжат Ата заңызымыздың шеңберінде  1993 жылы күшіне енген  ел азаматтарын Әнұрын, Ту және Елтаңбаны қастерлеп, құрмет тұтуға міндеттейтін баптың негізінде жасалғаны айқын.  Дәл сол 1996 жылы көк байрағымыз бен елтаңбамыз жарлықпен бекітіліп, 2006 жылы қазіргі шырқалып жүрген әнұран бұқаралық сипат алды. Осы ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына терең сіңдіру, оларды құрметтеу, дәріптеу мақсатында Геральдикалық зерттеулер жасайтын мекеменің негізі 2021 жылы қаланды. Аталмыш құрылым рәміздерді дұрыс пайдалану ісі бойынша жұмыс істейді. Осы мақсаттағы құқықтық базаны дамыту аясында ұсыныстар дайындаумен, көпшілікке әдістемелік жәрдем жасаумен айналысып келеді. 

Байланысты жаналықтар

Талғарда бірнеше Елтаңба қоқыс арасында шашылып жатыр

02.11.2024

Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

25.10.2024

Шымкенттің ең биік нүктесінде алып ту желбіреді

25.10.2024

Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

25.10.2024

Бүгін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

19.10.2024

«Менің Қазақстаным»: Астанада 500-ден астам ардагер флешмобқа қатысты

28.08.2024
MalimBlocks
Талғарда бірнеше Елтаңба қоқыс арасында шашылып жатыр

Видео әлеуметтік желіде жарияланды

Қырғызстанда әнұран өзгеруі мүмкін

Шымкенттің ең биік нүктесінде алып ту желбіреді

Жаңа флагштоктың биіктігі Ордабасы алаңындағы 50 метрлік флагштоктан едәуір асып түседі

Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты

Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды

Бүгін Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына — 100 жыл

«Менің Қазақстаным»: Астанада 500-ден астам ардагер флешмобқа қатысты

Ардагерлер ел байрағындағы жарқыраған күн мен қалықтаған қанатты бейнеледі