ТМҰ экономикадан руханиятқа дейінгі барлық саланы қамтиды

Алмас НҮСІП

  • 15.04.2022

 

ТМҰ инвестициялық қоры қай мемлекетте орналасады?

Қазақ-түрік журналистерінің тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған кең көлемдегі шараға қатысу үшін Түркияға барғанымызда біз алдымен Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Бағдад Әміреевпен кездестік. Бізге арнайы сұхбат берген бас хатшыға ұйым жұмысына қатысты бірнеше сұрақ қойылды.

Бұрын кеңес деп аталған, бірнеше түркі тілдес мемлекеттің басын қосатын бұл одақтың ұйым атала бастағанына көп болған жоқ. Сол себепті де, бұл ұйымның стратегиялық жоспары жайлы көп сөз болды. 2021 жылы 12 қарашада Ыстанбұл қаласында қабылданған 121 пункттен тұратын декларацияның көтерер жүгі, атқарар шаруасы аз емес екені түсінікті. Кездесудегі негізгі сөз де осы төңіректе болды.

Қазір Түркі ұйымына 5 мемлекет – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елдері толыққанды мүше, 2 мемлекет – Түркіменстан мен Мажарстан бақылаушы ретінде қосылған. Бас хатшының айтуынша екі мемлекеттің де ұйымға мүше болуға мүмкіндігі бар. Бұдан бөлек, Ресей бастаған 15 мемлекет бақылаушы-мүше болуға ниет білдірген. Бағдад Әміреев өтініш беріп жатқан елдердің бәрін ұйымға мүше ретінде қабылдай беру мүмкін емес дейді. Оның себептері аз емес. Биыл күзде Түркі мемлекеттерінің кезекті саммиті өтеді. Сол саммитте осы және өзге де мәселелер қаралады.

Саммитте қаралатын ең негізгі мәселенің бірі – ұйымның инвестициялық қоры болмақ. Қай мемлекет қанша қаржы шығарады, қай бағытта инвестиция салады, т.б. экономикалық сұрақтар нақты белгіленетін болады.  Қазір бұл қордың моделі талқыланып жатыр. Тікелей инвестициялық қор бола ма, халықаралық деңгейдегі даму институты моделін таңдай ма, ол алдағы уақытта белгілі болмақ. Бұл тарапта әр елдің жауапты ведомстволары өзара ақылдаса келіп, бір ортақ шешімге келеді. Бұл қорды басқару жүйесі де енді анықталады: ұйымға мүше елдер бірігіп басқара ма, әлде кәсіби басқарушы орган құрыла ма, ол да күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі.

Бас хатшы берген мәліметке қарағанда, қазір жарғылық капиталдың көлемі 500 млн доллар. Оның сыртында тағы 500 млн долларлық инвестициялық портфель қарастырылған. Бірақ, бұл әр мемлекет осы 1 млрд доллармен шектеледі дегенді білдірмейді, одан басқа да қаржы тартуға мүмкіндіктер қарастырылған. Қаржы бойынша кеңесші ретінде таңдалған әлемдік Ernst & Young аудиторлық-консалтингтік компаниясы күздегі саммитте қордың құрылымы туралы қорытындысын ұсынады, мемлекеттер ақылдаса отырып, бір тоқтамға келеді.

Ұйым құрылғалы бері талқыланып келе жатқан мәселе – аталмыш қордың штаб-пәтері қай мемлекетте, қай қалада болады. Бұл жерде, әрине, әр мемлекет өз қалаларын ұсынатыны түсінікті. Әзірге басты кандидат ретінде үш қала – Бішкек, Ыстамбұл және Нұр-Сұлтан аталып жүр. Орталық кеңсе Ыстамбұлда (ТҮРКІСОЙ Анкарада, ТҮРКПА Бакуде, Түркі халықаралық академиясы Нұр-Сұлтанда) екенін ескерсек, Бішкектің мүмкіндігі зор деуге болады. Қырғыз тарапы экономикалық қолдау ретінде өз қалаларында ашылса деген уәж айтып жүр. Түріктер де Ыстамбұлдың әлемдік астана екенін алға тартады. Астана халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдаланудың мүмкіндігін ескере отырып, Қазақстанда ашуға да болады. Қысқасы, бұл да күздегі саммитте шешілетін үлкен жаңалықтың бірі болғалы тұр.

