Қ.Тоқаев: «Алматы экономикасын әртараптандыру қажет»
Жыл басынан бері Алматы қаласының экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде арнайы баяндама жасаған президент қаланың қазақ тарихындағы ерекше орынан бастап, Қаңтар оқиғасы кезіндегі қаланың жайына дейін тоқталды. Оның айтуынша мұндай ірі мегаполис, ең үлкен қазақ шаһары елдегі кез келген өзгеріске зор ықпал етеді. Иә, "Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы». Сондықтан, Алматының дамуы мен өркендеуіне қай уақытта да ерекше мән беру маңызды.
Президентқаланы дамытуға қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстар туралы айтты. Ең алдымен, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қала экономикасын әртараптандыру қажет. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі Алматыға тиесілі. Биылғы жетістік те біршама. Президентк келтірген мәліметтерге үңілсек, инвестиция тарту бойынша да бұл қала алдыңғы орында тұр. Мәселен, жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылыпты. Одан бөлек кәсіпкерлікті қолдау бағытында да біраз шаруа атқарылған. Президент ағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскенін алға тартты.
«Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет», – дейді президент.
Өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес, әр өңір өзіндік ерекшелігіне қарай мүмкіндіктерді пайдалануға тиіс. Президент қала орналасқан өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесе отырып дамыту туралы тапсырма берді. Бұл тапсырманың мәні түсінікті, Алматы облысы екіге бөлініп, Жетісуды Талдықорғанда қалдырып, облыс орталығы Қапшағайға ауысып, Қонаев аталғалы, Алматы қаласы мен Алматы облысының арасы тіпті жақындай түсті. Алматы мен Қонаевтың арасында үлкен өндіріс орталығы, алып қалалар бой көтермек. Бұл алып экономикалық аймақ әрине Алматы қаласын да, Алматы облысын да айналып өте алмайды. Сол себепті, екі тараптың бірлескен жобалары аз болмауға тиіс. Президент сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа Заң қабылданатынын айтып қалды.
Алматы қаласы еліміздегі IT компаниялардың 40 пайызы орналасқан қала. Бұл жағынан жаңа жоба жасап, өнертабыстар ұсынатын Қазақстан азаматтарының маңызды бастамаларын жүзеге асыру да назарда болуға тиіс. Оүшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылмақ. Президент бұдан басқа қала басшылығының бір бастамасын қолдайтынын айтты. Бастапқы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру мәселесінде жеке кәсіпкерлерден қаржы тарту керек екеніне тоқталды.
Кездесуде азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі де сөз болды. Президент бұл бағытта қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек деді. Қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанын ескерсек, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетіні жайлы айтқан президенттің «Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек» деген сөзі өзекті.
«Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын», – деді ол.
Ол үй салудан бөлек, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін айтты.
«Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек», – деді Президент.
Кездесуде одан бөлек қала көшелеріндегі кептеліс, экология, қоғамдық көліктер, жасыл қала, т.б. мәселелерге тоқталып, бұл бағытта әлі көп жұмыс атқарылуы керек екенін айтты.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks

Тоқаев заңға қол қойды: шетелдік легионерлерге қаржы бөлінбейді
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды