Орталық Азия: Геосаяси жағдайдағы Қазақстанның рөлі

Шетелдік капитал иелері алдымен Қазақстанның соңғы жылдардағы сыртқы іскерлік байланыстарына назар аударады

Malim Админ

  • 19.05.2025

Қазіргі геосаяси жағдайда Орталық Азия елдері арасындағы өзара ынтымақтастық пен сенімді арттыру ерекше маңызға ие болып отыр. Аймақтағы өзгерістер, жаһандық қауіп-қатерлер мен экономикалық трансформациялар бұл мемлекеттерді біртұтас стратегиялық алаңға айналдыруда.


Осындай сын-қатерлер кезеңінде Қазақстан аймақтағы тұрақтылық пен прогрестің күретамырына айналып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы саясаты мен игі бастамаларының арқасында еліміз Орталық Азиядағы ықпалды, бейбітсүйгіш және жауапты мемлекет ретіндегі рөлін айтарлықтай күшейтті. Бұл рөл бір сәттік бастама емес, ұзақ мерзімді стратегия мен терең дипломатиялық тәжірибеге сүйенген мақсатты бағыт болып отыр.

Қазақстан көршілес елдермен тең дәрежелі және сенімге негізделген дипломатиялық қатынастар орната білді. Мемлекеттер басшыларының консультативтік кездесулері арқылы ортақ мәселелер талқыланып, өңірлік ынтымақтастықтың тиімді тетіктері жолға қойылды. Бұл – тек саяси ұстаным ғана емес, аймақтың бірлігі мен тұрақты дамуына бағытталған нақты қадам. Қазақстан осы процесте үйлестіруші әрі бастамашы ел ретінде мойындалып отыр. Атап айтқанда, Астанада тұрақты негізде өтіп жүрген Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік форматтағы саммиттері өңірлік келіссөздердің жаңа үлгісіне айналды. Бұл алаңда су ресурстарын әділ пайдалану, экологиялық проблемаларды шешу, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту секілді маңызды мәселелер нақты келісімдер негізінде талқылануда.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, еліміз Орталық Азиядағы ең ірі экономикалардың бірі ретінде аймақтағы сауда, инвестиция және логистикалық байланысты нығайтуда жетекші рөл атқаруда. Қазақстанның географиялық орналасуы Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік дәліз болуға мүмкіндік береді. Осы бағытта еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) мен «Орта дәліз» сияқты инфрақұрылымдық жобаларды белсенді ілгерілетуде. Сонымен қатар, "Баку-Тбилиси-Карс" темір жол бағыты, "Қорғас – Шығыс қақпасы" құрғақ порты және "Актөбе – Қандыағаш – Маңғыстау" темір жол желілерінің жаңғыртылуы осы бастамалардың тиімділігін арттыруда. Бұл жобалар Орталық Азияның жаһандық нарықтармен байланысын күшейтіп, өңірлік экономикалық интеграцияны тереңдетуге ықпал етеді. Қазақстан – жаһандық уран өндіруші көшбасшылардың бірі ретінде де энергетикалық қауіпсіздікке зор үлес қосуда.

Француз экономисі Жюльен Веркейдің айтуынша, Президент Тоқаев жүргізіп отырған саясат тек халықтың тұрмысын жақсартып қана қоймай, елге ішкі және сыртқы инвестиция тартуға кең жол ашады. Осыған байланысты Қазақстанды халықаралық ауқымдағы ірі компаниялар үшін Орталық Азиядағы негізгі тірек алаңы деуге толық негіз бар, – дейді сарапшы.

Шығыс тілдері және өркениет ұлттық институтының вице-президенті Жюльен Веркейдің пікірінше, Қазақстан – экономикалық әріптестікті дамытудың мол тәжірибесіне ие мемлекет. Аймақпен таныс емес шетелдік инвесторлар үшін бұл ел Орталық Азиядағы басқа мемлекеттермен қарым-қатынас орнатуға дәнекер бола алады. Себебі шетелдік капитал иелері алдымен Қазақстанның соңғы жылдардағы сыртқы іскерлік байланыстарына назар аударады. Олар осы елге инвестиция құя отырып, кейін көршілес елдермен жұмыс істеудің тиімділігін бағамдайды. Мұндай тәсіл – түрлі аймақтарға тән ортақ үрдіс. Инвестиция шоғырланған мемлекетпен байланыс орнату арқылы бүкіл өңірге жол ашылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында аймақтардағы қазіргі ахуалды дәл сипаттап, экономиканы әртараптандыру мәселесін қозғаған болатын.

«Қазіргі жаһансыздану жағдайында Орталық Азия елдерінің өңірішілік ықпалдастығы оның ерекше өркениет ареалы ретінде өзін өзі сақтауы үшін де, біртұтас болмыс ретінде өңірді тұрақтандыру үшін де аса өзекті. Елдеріміз бен халықтарымыздың тарихы мен мәдениеті ортақ болғандықтан, бес мемлекет бірін бірі толықтырып отырады. Бұл бізді біріктіретін басты күш болуға тиіс... Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру мәселесі біздің елдеріміздің айнымас міндеті болып қала беретіні сөзсіз. Өңірдегі мемлекеттердің бірлескен күш-жігері мен қуатты экономикалық әлеуетінің арқасында Орталық Азия аумағы сауда, инвестиция, ғылым және инновация саласында зор мүмкіндіктері бар кеңістікке айналып отыр. Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, халқының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнайдың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біздің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өндіруден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр. Біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағдай елдеріміздің сыртқы факторларға лайықты төтеп беруін қамтамасыз етіп, сауда-өндіріс саласындағы циклдерді әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірлескен экономикалық жобаларды тиімді іске асыру осы үдеріске оң ықпал ете алады, - деді Мемлекет басшысы.  

