Сауд Арабасымен байланыс келісімге сәйкес жүріп жатыр

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстар бұған дейін жасалған келісім-шарттар мен келіссөздер нәтижесінде жасалғани кесте бойынша жүріп жатыр.

  • 14.09.2022

 

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шілде айында Сауд арабиясына жасаған ресми сапары барысында бірнеше кездесу өткізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастың жаңа дәуірін бастауға уағдаласқан. Енді міне, сол кездесудің алғашқы нәтижесі көріне бастағандай. Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласына ресми сапармен барып, Сауд Арабиясы корольдігінің инвестициялар министрімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Және бұл сапарында министр тек министрмен ғана емес, өзге де ірі компания өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Жалпы, Сауд Арабиясы біз үшін тек экономикалық саяси байланыс үшін ғана емес, руханият үшін де маңызды. Ислам дінінің орталығы саналатын Мекке мен Медине қалалары өзін мұсылманмын деп есептейтін қай адам үшін де ыстық. Сол себепті де, бұл елмен қарым-қатынастың нығаюы Қазақстан азаматтары үшін де маңызды деп есептеуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айының басындағы Қазақстан халқына жолдауында айтқан бір мәселе – инвестиция тарту ісі болатын. Инвестор тарту – ел экономикасын көтеру ғана емес, өз еліңнің өзге елдермен қарым-қатынасының қай деңгейде екенін көрсетеді. Экономикалық алпауыт елдер қатарынан саналатын Сауд Арабиясымен бұрынғы қарым-қатынас көп жағдайда саяси барыс-келістен қатты ұзай қоймайтын. Енді, бұл мұнайлы елдің алып компаниялары Қазақстанда да өз кәсіптерін ашып, ел экономикасына біраз қан жүгіртуге дайын екендерін білдіріп жатыр. Экономикада және әлемдік саясатта инвестициялық климат, инвестициялық ауа райы дейтін түсінік бар. Мағынасы түсінікті, қай елде тыныштық, қай елде кәсіп жасауға мүмкіндік берілген, кепілдік берілген, соның бәрі есепке алынады. Оның үстіне президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға жеңілдік жасау туралы да бастама көтерді. Демек, алдағы уақытта сыртқы елдермен қарым-қатынас экономикалық, инвестициялық бағыттарда жаңа деңгейге көтеріледі деп күтуге болады.

Сонымен, Эр-Рияд қаласы. Мұхтар Тілеуберді мен сауд Арабиясы инвестициялар министрі Халид бен Абдулазиз әл-Фатихпен кездесу. Инвестициялар министрі деп, арнайы ведомство ашқанына қарап-ақ бұл елдің инвестиция саласына қай деңгейде мән беретінін болжауға болады. Бәлкім, алдағы уақытта Қазақстанға да осындай бір арнайы ведомство құру керек болар. Себебі, соңғы кездері әлемдік экономика соғыстар мен әскери қақтығыстың салдарынан мың құбылып тұр. Ондай кезде барлық қарым-қатынасын белгілі бір елдермен шектеп тастаған елдерге қиын тиетіні сөзсіз. Әлемдегі ең ұзын шекара Қазақстан-Ресей арасында екенін ескерсек, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы терең екені түсінікті, демек, қазіргі Ресейдегі жағдайлар мен бұл мемлекетке салынған санкциялар Қазақстанның экономикалық байланысын өзге тараптармен де нықтап, дамыта түсуі керек екенін көрсетіп берді. Қазіргі Қазақстан билігінің жан-жақты қимылы да осы мақсатта жасалып жатқаны түсінікті. Бұған дейін Парсы шығанағы елдерінің ұйымымен келісім-шарт жасалғанын, Иран, Сауд арабиясы, Араб эмираты, Пәкістан сияқты елдермен қарым-қатынас қайта қаралып жатқанын ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар енді басталып жатыр деуге болады. Яғни, Қазақстан сыртқы саясаттағы барлық қарым-қатынасты қайта құрып жатыр. Сауд Арабиясының инвестициялар министрімен кездесу соның бір дәлелі.

Екі тарап кездесу кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру процесін талқылады. Бұл жолы да екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту туралы көп айтылды. Қазіргі болжам бойынша екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық байланыс оң динамика көрсетіп отыр деп бағалады Сауд Арабияның инвестиуия министрі.  

Бұл кездесуде тек министрлер ғана емес, арабиялық көптеген алпауыт компания басшылары болды, сол себепті, Қазақстан тарапы нақты жобалар туралы сөз өрбітті.

«М.Тілеуберді Қазақстан мұнай-химия өнеркәсібінде, жасыл энергетиканы дамыту саласында, металлургия және тау-кен секторларында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеу саласында сауд инвесторларымен өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті. Әлемдегі ең ірі мұнай-химия өндірушісі «SABIC» компаниясының басшылығымен кездесуде химия, мұнай-газ химиясы және тыңайтқыштар өндірісі саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды», - деп жазды ведомство баспасөз қызметі.

