Сарапшы: Қазақстан үшін дипломатиядан мықты айла болмай тұр
Бірақ бейбіт атом туралы Қазақстан президенті ештеңе демепті
Астанада 28 қарашада Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті өтеді. Ірі жиын алдында Қазақстан мен Ресей президенттерінің мақалалары жарияланып, стратегиялық серіктестік, жаһандық сын-қатерлер жағдайында ынтымақтастықты арттыру мәселелері қозғалды. Айтулы саммит алдында сарапшы Амангелді Құрметұлы елдер арасындағы қарым-қатынас жайында шағын жазба жариялаған. Сол жазбаны назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Соңғы кездері Қазақстан дипломатиясында ірі басылымдарды мінбер қылу үрдісі байқалып жүр. Мамырда Euronews-та Тоқаевтың орта державалар туралы мақаласы шыққан. Одан соң күзде Le Figaro газетінде «Қазақстан - Францияның сенімді және стратегиялық серіктесі» деген мақаласы да жарияланған. Францияға мемлекеттік сапар жасайтын кез ғой ол. Ал бүгін «Известияға» «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» дейтін мақаласы шығыпты. Қарымта ретінде В.Путиннің жазғандарын біздің «Казахстанская правда» жариялапты. Солтүстіктегі ел басшысының Астанаға сапарына байланысты ұйымдастырылса керек. Әдетте мұндай мақалалар мемлекет басшыларының қандай мәселелерді талқылайтынын тұспалдайды. Ресей басылымында жарияланған мақалада біздің жақ сауда-саттық, экономикалық байланыстар жайлы айтылыпты. Медиада жиі жарияланатын статситика. Қ.Тоқаев Қазақстан мен Ресей шекара маңындағы аудандарында 32 млн-ға жуық адам тұратынын айтыпты. 60 мыңға жуық студент Ресейде оқиды екен. Орыстар 18 млрд долларлық инвестиция салыпты. Үш бірдеу ЖЭС-ті теріскейдегі көрші салатынын айтыпты. Екі мақалада да Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығын атап өту идеясы айтылған. Орыс тіліне қатысты пікірлер бар. В.Путин өз сөзінде Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресей жерімен тасымалданатынын айтыпты. Расында солай. Биыл жыл аяғына дейін Ресей жері арқылы Қазақстан 64 млн тонна мұнайды шетелге шығаруды көздепті. Соның ішінде 55,4 млн тоннасы КТК, 8,6 млн тонна Атырау-Самара құбырымен тасымалданады. Ақтау порты арқылы 3,6 млн тонна мұнай эспортталса, Қытайға қарай 1,1 млн тонна мұнай жөнелтіледі. Біразы қазірдің өзінде шетелге шығарылып ұқойған шығар. Үкіметтегілер Баку-Джейхан құбыры арқылы Қазақстанның 20 млн тонна мұнайын экспортқа шығаруды көздейді екен. Бірақ қай кезде жүзеге асатын жоба екені белгісіз. Дәл осында кезде Ресейге күніміз қарап отырғаны рас. Сосын Путин «Байтерек» зымыран кешенін құрастыру жайлы да атап өтіпті. Оны да көрерміз. Атом энергетикасы жайлы да айтқан. «Росатомды» мысал етіпті. Бірақ бейбіт атом туралы Қазақстан президенті ештеңе демепті. Қысқасы, екі мақаланы салыстырып оқыған қызық. Өз басым қазіргі кезде бейтараптықты басты ұстаным қылған Ақорданың саясатын құптаймын. Ұнатсақ та, ұнатпасақ та ірі державалармен мейілінше бейтарап қатынас жасап, кейбір талаптарына «бастан құлақ садаға» деп қарауға мәжбүрміз. Балпаң, балпаң кім баспас, Басарға балтыр шыдамас,- депті Ақтамберді жырау. Біздің елдің күйі де сол ғой. Сондықтан дипломатиядан мықты айла болмай тұр.
Фото: Kazinform