ТМҰ бейресми саммиті: Геосаяси тұрақсыздық жағдайында ынтымақтастық қай бағытта дамиды?

Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына тоқталды

Олжас Қасым

  • 22.05.2025

Күні кеше Мажарстан астанасы Будапеште Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Ауқымды жиынға Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев бірге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты. «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» атауымен ұйымдастырылған саммитте сөз алған Қазақстан Президенті Тоқаев алқалы басқосудың Еуропа төрінде өтуінің айрықша мәніне тоқталып, бұл шын мәнінде, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі деп бағалады. Саммитте ортаға салынған ортақ ойлар мен маңызды міндет-мақсаттар елдердің болашағына қалай әсер етеді? Әлемдегі геосаяси жағдай күрделенген тұста мемлекеттер қолға алатын кешенді шаралар қалай болмақ?  Malim.kz тілшісі саяси cарапшы  Ғазиз Әбішевпен  пікірлесе отырып, кең көлемді жиын барысын, алдағы жоспарларын сараптап көрді.    


Қасым Жомарт Тоқаевтың саммитте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер өзара қол жеткізген келісімдерді сақтауы қажеттігін баса айтты. 

Тағы бір аса маңызды мәселе, бұл – біздің Ұйымның шеңберінде қабылданған құжаттардағы ережелерді қатаң сақтау. Процедура мәселесі болсын, саяси және экономика сұрақтары болсын – келісімдердің ережелерінің барлығын құрметтеу, сақтау қажет, міндетті түрде іске асыру керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы соңғы кездегі тарифке қатысты оқиғалар жаһандық сауда саясатындағы өте үлкен өзгерістерге себеп болғанына тоқталды. Президент мұндай дағдарыстар түрлі сын-қатер тудырумен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын алға тартып, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша тізе қосып әрекет етуді ұсынды.

Қазақстан басшысы сонымен қатар, Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет деп атады.

                              Саясаттанушы Ғазиз Әбішев

Саяси сарапшы Ғазиз Әбішевтің пайымдауынша,  Орта дәлізді дәл қазіргі кезеңде дамыту аса маңызды.

«Болашақта Оңтүстік Қытай теңізі, Шанхай, Гонконг, Оңтүстік Корея, Сингапур, Вьетнам, Малайзия, Индонезия және Үндістан сияқты елдер әлемдік экономика мен саясаттың орталығына айналуы мүмкін. Бұл - мемлекеттерді Еуропамен құрлықтық байланыстар арқылы қосу, сондай-ақ еліміздің логистикалық қауіпсіздігін арттыру үшін өте маңызды. Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы, әрине, прагматикалық көзқарастарға негізделген, бірақ осы процестер этномәдени байланыстар мен ортақ болмысқа сәйкес үйлесіп келеді. Бұл ұлттар арасындағы мәдени және нәсілдік кедергілерді азайтады, сондықтан осы елдердің бір-бірін халықаралық аренада қолдауының мәні терең»,-дейді саясаттанушы.

Бұл ретте Президент еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Осы орайда  Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, соның ішінде «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамытуға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайта түспек.

                   Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ бейресми саммитінде 

Президент мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүргенін атап өтіп, мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап ететінін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Биыл еліміз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады. Соның нәтижесінде аймақтағы цифрлық байланыс айтарлықтай дамиды.

Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын, – деді Президент.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңызына тоқталды.

Мемлекет басшысының пікірінше, әлемде жиілеген табиғат апаттарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру мәселесі аса өзекті. Мәселен, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізуде. Президент түркі елдерін осыған қатысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ жобалар әзірлеуге үндеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, маңызды мәжіліс алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай. Қазіргі қым-қуыт геосаяси жағдайда Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың мәні тіпті артты. Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев түркі жұртының татулығы мен өзара байланысын нығайтуды көздейді. Сондай-ақ көпвекторлы саясатқа баса назар аударады.  