Жалпы, Мұхтар Тілеуберді айтып отырған «SABIC» компаниясы әлемдегі озық технологиямен жұмыс істейтін тыңайтқыш өндірудегі үлкен компания. Қазақстанның ендігі мақсаты – «SABIC» компаниясының тәжірибесі мен технологияларына, оның ішінде газдан жасалған соңғы бөліністегі өнім өндірісін жолға қоюдағы құрылыс жобасы бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктеріне қол жеткізуді көздейді. Ал, компания бұл мәселе бойынша Қазақстанның полимерлік өнім өндірудегі әлеуетіне баса назар аударып отыр. Полимер өндірісінің Қазақстанда әлі де дұрыс дами алмай жатқаны туралы былтыр ғана индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өзі айтқан. Және оның негізгі себебі – өндірістің импортқа тәуелділігіне байланысты екені де айтылған. Демек, осы олқылықтың орнын толтыру үшін де бұл кездесудің маңызы зор екені түсінікті.

Сауд арабиясы қалай алып қарағанда да әлемдік мұнай алпауыты. Мұнай қоры бойынша да, оны өндіру, өңдеу бойынша да алдыңғы орында. Демек, Қазақстанның негізгі мақсаты осы бағыт бойынша тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды меңгеру. Өндірісте дербес әрекет ету мүмкіндігіне ие болу үшін бұл елден келетін инвесторлардың Қазақстанға берері аз болмасы анық. Одан бөлек, тау-кен өндірісі туралы да арнаыйы келіссөздер жүргізілді. Бұл жағынан «Maaden» компаниясының директоры Роберт Уилтпен кездесуге ерекше назар аударуға болады. Бұл әлемдегі оныншы ірі тау-кен өндірісімен айналысатын компания. Әлемдік алпауыт компания алтын, фосфаттар, бокситтер, мыс және т.б. қоса алғанда, пайдалы қазбалардың алуан түрлі портфелі үшін құн жасаудың инновациялық, толық интеграцияланған тізбегін дамытумен де айналысады. Қазақстан тарапы бұл компаниямен жұмыс істеуге дайын.  

«Өз кезегінде Министр тау-кен өндіру компаниясын ынтымақтастыққа шақырып, табиғи ресурстардың қорлары мен тау-кен металлургия кешенін дамыту перспективалары туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол тау-кен металлургия кешені Қазақстандағы ең бәсекеге қабілетті кешеннің бірі екенін, металлургия мен тау-кен өнеркәсібінің үлесі ҚР ЖІӨ-нің 14,4%-ын құрайтынын атап өтті. Сонымен қатар, сұхбаттастарға кен орындарын барлау және өндіру бойынша міндеттемелердің орындалмауын анықтау мақсатында Қазақстанда жүргізіліп жатқан кен орындарының аудиті туралы ақпарат берілді. Аудит қорытындысы бойынша бұл кен орындары жаңа инвесторларға беру үшін аукционға шығарылады», - деген ведомство мәлімдемесін есепке алсақ, бұл тараптағы жұмыс барысында Сауд Арабиясының қосар үлесі аз болмайды деп болжауға болады.

Қазіргі әлемдік бір мәселе – азық-түлік қоры. Бұл жағынан алғанда жылдың төрт мезгілі түгел жүретін, қоңыржай климатты Қазақстанның алып территориясы ауыл шаруашылығын дамыту үшін зор мүмкіндік береді. Құмда, сахарада орналасқан Сауд арабиясы тоқымдай жерден таудай өнім алуды мықтап меңгерген ел. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі де, Қазақстанға салатын инвестиция туралы ниеті жоқ емес. Бұл мәселе бойынша вице-премьер-министр Мұхтар Тілеуберді «Ajlan & Bros. Group» холдинг тобының Бас директоры Али әл-Хазмимен кездесті. Бұл келіссөз барысында Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды іске асыру, энергетика және тау-кен металлургия кешені салаларында ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін талқыланды. Айта кету керек, бұл компания аграрлық-өндірістік кешен, энергетика, тау-кен металлургия кешені және туризм салаларында маманданған Таяу Шығыс өңіріндегі ең ірі жеке конгломераттардың басында тұрған компания екенін ескерсек, қазір жүргізіліп жатқан келіссөздер мен алғашқы жұмыстар жақсы нәтижеге жеткізері сөзсіз. Ал, саудиялық бизнесмен өз компаниясының қазақстандық әріптес-серіктестерімен арадағы атқарылып жатқан шаруалардың бәрі келісімге сәйкес құрылған кесте бойынша орындалып жатқанын айтты.

Байланысты жаналықтар

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанаға келді

26.04.2024

Дәурен Абаев қызметінен кетті

25.04.2024

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

25.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024
MalimBlocks
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанаға келді

Іс-шараға Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс ведомстволарының басшылары қатысады.

Дәурен Абаев қызметінен кетті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бас хатшысы Сергей Лебедев Атқару комитетінің ұжымына өзінің жаңа орынбасары – Қазақстан Республикасының өкілі Нұрлан Сейтімовті таныстырды.

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

Заңға қол қойған АҚШ президентінің сөзінше, Украинаға арналған көмек бірнеше сағатта межелі жеріне жөнелтіле бастайды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.