Тоқаев БҰҰ-ны жаңғыртуды және Қазақстанның жаһандық рөлін күшейтуді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 80 жылдығына орай америкалық The Hill басылымында жарияланған мақаласында халықаралық басқару жүйесін терең реформалау қажеттігін алға тартты, деп хабарлайды Malim.kz.
Тоқаев әлемдегі ең танымал көпжақты ұйымның жетістіктері мен оның қазіргі күнге дейінгі маңыздылығына тоқталды.
Мемлекет басшысы БҰҰ 1945 жылы құрылған сәттен бастап 70-тен астам бітімгерлік миссия жүргізіп, қақтығыс аймақтарын тұрақтандыруға, бейбіт тұрғындарды қорғауға және соғыс, аштық пен табиғи апаттардан зардап шеккен миллиондаған адамға гуманитарлық көмек көрсетуге үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар ұйым жаһандық экологиялық бастамаларды қолға алып, әлемнің цифрлық дәуірге бейбіт өтпелі кезеңін қамтамасыз етті және бүгінде 193 мүше мемлекетті біріктіретін басты халықаралық дипломатиялық алаң болып отыр.
Алайда Президент Тоқаев аталған мерейтой күрделі кезеңге сәйкес келгенін айтты. Оның айтуынша, ұйым шектеулі өкілеттіктері мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жиі туындайтын тығырықтар (вето құқығына байланысты) үшін сынға ұшырап жүр. Бұдан бөлек, жаһандық басқарудағы әділетсіздік мәселесі де өзекті: әсіресе Азия, Африка және Латын Америкасындағы дамушы және орта мемлекеттер халықаралық шешім қабылдау процесіне жеткілікті түрде қатыса алмай келеді.
«Кейбіреулер БҰҰ-ны ескірген құрылым деп санап, оны көпполярлы әлемде айналып өту қажет деп санайды. Бірақ бұл – үлкен қателік болар еді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның болашағы – әділетті әрі икемді көпжақты ынтымақтастықта деп санайды. Оның айтуынша, аймақтық көшбасшыларға кеңірек өкілеттік беру халықаралық қатынастардың тиімділігін арттыруға жол ашады.
Фото: Ақорда

Ең көп оқылған
