Назарбаевқа тамсанғыш Жолдасбеков Тоқаевқа керек болмай қалды
Биылғы сайлауда Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл емтиханын тапсырмайды. 8 қазанда Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Тоқаевтың президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптарға сәйкес келетінін, мемлекеттік тілден сынақ тапсырмаса да болатынын мәлімдеді. ОСК тіл сынағынан босатқан қазіргі президенттің қол жинауға кірісе беретінін айтып отыр.
Ал басқа президенттікке кандидаттар ана тілден емтихан тапсырып жатыр. «Ауыл» партиясының өкілі Жигули Дайрабаев Абайдың өлеңдерін оқып, «Менің елім, менің жерім» деп толғанып, «Күшіміз – бірлікте» деп 15 минут көсілген. «Аманат» кәсіподақтар достастығы» ұсынған үміткер Мейрам Қажыкеннің тапсырмасы Дайрабаевтан қарағанда сәл салмақтылау екен. Қажыкен «Абай жолы» эпопеясынан үзінді оқып, «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбында 15 минут сөз сөйлеп, «Қазіргі заманғы жаһандық мәселелерді» тізген. Екеуі де сынақтан өтіпті. Қалғандары енді тапсырады.
Орталық сайлау комиссиясы Тоқаевтың емтиханға қатыстырмау туралы шешімін Заң аясында шығарғанын мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 54-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі кандидатурасы өкілеттіктердің келесі мерзіміне қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген Республика президентіне қолданылмайды», - деді М.Ерман.
Қазіргі Президентке мемлекеттік тіл емтиханын тапсырмау жөніндегі мүмкіндік үш жыл бұрын беріліпті. Сайлау туралы заңға мұндай өзгеріс 2019 жылы енгізілген.
Биыл 5 маусымда республикалық референдум арқылы Конституциядағы 33-бапқа 56 түзету, яғни заңның үштен біріне өзгеріс енгізіп, Тоқаев «суперпрезиденттік басқару формасынан» кететінін айтты. Бірақ, сайлау туралы заңға бірнеше өзгерту енгізсе де тілді білу емтиханына қатысты бапқа тиіскен жоқ.
Биылға дейін Ата Заңда «Президенттiкке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұрып жатқандығын, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін Орталық сайлау комиссиясы анықтайды. 2019 жылғы президент сайлауында «2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімшесінің Бас директоры лауазымын атқарған Қ.Тоқаевты «Шетелде қызмет еткені сайлауға қатысуына кедергі болмай ма?» деген сұраққа Әділет вице-министрі Наталья Пан «Бұл қызметтік қажеттілікке байланысты болатын. Қазақстан Республикасы оны жіберді, сондықтан бұл оның сайлауға түсуіне тосқауыл болмайды» деген. Ішкі істер министрлігі де «Тоқаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін, Қазақстанда соңғы 69 жыл бойы тұратынын» айтып отыр.
Президенттікке кандидаттарға «Мемлекеттік тілді еркін меңгерген» тұлға қазақ тілінде сауатты жазып, оқып, өз ойын қиындықсыз жеткізетін және көпшілік алдында еркін сөйлей алуы тиіс» деген норманы Конституциялық кеңес 1998 жылы енгізген. Президент лауазымына үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгеруі лингвистикалық комиссияның қорытындысымен анықталатыны нақтыланған. Лингвистикалық комиссия ОСК қаулысымен тіл мамандары мен 5 адамнан кем емес басқа да мамандардан құрылды. Оның құрамы Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрлігімен мақұлданды. Бұрынғы сайлауларда комиссия мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Әбдуәли Қайдар, Сейіт Қасқабасов, Өмірзақ Айтбайұлы, Рымғали Нұрғали сынды тіл мамандары болғаны белгілі.
Бұрынғы кезектен тыс сайлауларда 2015 жылы үміткерлер үш деңгейден тұратын емтиханнан өткізілді. Лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа екі беттен кем емес көлемде жазба жұмысын орындау, комиссия ұсынған мәтіннен үш беттен артық емес көлемдегі үзінді оқу, 15 минуттан кем емес уақытта тапсырылған тақырыпта жұрт алдында сөйлейді деген талап енгізілді.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тіл туралы емтихан тапсыруы өзінше бір көңілді қойылым болатын. Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Назарбаев тілдік емтихан тапсырып шыққан соң «Елбасы Конституциямыздың гаранты екенін, ҚР азаматтарының ішінде президенттікке талпынып жатқан азаматтардың бәрінің атқарған қызметіне, лауазымына қарамастан бәрі заң алдында бірдей екенін дәлелдеді. Үш сұрақтан да өте жақсы өтті. Біз комиссия мүшелері бірауыздан Елбасы қазақ тілін еркін меңгерген, еркін меңгерген деген сөздің өзі бізге кеше аз болып қалды, өте жетік меңгерген деген қорытынды жасадық», - деп тамсанып жүретін.
Ол қазіргі Президентке мемлекеттік тіл емтиханын тапсырмау жөніндегі талап Сайлау туралы заңға 2019 жылы енгізілді. Бұл жолғы ОСК жанындағы тіл комиссиясына Назарбаевқа тамсанғыш Мырзатай Жолдасбеков енбей қалыпты. Сірә, қазіргі президент емтихан тапсырмайтын болған соң, мақтайтын адам керек емес болып қалды ма екен...