 

Транскаспий – Шығыс пен Батысты қосатын маңызды дәліз

Былтыр қабылданған «Түркі әлемінің көзқарасы-2040»стратегиялық құжатында белгіленген міндет-мақсаттарды іске асырудың нақты жоспары белгіленген. Бауырлас елдер арасындағы барыс-келіс пен алыс-берісті оңтайландыру үшін Трнаскаспий бағытын қайта жандандырудың маңызы зор.

«Транскаспий халықаралық бағыты бұған дейін әсіресе Коронавирус пандемиясы кезінде тиімділігін әбден дәлелдеді. Қытай – Қазақстан – Каспий теңізі аймағы – Әзірбайжан – Грузия арқылы Түркияға, одан әрі Еуропа елдерін жалғайтын бұл бағыт іске қосылады дегенде әлем елдері елеңдесіп қалды. Бұл Шығыс пен Батысты байланыстыратын өте маңызды дәліз. Осы мақсатта мемлекет басшылары кедендік және транспорттық мәселені жеңілдетуді, цифрлық жүйені енгізуді ұсынды. Транспорттық және транзиттік мәселе бойынша сұрақтар Стамбұл саммитінде қабылданған «Түркі әлемі-2040» стратегиялық құжатында көрсетілген», - дейді Бағдад Әміреев.

Бас хатшының айтуынша, пандемия кезінде жүк тасымалдау бойынша кездескен қиындықтарды аталған бағыттың арқасында мүмкіндігінше тез арада шешуге мүмкіндік туған. Медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер және азық-түлік тауарларын тасымалдау кезінде кеденнің жеңілдетілген тәртібі жұмысты көп жеңілдеткен.

Бұрынғы кеңестің ұйым аталуы тек қана оның атауының өзгеруін білдірмейді, ендігі атқарылар шаруалар мен ынтымақтастық деңгейі бұрынғыдан әлдеқайда күшейеді. Мәселен, бұған дейінгі негізгі қарым-қатынас мәдениет, тарих және өнер саласында тереңірек жүрсе, енді экономика, білім-ғылым, денсаулық сақтау, саясат және басқа да маңызды салалар толық қамтылатын болады. Бұл қатарда алдағы уақытта әскери әріптестік мәселесі де қосылуы мүмкін. Бұл саланы тараптар екіжақты келісім арқылы шешеді.

Ұйым қандай сала бойынша байланыс жасаса да, ең алдымен заманауи технологияларды пайдалана отырып жұмысты жеңілдетуді басты мақсаттарының бірі етіп отыр. Қазіргі уақытта пилоттық жоба ретінде бірнеше бағыт бойынша іске қосылып жатқан цифрландыру мәселесі алдағы уақытта барлық саланы қамтуға тиіс.

«Былтыр халықаралық Автотасымалдаушылар одағымен бірлесе отырып, Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Цифрлық ТИР» пилоттық жобасын іске қостық. Биыл наурызда осы жобаны кеңейтіп, Қырғызстанды қостық. Бұдан бөлек, ұйым әлемде алғашқы болып ePermit жобасының тестілік режимін Өзбекстан мен Түркия арасында іске асырды. Келесі этапта бұл жобаға Қазақстанды қосу туралы келісім бар. Қазір eCMR жобасын БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен бірлесіп енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді бас хатшы.

