Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Тоқаев ҚХР төрағасымен бірге мемлекеттер арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей беретініне назар аударып, бүгінгі келіссөз нәтижелері соның айқын дәлелі екенін айтты.
Екіжақты келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті мен Қытай Халық Республикасының төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгені үшін Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді.
– Осы сапарыңыз – қазақ-қытай жылнамасындағы айтулы әрі тарихи оқиға. Оған қоса бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге деген Сіздің ниетіңіздің айқын көрінісі деп білемін. Мен бұл игі ұмтылысты толықтай қолдаймын. Қытай – біз үшін тату көрші, достас және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктес мемлекет. Бұл біздің елдерімізге ортақ құндылықтар мен ортақ ұстаным деп айтқым келеді. Оның тарихи тамыры тереңде жатқаны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы тығыз сауда және гуманитарлық байланыстардың даму тарихына тоқталып, оның келешегі жарқын боларына сенім білдірді.
– Халықтарымыз Ұлы Жібек жолы бастау алып, төрткүл дүниеге таралған киелі жолда ынтымағы мен бірлігін жарастырған. Тарих қойнауына үңілетін болсақ, Қытай елі қазақ халқына ешқашан жамандық жасаған жоқ, ешқандай тосқауылдар құрған емес. Жәрдем ғана берген. Біздің елдеріміз әрдайым өзара тығыз байланыста және шынайы достық қарым-қатынаста болды. Бүгін де солай және солай болып қала бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасымен бірге мемлекеттер арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты бекемдей беретініне назар аударып, бүгінгі келіссөз нәтижелері соның айқын дәлелі екенін айтты.
– Қазақстан мен Қытайдың мызғымас саяси қатынастары өзара сенім мен қолдау рухында дамып келе жатыр. Екі ел арасында шешімін таппаған ешқандай түйткіл жоқ. Сондықтан күш біріктіре отырып, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық әріптестікті жандандыруға ниеттіміз. Біз Төраға Си Цзиньпин екеуміз жаңа ғана Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Құжатта екі ел қатынастарының жетістіктері және алдағы жоспарлары кеңінен қамтылған. Қытай – Қазақстанның басты сауда серіктесі. Былтыр елдеріміз арасындағы сауда көлемі 41 миллиард доллар болды. Алдағы уақытта тауар айналымын еселей түсеміз. Бұған әлеуетіміз жеткілікті. Қытай – біздің негізгі шетелдік инвесторымыздың бірі. Соңғы 15 жылда бұл елден Қазақстанға 25 миллиард долларға жуық инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы былтыр Қазақстан экономикасына құйылған қытай инвестициясының көлемі 16 пайызға өсіп, 1,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті ұлғайтуға екі тарап та мүдделі.
– Бүгінде құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны 4700-ден асады. Біз өзара тиімді инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асырудың маңызын атап өттік. Нақтырақ айтқанда, энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, өндіріс, қаржы, көлік, аэроғарыш өнеркәсібі және IT салаларына тоқталдық. Қазақстан өз нарығына кіруге ниетті Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған ауқымды энергетикалық жобаларды тиімді жүзеге асыру қажет деп санайды.
– Қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып жатыр. Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Сапар аясында қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Онда бірқатар инвестициялық келісімдерге қол қойдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажеттігіне назар аударғанын айтты. Бұдан бөлек, Си Цзиньпиннің Астанада жариялаған жаһандық «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Транскаспий халықаралық көлік бағдары аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.
– Былтыр теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ляньюньган, «Қорғас – Шығыс қақпасы» және Сиань қаласындағы құрғақ порттарда жүзеге асырылған бірлескен жобалардың нәтижесінде көлік-логистикалық әлеуетіміз едәуір артты. Қазіргі таңда «Аягөз – Бақты» үшінші трансшекаралық темір жол құрылысы белсенді жүріп жатыр. Бүгін біз Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалын іске қосу шарасына бейнебайланыс режимінде қатыстық. Бұл бағдар Еуразия құрлығындағы көлік-логистика қатынастарын дамытуға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда