Ozon және Wildberries арабша жазу басылған Қазақстан туын сатуға арналған хабарландыруды жойды

Ресейлік Ozon және Wildberries маркетплейстері арабша жазу басылған Қазақстан туын сатуға арналған хабарландыруды жойды, - деп хабарлайды Malim.kz тілшсі Kaztag агенттігіне сілтеме жасап.
"Қылмыстық қудалау органы тергеп-тексеру аясында Ozon маркетплейсінің Қазақстандағы өкілдігіне Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабына сәйкес құқықбұзушылықтарға себеп болған мән-жайларды жою туралы ұсыну хат жолдады. Соның нәтижесінде Ozon сайтынан жазбалары бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын және діни материалдарға қатысты жарнамаларды сату туралы хабарландырулар жойылды", – деді Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар, КазТАГ Wildberries сайтынан да мұндай туларды сату жөніндегі хабарландыруларды таппаған. Бұған дейін бұл маркетплейсте мұндай ту сатылған еді. Алайда, басқа елдердің арабша жазуы бар тулары сатылымда тұр.
Еске салайық, 27 наурызда арабшаға ұқсас жазуы бар Қазақстан туымен түскен суретке байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын. 1 сәуірде сот хиджабтағы қыздардың мемлекеттік тумен түскен суретіне байланысты оқиғаны ұсақ бұзақылық деп таныды. Кейін төртінші қатысушы да айыппұл төлегені белгілі болды.
Бұған дейін Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи елдегі діни ахуалға алаңдаушылық білдірген еді. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева мен Олжас Сүлеймен де жастар, әсіресе спорт саласында дәстүрлі емес діни ағымдардың әсері күшейіп жатқанын айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарды қолдап, Қазақстанда діни сенім бостандығының кепілдігі бар екенін, бірақ бейберекетсіздік пен шектен шығуға жол берілмейтінін атап өтті.
27 наурызда Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстанда спорт саласында терроризм мен экстремизмге қарсы күрес басталатынын мәлімдеген болатын.
Ал 2 сәуірде депутат Ермұрат Бапи "арабша" жазуы бар тудың артында экстремистік күштер тұруы мүмкін екенін айтқан. 1 мамырда Бас прокурор атышулы суреттегі төрт қыздың екеуінің аналары да айыппұл төлегенін хабарлаған.
Фото: Әлеуметтік желі


Ең көп оқылған