 

Рухани туыстықты да нарыққа бейімдеу керек

Түркі мемлекеттерінің арасында салт-дәстүр, тіл, менталитет, мәдениет саласындағы ұқсастықтар аз емес. Соған қарамастан, бұл елдер арасында әдеби-мәдени байланыс керемет дамыған деуге келмейді. Әрине, Түркі академиясы бар, ТҮРКІСОЙ бар, біраз жұмыс атқарылып та жатыр. Десе де, кез келген байланыс нарықтық деңгейге жетпейінше, оны дамыған қарым-қатынасқа жатқызуға болмайды. Осы тұрғыда, әр елдің әдеби (басқа салалар бойынша әдебиеттерді ді) шығармаларын аударып, Түркі мемлекеттері аумағында саудаға түсуіне мүмкіндік берілуге тиіс. Бұл туралы айтқанда, кітап нарығы бізге қарағанда біршама дамыған Түркиядан біраз тәжірибе алуға болады. Постсоветтік елдердегі әдеби процестің жағдайы айтпаса да түсінікті, кітап саудасы, әдеби агенттік жұмысы деген бағыттар негізінен сөз жүзінен аса алмай жүр. Бұған қатысты ТҮРКІСОЙ мен Түркі академиясы аударма еңбектер ұсынып жүр, ал, оны нарыққа енгізу, кеңінен таратылуын қамтамасыз ету – әр елдің өз мүддесіне сай жасалатын шаруа. Бір анығы ұйым аясында әдеби-мәдени байланыс әлі де тереңдей түседі. Бас хатшы бұл мәселені арнайы идея ретінде қарастыруға болатынын айтады.

Ресей-Украина соғысы салдарынан Ресейде жүрген Өзбекстан, Қырғызстан еңбек мигранттары елдеріне қайтып жатыр. Бұл алдағы уақытта Түркі мемлекеттері ұйымы аумағында жұмыспен қамту бойынша, еңбек күшін алмасу бойынша мәселелердің де күн тәртібіне қойылуы мүмкін екенін көрсетпей ме? Бұл сұраққа Бағдад Әміреев:

«Жұмыспен қамту мәселесі әр ел үкіметінің жеке шаруасы. Оған сырттан ешкім араласа алмайды. Әрине, арнайы көмек сұраса, ұйым кез келген мәселе бойынша қол ұшын созуға дайын. Бұл өте маңызды мәселе, себебі, қаншама отбасы солай өмір сүріп жатыр. Ресейден кері серпілген еңбек мигранттарын ұйымға мүше елдер өз территориясында қабылдаймыз, жұмыс ұсынамыз десе, әрине, өз еркі», - деп жауап берді.

Ұйымның негізгі мақсаты – экономикалық байланыс орнату болғандықтан, ұйым аясында ортақ жобалар жасалса, біраз жұмыс орындары ашылатыны түсінікті. Оның үстіне, ұйым аумағында жүріп-тұру жеңілдесе, өзге елден нәпақа іздеушілерге де жеңілірек болатыны анық. Демек, ұйымға мүше мемлекеттер арасында жұмыс күшін алмасу мәселесі де ұйым жұмысымен бірге жандана береді деп болжауға болады.  

Стамбул-Бурса-Алматы

Байланысты жаналықтар

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанаға келді

26.04.2024

Дәурен Абаев қызметінен кетті

25.04.2024

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

25.04.2024

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024
MalimBlocks
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері Астанаға келді

Іс-шараға Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс ведомстволарының басшылары қатысады.

Дәурен Абаев қызметінен кетті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бас хатшысы Сергей Лебедев Атқару комитетінің ұжымына өзінің жаңа орынбасары – Қазақстан Республикасының өкілі Нұрлан Сейтімовті таныстырды.

Байден Украинаға 61 миллиард долларлық көмек беретін заңға қол қойды

Заңға қол қойған АҚШ президентінің сөзінше, Украинаға арналған көмек бірнеше сағатта межелі жеріне жөнелтіле бастайды. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады. 

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.