Назарбаевтың Ресейдегі банкі бір жылда 11,3 млрд рубль пайда тапқан
Қазақтың ең атақты зейнеткері Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі Ресейдің «Азия-Тынық мұхит банкі» 2024 жылдың қорытындысы бойынша кемінде 11,38 миллиард рубль таза кіріс түсірген. Теңгелей есептесек, 59 миллиардқа жуық қаржы. Бұл туралы Ресей Орталық банкінің статистикасында жарияланды, деп жазады www.nege.kz порталы.
«АТБ Банкінің» негізгі кірісі кредит беруден түскен пайыздардан тұрады. Жалпы пайыздық түсім 31,2 миллиард рубльге (162,8 млрд теңге) жетіп отыр. 2024 жылдың бірінші жартысында банк 4,8 миллиард рубль (25 млрд теңге) таза пайда алғанда, біз жыл соңындағы жалпы кіріс 14 миллиард рубльдің шамасында болады деп топшылағанбыз. Бірақ 11,3 миллиард рубль де аз көрсеткіш емес.
Былтырғы жылдың жазында «АТБ Банк» басқарма төрағасын ауыстырған болатын. Қазақ банкирі Мұрат Жәукеновтің орнына тәжірибелі қаржыгер Мигель Маркарянц келді. Мұрат Жәукенов өз кезегінде жақсы жұмыс істеп, банктің табысын арттырып берген еді. Ал Мигель Маркарянц сол жолды жалғастыра білді.
Осымен Нұрсұлтан Назарбаев «Азия-Тынық мұхит банкін» сатып алуға кеткен ақшаны толығымен ақтап алды. «АТБ Банк» 2022 жылы – 325,3 миллион рубль, 2023 жылы – 8,18 миллиард рубль, 2024 жылы – 11,38 миллиард рубль таза пайда алып келді. Бәрін қоссақ 19,88 миллиард рубль болады.
Ал Назарбаев «АТБ Банкін» 2021 жылдың аяғында Ресей Орталық банкі өткізген аукционда 14 миллиард рубльге сатып алған болатын. Демек, ол банкке кеткен шығынды үш жылдың ішінде қайтарып қана қоймай, оның үстінен 5,88 миллиард рубль қосып, таза пайдаға шығып отыр. Бұл – 30 миллиард теңге.
Бұл күнде Назарбаевтың қолында жыл сайын кемінде 10 миллиард рубль пайда алып келетін банк бар. Оның Ресейде бизнесмен ретінде бағы жанды деп айтуға болады.
Ресей президенті Владимир Путинмен кездесулер қазақ зейнеткеріне өзінің майлы активін қорғау үшін де қажет сияқты. Путин барда аймақтық рейдерлік топтар «АТБ банкіне» жолай алмайды. Сондықтан Кремльдегі әр кездесудің бизнес астары бар екенін ішіміз сезеді...
Фото: www.nege.kz