Қазақстан «Тұран», Еуразия, Қытаймен «Жібек жолы» жобасына, сондай-ақ англосаксон әлемімен, Еуроодақпен және Теңіз елдерімен түрлі бағытта байланыс  орнатқан. Бұл да көпвекторлы саясаттың бір бөлігі. Әр мемлекеттің экономикалық мүдделері мен сыртқы міндеттемелерін ескере отырып, әртүрлі жобаларды жүзеге асыруы табиғи жағдай. Осы себепті, ТМҰ аясында жасалған келісімдер де, басқа мәселелер де, әр мемлекеттің ұлттық мүддесіне сай әртүрлі шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Президент Тоқаевтың пікірінен түйгеніміз – біз тек өзге міндеттемелерімізге қайшы келмейтін келісімдерді жүзеге асыруымыз керек, ал егер олар сәйкес келсе, ұлттық мүдделерімізді ескеріп, қол қойылған келісімдерді орындауымыз қажет деп есептейді. Бұл экономикалық, құрылыс немесе логистикалық жобалар болуы мүмкін, мысалы, Қазақстаннан Түркияға немесе Түркияға дейінгі жолда бюрократиялық кедергілерді жою». Бұл мәселе үлкен дауға ұласатын жағдай емес, бірақ ұсақ қайшылықтардың жиынтығы кейде елдер арасында кедергілер туғызуы мүмкін. Жалпы алғанда, ТМҰ – мемлекеттердің өзара тиімді экономикалық ынтымақтастығын қамтамасыз ететін табиғи құрылым. Оны кейбіреулер саясиландырып, саяси мәселеге айналдыруға тырысса да, мемлекеттердің шынайы мүдделері әрқашан сәйкес келе бермейді. Сондықтан ТМҰ өз табиғаты бойынша дамып жатыр және ол мемлекеттердің мүдделерін қорғау үшін тиімді құрал саналады.

Саммитте Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының тұтастығын бекемдей түсу мақсатында Қазақстан қабылдаған кешенді шараларға да тоқталды.

Атап айтсақ, Түркі мемлекеттері ұйымының жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін тағайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отырмыз. Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекеттер басшылары саммит қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарды қабылдады. Атап айтқанда, Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешт декларациясы, Ауғанстан жөніндегі мемлекеттер басшылары кеңесінің мәлімдемесі, Өзбекстан Республикасының Түркі мәдениеті және мұрасы қорына қосылуы туралы шешім, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысының өкілеттілік мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.  

Фото: akorda.kz  

Байланысты жаналықтар

Путиннің кеңесшісі: «КСРО ресми тараған жоқ»...

22.05.2025

Тоқаев Мажарстанға барды

21.05.2025

Сот жүйесіндегі реформалар заң мен тәртіпті нығайтады  

20.05.2025

Сарапшы: мектептер ерекше балаларды қабылдауға дайын емес

19.05.2025

Қазақстан ана өлімін айтарлықтай тез төмендеткен он елдің қатарына кірді

19.05.2025

Орталық Азия: Геосаяси жағдайдағы Қазақстанның рөлі

19.05.2025
MalimBlocks
Путиннің кеңесшісі: «КСРО ресми тараған жоқ»...

Тоқаев Мажарстанға барды

Тоқаев Мажарстанға барды

Сот жүйесіндегі реформалар заң мен тәртіпті нығайтады  

Тоқаев билігінің алғашқы кезеңінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуге бағытталған арнайы ұлттық стратегиялық жоспарды қабылдады

Сарапшы: мектептер ерекше балаларды қабылдауға дайын емес

Қазақстан ана өлімін айтарлықтай тез төмендеткен он елдің қатарына кірді

Орталық Азия: Геосаяси жағдайдағы Қазақстанның рөлі

Шетелдік капитал иелері алдымен Қазақстанның соңғы жылдардағы сыртқы іскерлік байланыстарына назар аударады