Қауіпсіздік саласында Қазақстанның бастамалары аймақ елдері арасындағы сенімді нығайтып, терроризм, экстремизм, трансшекаралық қылмыс сынды ортақ қауіптерге қарсы бірігіп әрекет етуге жол ашты. Бүгінде Қазақстанның бастамасымен тұрақты форматта қауіпсіздік мәселелері талқыланып, өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты іс-шаралар қолға алынуда. Шекара маңындағы ынтымақтастық кеңейіп, кеден, көші-қон және құқық қорғау салаларындағы өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен қатар, еліміз өз аумағында өңірлік қауіпсіздікке қатысты халықаралық жиындарды өткізуде белсенділік танытып келеді. Бұл – Қазақстанның жауапкершілікке толы ұстанымын білдіреді.

Экология мен табиғи ресурстарды басқару – тағы бір өзекті бағыт. Арал теңізінің мәселесі, су ресурстарын әділ пайдалану, климаттың өзгеруіне бейімделу – бұл Қазақстан үнемі көтеріп келе жатқан маңызды тақырыптар. Еліміз осы салада халықаралық ұйымдармен және көрші мемлекеттермен бірлесе жұмыс істеу арқылы өңірдегі экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүдделі екенін көрсетіп отыр. Мысалы, БҰҰ-ның қолдауымен жүзеге асырылып жатқан "Жасыл Орталық Азия" бастамасы шеңберінде Қазақстан климаттық саясатта көшбасшылыққа ие. Сонымен қатар, 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы ұлттық стратегия да Азия елдеріне үлгі боларлық маңызды құжаттардың бірі саналады.

Мәдени және гуманитарлық саладағы байланыстар да ерекше назарда. Қазақстан бауырлас халықтар арасындағы тарихи, мәдени, рухани үндестікті сақтап, дамыту жолында жүйелі саясат жүргізуде. Білім беру, ғылым, жастар алмасуы сияқты бағыттарда бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Елдегі жоғары оқу орындарында Орталық Азия елдерінен келген мыңдаған студент білім алуда. Сонымен қатар, еліміз Ауғанстан халқына көрсетіп отырған гуманитарлық көмегі арқылы өзінің халықаралық гуманизм мен жауапкершілік принциптеріне берік екенін дәлелдеп келеді. Атап айтқанда, Қазақстан кейінгі жылдары ауған жастарына 1000-нан астам білім грантын бөліп, бұл елдің бейбіт дамуына қомақты үлес қосты.

Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі – бұл бір күндік немесе тек экономикалық жетістікке негізделген саясат емес. Бұл – байыпты дипломатиялық тәжірибе, көрші елдерге деген құрмет пен өзара қолдауға негізделген ұзақ мерзімді стратегиялық ұстаным. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары аймақтағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанды бейбітшілік пен тұрақтылықтың, даму мен келісімнің негізгі ортасына айналдырды. Оның "Орталық Азия – біртұтас тағдыр" деген тұжырымы өңір елдері үшін ортақ мақсаттар мен құндылықтар негізіндегі ынтымақтастықтың тірегіне айналды.

Президент Тоқаев болашақтағы сын-қатерлерге лайықты жауап іздеп, жағымсыз үрдістерді тежеуге байланысты ортақ ұстанымдарды алға тартып келеді. Осы бағытта Қазақстанның ұсынысы бойынша Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы әзірленгені мәлім. Онда көпқырлы және бес­жақты ықпалдастықты одан әрі дамыту бағдарлары нақтыланған. Алдағы уақытта да еліміз «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» қағидатынан айнымайды.  

Фото: e-cis.info  

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық блогерлер салық төлей бастады

19.05.2025

Сарапшы: мектептер ерекше балаларды қабылдауға дайын емес

19.05.2025

Қазақстан ана өлімін айтарлықтай тез төмендеткен он елдің қатарына кірді

19.05.2025

Түркістан облысы мен Оңтүстік Корея арасында іскерлік байланыс нығаяды

19.05.2025

Жезқазғандағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялауға қанша бөлінді?

19.05.2025

Германияда қолтырауынның басын сақтаған қазақстандық ұсталды

18.05.2025
MalimBlocks
Қазақстандық блогерлер салық төлей бастады

Сарапшы: мектептер ерекше балаларды қабылдауға дайын емес

Қазақстан ана өлімін айтарлықтай тез төмендеткен он елдің қатарына кірді

Түркістан облысы мен Оңтүстік Корея арасында іскерлік байланыс нығаяды

Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық көкжиегін кеңейту туралы талқылады

Жезқазғандағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялауға қанша бөлінді?

Германияда қолтырауынның басын сақтаған қазақстандық ұсталды