Сенаторлар референдумды, Әшімбаев қымбатшылықты айтып жүр

Алмас НҮСІП

  • 23.05.2022

Өткен аптада Сенат спикері Мәулен Әшімбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіріп, есеп беріп шықты. Әрине, қазір қай шенеунік кірсе де президентке не туралы есеп беретіні айтпаса да түсінікті. Референдум жақындап қалды.

Бұл кездесу туралы:

«Қасым-Жомарт Тоқаевқа Палата депутаттарының Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды талқылау үшін өңірлерге жасаған сапары туралы баяндалды. Қазіргі уақытта 150-ден астам іс-шара өткен, оның көбі негізінен шағын қалаларда, кенттер мен шалғай ауылдарда ұйымдастырылды», - деп жазды Ақорда сайты.

Бірақ, Сенат спикері Тоқаевқа берген есебінде негізінен референдум туралы емес, жалпылама проблемаларды айтып кеткен сияқты. Өйткені, референдум Сенат спикері үшін онша бір тиімді тақырып емес. 150- ден астам іс-шарада Әшімбаевтың депутаттарының алдынан «референдум өткізу дұрыс емес» деген бір адамның шықпауы мүмкін емес қой. Иә, кез келген қоғамдық пікірді жасырып-жауып, өткір тақырыптарды айналып өтуді меңгерген биліктің белді өкілі бұл жолы да бас жаққа барыспай, беріден қайтыпты.

22 сәуір күні Тоқаев өткізген кеңестен кейін көп ұзамай референдумды жаппай қолдап шыққан сенаторлар «Жаңа Қазақстанда қоғамның пікірі – алдыңғы орында. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Бұл қадам, бір жағынан, билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық», - деп, өзара кеңесіп алды да, ел аралауға шығып кетті.

Сенаттың көшпелі отырысы туралы екі апта бойы Қазақстанның әр түкпірінен естілді де тұрды. Олардың не іздеп жүргені түсінікті еді. Қандай да бір науқан кезінде жан бітіп, «еститін мемлекет» туралы жиі айтып кететін депутаттар бұл жолы да «Тоқаевтың көрегенділігі мен ғажайып бастамасы» жайлы сайрап қоя берді (бұрын қосылғыштардың орны басқаша болатын). Және ең басты заң шығраушы орган атынан қараңғы елге Конституцияға енуге тиіс өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын жүргізген депутаттардың бәрі жалпақ жұрттың бұл бастаманы бір ауыздан қолдап отырғанын айтып, жар салып жатты.

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының өзінде реформаны түсіндіріп жүрген сенаторлар; студенттер мен профессор, оқытушыларға дейін кездесіп, жағдайды ұғындырған. Әсіресе «Қазақстан» мен «Хабар» арналарынан өзге қызығы жоқ шалғай ауылдардағы ағайын хабарсыз қалмасын деп, оларға да референдум сөзінің мағынасын түсіндіріп, президенттің бастамасының керемет екенін, осының арқасында жуық арада елімізде керемет демократия орнайтыны, осы уақытқа дейін арасы алшақтап кеткен билік пен халық арасы енді жақындайтыны туралы айтып жүріп, мамырды орталады. Міне, осы науқанның соңында президентке кірген Мәулен Әшімбаев «референдумды елдің жаппай қолдап отырғанын» емес, ел ішіндегі жаттанды проблемаларды айтып кетіпті.

«Сенаторлар сапарының нәтижесінде азаматтарды алаңдатқан мейлінше өзекті мәселелерге талдау жасалды. Атап айтқанда, тауарлар бағасының өсуі, автомобиль жолдарының жағдайы, жұмыспен қамту мәселесі, ауызсумен және газбен қамтамасыз етілуі, медициналық көмектің қолжетімділігі және басқа да проблемалар», - деп жазды Сенаттың өзі Ақордаға сілтема жасап.

Егер, референдум туралы жұрттың көзқарасын білгісі келсе, әлеуметтік желі мен біршама БАҚ-ты шолып шықса жетер еді. Бірақ, Әшімбаевты ол онша қанағаттандырмайды, әрине, сенаторлар да елдің көңіл-күйін білуге құмартып, әрең отыр. Сөйтіп, улап-шулап жүріп, бүкіл елді аралап шыққанда Сенаттың айтқан сөзі – ауызсу, газ, жол, медицина, қымбатшылық... Референдум, Қазақстанды кемел келешекке жеткізуші, Жаңа Қазақстанды құрушы №1-дің авторлығымен басталып, диктовкасымен жүріп жатқан Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін өтпек бүкіл халықтық (!) референдум туралы айтудың орнына тағы да қымбатшылық, тағы да жетіспеушілік...

Бұл референдумды ың-шыңсыз өткізіп алуды көздейтін биліктің қандай шара өткізсе де қатты айғайламауға, жұртты дүрліктіріп алмай, аман-есен судан өтіп алуды мақсат етіп отырғанын көрсетеді. Ал, қымбатшылық... Ол қай кезде де болған, әлі де бола береді. Ол туралы кез келген уақытта айта беруге, оны шешу үшін «бірқатар нақты тапсырмалар» бере беруге болады. Қазір жұрттың бәрі «таңырқап», 30 жыл бойы бір ғана отбасы бүкіл елді қанап келіпті деп жағасын ұстап жүрген Назарбаев дәуірінде де ондай «нақты тапсырмалар» толассыз беріліп жататын.

Фото: Ақорда

Байланысты жаналықтар

Мұсаев: Трамп КСРО агенті

20.02.2025

Тоқаев: Еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс

20.02.2025

Трамп Американың Украинаға берген қаржысының есебін сұрай бастады

20.02.2025

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атады

20.02.2025

Америка шетелдік қылмыстық ұйымдарды қудалауды бастады

20.02.2025

Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге жаңа міндет қойды

20.02.2025
MalimBlocks
Мұсаев: Трамп КСРО агенті

Тоқаев: Еңбек қауіпсіздігі қатаң бақылауда болуы тиіс

Трамп Американың Украинаға берген қаржысының есебін сұрай бастады

Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атады

Америка шетелдік қылмыстық ұйымдарды қудалауды бастады

Олжас Бектенов әкімдер мен министрлерге жаңа міндет қойды